Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Бразилия арасындағы саяси консультациялардың жетінші раунды өтті. Оған ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев пен Бразилия Сыртқы істер министрінің орынбасары Сюзан Клибанк төрағалық етті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесу тараптардың ҚР мен БФР арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты барлық бағыттар бойынша динамикалық дамытуға дайын екенін растады.

Е.Ашықбаев екіжақты саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Бразилия агроөнеркәсіптік кешен, өнімді қайта өңдеу, транспорт-логистикалық инфрақұрылым, энергетика, ауыл шаруашылығы, азаматтық авиация және цифрландыру салаларын бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін перспективалық бағыттар ретінде қарастырады. Ерекше қызығушылық өндірісті локализациялау мен жоғары технологиялық салаларға инвестиция тарту тудырады, бұл өз кезегінде екіжақты серіктестікті нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады.
С.Клибанк Қазақстан тарапына БРИКС және COP-30 саммиттеріне жоғары деңгейде қатысқаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ Қазақстан Орталық Азиядан Бразилияда елшілігі бар жалғыз мемлекет екенін атап өтті, бұл, олардың пікірінше, Қазақстанның ұзақ мерзімді серіктестікке деген үлкен қызығушылығын көрсетеді. Сонымен қатар Астанадағы Бразилия елшілігі – бүкіл Орталық Азия өңіріндегі елдің жалғыз дипломатиялық өкілдігі, бұл Бразилияның Қазақстанға ерекше назар аударып, оны өңірдегі негізгі серіктес және тірек ретінде қарастыратынын айқындауда.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары білім саласы әлі толық ашылмаған бағыт екенін айтып, академиялық алмасулар мен португал тілін үйрету мүмкіндіктеріне назар аударды.
Сонымен қатар өңірдегі негізгі тенденциялар – өзара байланыстылықты нығайту, транспорт-логистикалық маршруттарды дамыту және тұрақты дамуға басымдық беру керектігін жеткізді.

Бразилия тарапы Қазақстанның көпжақты бастамаларын жоғары бағалап, соның ішінде жаһандық энергетикалық және ядролық қауіпсіздікті нығайтуға, «жасыл» экономиканы дамытуға, су-климаттық күн тәртібін алға жылжытуға және БҰҰ мен басқа халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктер аясындағы Қазақстанның белсенді рөліне ұмтылысын атап өтті. Бразилия мен Қазақстан көпжақтылыққа, дипломатияға және халықаралық ынтымақтастықтың тең құқылы принципіне ортақ ұстанымға ие екені аталып өтті.
Тараптар гуманитарлық және білім саласындағы байланыстарды кеңейту перспективаларын, соның ішінде университеттер арасындағы ынтымақтастық пен бірлескен зерттеу жобаларын қарастырды. Сондай-ақ туристік алмасуды арттыру мәселесі талқыланды.
Консультацияларды қорытындылай келе, тараптар келіссөздердің нәтижелеріне қанағаттанушылық білдіріп, әртүрлі деңгейлерде тұрақты байланыстарды жалғастыруға дайын екенін растады.