Қазақстан мен ҚХР СҰАА көлік дәліздері мен логистиканы дамыту мәселелерін талқылады

979
Фотосурет: Gov

Қазақстан мен ҚХР ШҰАА шекара маңы ынтымақтастығын кеңейтуге ниетті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі Шахрат Нұрышев Үрімші қаласына (ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы) жасаған сапары аясында ҚХР ШҰАА Парткомының Хатшысы Чэнь Сяоцзянмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуы, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көліктік және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері қарастырылды.

Елші көлік, өнеркәсіптік кооперация, инвестиция және сауда салаларындағы бірлескен жобалардың әлеуетіне ерекше назар аударды. Қазақ тарапы шекаралық инфрақұрылымның өткізу қабілетін арттыру, трансшекаралық логистикалық хабтарды дамыту, сондай-ақ қазақстандық өңделген өнімнің Қытай нарығына экспорт көлемін ұлғайтуға мүдделі екенін атап өтті.

Сондай-ақ гуманитарлық өзара іс-қимылды кеңейту, өңіраралық байланыстарды нығайту, білім саласындағы алмасу бағдарламаларын көбейту және Қазақстан мен ҚХР ШҰАА арасындағы туристік байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.

Чэнь Сяоцзян ҚХР ШҰАА Орталық Азияға ашылған Қытайдың стратегиялық көлік хабы әрі қақпасы ретінде Қазақстанмен ынтымақтастықты ілгерілетуде бұдан әрі де жетекші рөл атқаруға ниетті екенін атап өтті. Қытай тарапы көлік, экономика, инвестиция, туризм, білім беру салаларындағы және қазақстандық өнімдерді Қытай нарығына жеткізуді кеңейтуге бағытталған бірлескен бастамаларды қолдауға дайын екендігін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша Елші ШҰАА Парткомының Хатшысы Чэнь Сяоцзянды Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -