Қазақстан мен Сычуань кәсіпорындары арасындағы практикалық байланыстар мен ынтымақтастықты тереңдету мақсатында Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Сычуань өңірінде бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сапар барысында Дэян қаласының Арнай экономикалық аймағында орналасқан өндіріс зауыттардың жұмысымен танысты. Өндіріс басшылықтарымен кездесуінде Қазақстан Үкіметінің шетелдік инвестициялық жобаларға берілетін қолдаулармен таныстырып, құрылыс материалдарының болашақта Қазақстан аумағында өндірілуі арқылы кең сатылымға шығуға мүмкін алатынын егжей-тегжейлі таныстырды.

Бас консул Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы, көлік және инвестициялық ынтымақтастығының негізгі бағыттары, сондай-ақ ҚР Үкіметі тарапынан шетелдік инвесторларды және отандық өнім өндірушілерге берілетін заңнамалық кепілдіктері туралы ақпаратпен бөлісті. ҚР Сыртқы істер министрлігі тарапынан инвесторларға көрсетілетін қолдаулары жайында кеңінен баяндап берді.
Дэян қаласындағы Сычуань провинциясының заманауи құрылыс материалдары мен жаңа құрылыс технологиясын зерттеу институтының оқу-материалдық базасымен танысты. Жоғары оқу орнының басшылығымен қазақстандық құрылыс-архитектура және кәсіптік-техникалық жоғары оқу орындарымен серіктестік орнату, оқушылар алмасу мүмкіндігі туралы пікір алмасты.
Жоғары оқу орнының Партия комитетінің хатшысы Ву Чэнлинь құрылыс саласында мамандар даярлау мен зерттеумен айналысушы қазақстандық Жоғары оқу орындарымен өзара бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделігін білдірді. Тараптар студенттер мен оқытушылар алмасу, мамандықтарды бірлесіп құру, инженерлік-техникалық даярлық, ғылыми зерттеулер және кәсіби оқыту салаларында ықпалдастықты кеңейтуге уағдаласты.
Сапар бағдарламасы шеңберінде, «Қытай–Еуропа сауда орталығында» Қазақстан мен Сычуань арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа арналған ауқымды конференция өтті. Іс-шараға қатынасқан компаниялар мен Сычуань провинциясының сауда-экономикалық басқармасы өкілдеріне Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауында көрсетілген мемлекет экономикасын әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу, әлеуметтік салаларды дамыту, жеке және орта бизнеске қолдау көрсету туралы басым міндеттері кеңінен таныстырылды.

Сычуань провинциясының іскерлік тобы мен Қазақстан кәсіпкерлері арасында дәнекерлік қызметін атқарып отырған «Бір белдеу, бір жол жобалары» қауымдастықтың сауда-экономикалық қатынастарының дамуына қосып келе жатқан белсенді үлесіне жоғары баға бере отырып, алдағы уақытта өзара тиімді инвестициялық жобалардың ашық талқыға түсіп, оң шешімін табуына ортақ күш салуға шақырды.
Сонымен қатар, Бас консул Қазақстанның өңірлерінде жыл соңына дейін болатын халықаралық инвестициялық және туристік форумдар туралы ақпарат беріп, өңірлердің инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Сычуань кәсіпорындарын Қазақстан нарығында белсенді жұмыс істеуге шақырды.
Өз кезегінде, Қауымдастық төрағасының орынбасары және Қазақстандағы бас өкілі Чэнь Пин мырза Сычуань мен Қазақстанның өнеркәсіптік құрылымы өзара тиімді толықтырылатынына сенім білдіріп, сапар барысында талқыланған кәсіби білім беру, жаңа материалдар және құрылыс салаларындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктеріне жоғары баға берді.

Жиынға қатысқан компаниялар өзінің мүмкіндіктері мен өндірісі жайында презентациялар жасады. Заманауи құрылыс материалдарын шығарушы кәсіпкерлер жаңа бой көтеріп жатқан Алатау қаласының құрылысына қатысу мүмкіндігі жайында бірқатар сұрақтарын дайындап, сапармен барып қайтуға ниет білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар талқыланған бағыттар бойынша өзара тиімді ықпалдастықты нығайту мақсатында қараша-желтоқсан айларында кәсіпкерлердің Қазақстанға сапарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді.