Қазақстан мен Түркия сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда, деп хабарлайды DKNews.kz.
Түркияның Тәуелсіз өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер қауымдастығының (MUSIAD) Бас төрағасы Бурхан Оздемирмен кездесу өткізілді.
Кездесу барысында тараптар 2026 жылға арналған бірлескен жоспарларды, соның ішінде екі елдің іскер топтарының ынтымақтастығын дамытуға жаңа алаң болатын Қазақстан–Түркия сауда-экономикалық форумын өткізу мәселесін талқылады. Әсіресе өзара инвестицияларды ұлғайту және тауар айналымын арттыру мәселелеріне баса назар аударылды.

Ыстанбұлдағы Бас консул Нұриддин Аманқұл Түркияның Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, екіжақты ынтымақтастық әлеуетін одан әрі арттырудың маңыздылығын жеткізді. Оның айтуынша, алдағы форум екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға серпін бермек.
Өз кезегінде Б. Оздемир бұл бастаманы қолдап, Қазақстанмен әріптестікті дамыту әлеуеті жоғары екенін атап өтті және MUSIAD тарапынан өзара іс-қимылды кеңейтуге дайын екенін білдірді. Сондай-ақ ол 2026 жылы Қауымдастық қызметі түркі дүниесі елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталатынын мәлімдеді.
MUSIAD қауымдастығы 14 000-нан астам мүшені және шамамен 60 000 компанияны біріктіреді. Қауымдастық Түркия экономикасының шамамен 30%-ын қамтамасыз етіп, 2 миллионға жуық адамды жұмыспен қамтиды. Ұйым Түркияның 83 провинциясында және әлемнің 80 еліндегі 200-ден астам шетелдік өкілдіктерде қызмет атқарады.