Димаш Құдайберген Ригада – көрермендер көзімен

1155
Ольга Териков Журналист
Фотосурет: Ainura Adylbekova, DK Media Europe

2025 жылғы желтоқсанда Латвия астанасы Рига қаласында Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің үшінші әлемдік гастрольдік сапарының қорытынды концерті өтті. «Stranger» атты концерттер топтамасының соңғы кешін әнші БҰҰ жанындағы Халықаралық көші-қон ұйымының Жаһандық ізгі ниет елшісі ретіндегі жаңа қоғамдық мәртебесінде өткізді. Оқырмандарды сол кештегі әсерге бірге үңіліп, Xiaomi Arena концерт залында болған көрермендердің пікірлерін тыңдауға шақырамыз.

Димаштың тылсым «Stranger» атауымен өткен гастрольдік сапарының соңғы концерті 2025 жылдың желтоқсан айының басында қытымыр аязды Ригада ұйымдастырылды. Латвия астанасына 2022 жылдың қыркүйегінде Димаштың туған жері – Қазақстанның мәдени астанасы Алматы қаласында басталған үш жылдық әлемдік турнені түйіндеу мәртебесі бұйырды. Әлемнің талай қаласы мен елін аралаған ерекше дауыс иесінің шоуы түрлі құрлықтар мен әйгілі сахналардағы аншлаг концерттері арқылы Қазақстанның мәдени мұрасының тарихына өзіндік ізін қалдырды. «Stranger» турнесінің географиясы кең: Армения, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Сянган, Мысыр, Испания, Малайзия, Мексика, АҚШ, Түркия және Чехия елдерінде, сондай-ақ Алматы, Анталия, Астана, Барселона, Берлин, Будапешт, Сянган, Дюссельдорф, Ереван, Каир, Куала-Лумпур, Лондон, Мехико, Нью-Йорк, Прага және Ыстамбұл қалаларында жарқын концерттер өтті. Кейбір қалаларда әнші екі мәрте өнер көрсетті. Ал шетелдегі ең көп концерт өткізілген ел ретінде Германия екі рет Дюссельдорфта және бір рет Берлинде өткен кештерімен ерекшеленеді.

DK Media Europe редакциясы Ригада жүріп, Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы бұрынғы елшісі, бүгінде Қазақстан Республикасының Латвиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарып отырған Даурен Кәріповпен жүздесуге мүмкіндік алды. Ол дарынды отандасының концертін тамашалап қана қоймай, бізге сұхбат беріп, өз ойымен бөлісті. Елшімен болған сұхбатты жеке шығарылымнан оқи аласыздар.

«Махаббат бер маған» – Dears қауымдастығының бейресми әнұраны

Шектен тыс мұңға берілмей, бұл турненің аяқталуы әншінің ширек ғасырлық шығармашылық жолын қорытындылаудың бір белесі болғанын атап өткен жөн. Арена төбесінде қалықтаған мұңлы көңіл күй көрермендерге өткенмен қоштасып, жаңа кезеңді қарсы алатын сәттің келгенін сездірді.

© Ainura Adylbekova, DK Media Europe

Концерт басталар алдында фойеде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жанкүйерлер қауымдастықтарының түрлі атрибутикалары көзге түсті. Бұл жолы ең үлкен топтардың бірі Польша жанкүйерлер клубы болды – оларды ашық көгілдір жейделерінен бірден тануға болатын еді. Клуб жетекшісі Тереза бізге қауымдастық құрылған уақыттан бері жүзге жуық тұрақты мүшеден тұратын берік ұжым қалыптасқанын айтты. Олар Димаштың концерттеріне үзбей қатысып, «Радио Димаша» және «DiVoices» хоры секілді жобаларға белсенді араласады. Соңғысы концерттердегі үйлесімді хормен орындауымен ерекшеленеді. Терезаның айтуынша, бұл – қазақ тілі мұғалімімен онлайн түрде жүргізілетін жүйелі дайындықтың нәтижесі. Dears мүшелері Димаштың репертуарындағы қазақ тіліндегі ән мәтіндерін дұрыс айтуға арнайы машықтанады.

© Ainura Adylbekova, DK Media Europe

Поляк хоршыларының бірі – зор дауысты Артур – «Махаббат бер маған» лирикалық балладасы орындалған сәтте Димаштың назарын аударды. Бұл шығарма әр концерттің шырайын кіргізетін туындыға айналған. Зал телефон шамдарының жарқылына бөленіп, Dears қауымының жүрекжарды хормен айтуына ұласты. Сол сәтте Димаш Артурды сахнаға шақырып, сүйікті әннің жолдарын бірге орындауды ұсынды. Артур – Dears ортасында танымал жан. Бұған дейін Прагада өткен концертте де Димаш онымен әзіл-қалжың аралас диалог құрған еді. Бұл жолы Артурдың есімі көпшіліктің жадында анық сақталды. Ол өз партиясын сәтті орындап, залдың және Димаштың зор қошеметіне бөленді. Қазақстанның Латвиядағы Елшісі де өз бағасын берді:

«Бұл өте толқытатын сәт болды. Зал түгелдей Димашпен бірге қазақ тілінде ән шырқағанда, тілдің шекарасы жоқ екені анық сезілді. Адамдар сөзді мінсіз білгендіктен емес, музыканы жүрегімен сезінгендіктен айтты. Артурдың сахнадағы өнері – бөлек әңгіме. Оның әсер үшін емес, шын жүректен айтқаны байқалды. Поляк жанкүйерінің “Махаббат бер маған” әнін соншалық құрметпен әрі шынайы орындауы Димаш музыкасының түрлі елдің адамдарын біріктіретінін көрсетті.»

© Ainura Adylbekova, DK Media Europe

Терезаның көмегімен Артурдың өзіне де бірнеше сұрақ қою мүмкіндігі туды.

– Димаш сізді сахнаға шақырған сәтте не сезіндіңіз?

– Мұны қарапайым сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір жағынан, Димаштың мені сахнадан байқап, екінші рет естігеніне қуанып, мақтаныш сезімі кернеді. Екінші жағынан, қатты толқып, қобалжыдым.

– Димаштың қанша әнін жатқа білесіз?

– Қазақ тіліндегі үш әнді және украин тіліндегі бір әнді толық білемін. Тағы бірнеше әннің қайырмаларын жатқа айта аламын.

– Сіздің ән айту шеберлігіңізді Димаш концерттерінен тыс жерде қайдан көруге болады?

– Менің әншілік жолым Польша жанкүйерлер клубы жанындағы «DiVoices» хорынан басталды. Кейін Тарнув қаласындағы Сольский театры жанындағы «Сольский» хорында да ән айта бастадым.

– Музыкамен кәсіби түрде айналысқан кезіңіз болды ма?

– Жасөспірім шағымда музыка мектебінің бірінші сатысын тәмамдадым. Төрт аспапта ойнадым. Қазір, өкінішке қарай, ол тек естелік болып қалды.

– Қазақ тілінде ән айту сізді несімен тартады?

– Бұған еш күмән болмауы тиіс – Димаш үшін және Димаштың арқасында.

– «Махаббат бер маған» әні сізге несімен ерекше?

– Бұл әнде ұнамайтын ештеңе жоқ. Әуені әсем, сөзі аса әсерлі. Әрине, біздің сүйікті Димашымыз да бар.

© Ainura Adylbekova, DK Media Europe

Біздің сүйікті Димаш

Аренаға жиналған көрермендермен әңгімелесу барысында Димаштың жанкүйерлер географиясы ғана емес, тыңдармандарының ауқымы да кең екеніне тағы көз жеткіздік. Әлемнің әр қиырынан келгендер арасында өзін әлі фандом мүшесі санамайтын, Dears қауымы «Baby-Dears» деп атайтын жаңадан ашып жүрген көрермендер де болды.

Концертке жергілікті тұрғындар да көп жиналды. Солар үшін Димаш латыш тілінде шағын құттықтау сөз арнады. Қонақ елдің тіліне құрмет – өз тіліңе деген құрметтің белгісі. Біз шоу басталар алдында бірнеше көрерменнен олардың күтімі мен қазақстандық әнші туралы қайдан білгендерін сұрадық.

Кейбір пікірлер:

«Біз оны Қытайдағы байқаудан бері тыңдаймыз. Дауысы өте күшті, қуатты, керемет. Октавасы кең. Мен музыкант емеспін, бірақ бұл – қатардағы орындаушы емес екенін түсінемін. Тағы бір концертіне бара аламыз ба, білмейміз. Бірақ бүгінгі кештен жақсы әсер күтеміз. Ол нашар айтпайды. Осындай мүмкіндік туғанына қуаныштымыз.»

Тағы екі көрермен:

«Немерем де вокалмен айналысады. Қытайдағы шоуларды көп көрдім. Дауысы ерекше. Әр әнді өз мәнерінде орындайды, түпнұсқадан өзгеше. Бұл – алғашқы концертіміз. Интернеттен концерттерін көрдік, қатты ұнады. Қай тілде айтқаны маңызды емес. Қазақ тіліндегі “Ұмытылмас күн” әнінің қайырмасын жаттап алдым.»

© Ainura Adylbekova, DK Media Europe

Страсбургтен арнайы келген бір көрермен концерттен кейін былай деді:

«Мен Димашты төрт ай бұрын естідім. Дауысы ерекше, харизмасы зор. Осы концерт үшін Франциядан Ригаға ұшып келдім. Бұл – менің алғашқы концерті. Шоу керемет, көркемдік безендірілуі терең ойға жетелейді. Екі жарым сағаттан асса да, бір сәтте өткендей болды. Қазақ тілін білмеймін, бірақ музыка шекара танымайды. Соңында бәрімен бірге қазақша қосылып айттым. “Махаббат бер маған” әні ерекше әсер қалдырды. Зал шам жарығына бөленген сәт ұмытылмас. Сахна маңында жанкүйерлер биледі. Көршілерімізбен сол жерде танысып, бірге ән айтып, би биледік.»

Шымылдық жабылды!

Осылайша, бір кезең аяқталды. Алда – жаңа концерттер, тұсаукесерлер, шығармашылық тосынсыйлар, жаңа таныстықтар мен сапарлар. Өйткені бұл сапарлардың басты мақсаты – туған елдің мәдениетін әлемге таныту. Және өнердің шекарасыз, кедергісіз құдіретімен барынша көп көрерменді қуантуды жалғастыру.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -