Қазақстан Азияның ең ірі қаржы орталықтарының бірі саналатын Гонконгпен экономикалық байланысын жаңа деңгейге көтеруде.
Астанада өткен ірі бизнес-форум қорытындысында 4 үкіметаралық меморандум мен 42 коммерциялық келісімге қол қойылып, инвестиция, қаржы, технология және логистика салаларында жаңа мүмкіндіктер ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан мен Гонконг арасындағы экономикалық ынтымақтастық жаңа серпін алды. Астанада өткен жоғары деңгейдегі кездесуде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Гонконг және материктік Қытайдың жетекші бизнес өкілдерімен келіссөз жүргізді.
Іс-шараға қаржы, логистика, энергетика, өнеркәсіп, технология және кәсіби қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін 70-ке жуық компания қатысты. Оның ішінде Гонконгтен 40, ал материктік Қытайдан 30 компания келген.
Кездесудің басты тақырыптарының бірі – Қазақстан бизнесінің Қытай нарығына шығу мүмкіндіктерін кеңейту болды. Гонконг делегациясы өз сапарының мақсаты қазақстандық компаниялармен жаңа әріптестік орнату ғана емес, сонымен қатар «Гонконг – материктік Қытай – Қазақстан» форматындағы үшжақты ынтымақтастықтың жаңа моделін қалыптастыру екенін атап өтті.

Гонконгтың жаңа мегажобасы Қазақстанға не береді?
Форум барысында Гонконгтың ауқымды стратегиялық бастамасы – Northern Metropolis жобасы таныстырылды.
Бұл жоба Гонконг аумағының шамамен үштен бір бөлігін қамтиды және 3 мың гектардан астам жаңа экономикалық аймақ құруды көздейді. Оның ішінде 800 гектарға жуық индустриялық аймақ қарастырылған.
Жоба авторларының айтуынша, жаңа индустриялық парк қазақстандық және Орталық Азия компаниялары үшін Қытай нарығына шығатын маңызды көпірге айналуы мүмкін. Сонымен қатар Гонконгтың халықаралық қаржы және сауда хабы ретіндегі мүмкіндіктерін пайдалану жолдарын ашады.
Инвесторларға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, бірлескен кәсіпорындар құру, өндірістік алаңдарды жалға алу және бірлескен инвестициялар секілді бірнеше ынтымақтастық форматы ұсынылды.

Қазақстан Гонконг капиталын қай салаларға шақырады?
Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстан Гонконг инвесторлары үшін сенімді және тұрақты нарық болып қала береді.
«Біз гонконгтік әріптестердің Қазақстан экономикасының басым секторындағы жобаларды іске асыруға қатысуын арттыру үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз. Қазақстан жоғары кредит қабілеті мен елеулі халықаралық резервке ие бола отырып, инвестицияның сенімді әрі тұрақты алаңы болып қала береді», — деді вице-премьер.
Министрдің айтуынша, Қазақстанның даму институттары халықаралық қаржыландыруды тартуға дайын. Әсіресе, «Бәйтерек» холдингі жыл сайын 15-20 млрд доллар көлемінде инвестициялық қаржыландыруды қамтамасыз ете алады және қажет болған жағдайда жобалардың капиталына 49 пайызға дейін қатыса алады.
Сондай-ақ тараптар юаньмен қаржыландыру тарту, облигациялар шығару, қазақстандық компанияларды Гонконг қор биржасына шығару және ірі инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелерін талқылады.

Гонконг Қазақстан бизнесіне қандай мүмкіндік ұсынады?
Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Ли өңір қазақстандық кәсіпкерлер үшін халықаралық қаржы нарықтарына жол ашуға дайын екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қазақстан компаниялары Гонконг арқылы Қытайдың Үлкен шығанағы экономикалық аймағының инфрақұрылымына, сондай-ақ инновация мен технологияға бағытталған жаңа Солтүстік мегаполис жобасының мүмкіндіктеріне қол жеткізе алады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл әсіресе экспортқа бағытталған қазақстандық кәсіпорындар үшін маңызды мүмкіндік болуы мүмкін.

Қытайдан 30 млрд доллар, Гонконгтан 740 млн доллар инвестиция
Қазақстан соңғы жиырма жылда 445 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартқан. Оның шамамен 30 млрд доллары Қытайдан келген.
Ал Гонконгтан тартылған инвестиция көлемі бүгінге дейін 740 млн долларға жетті.
«Соңғы 20 жылда Қазақстан $445 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестиция, соның ішінде Қытайдан шамамен $30 млрд тартылды. Гонконгтан Қазақстан экономикасына салынған инвестиция көлемі $740 млн-ға жетті. Біз әріптестікті одан әрі нығайтуға және екі ел бизнесі үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктер жасауға мүдделіміз», — деді Серік Жұманғарин.
Форумның басты нәтижесі
Іскерлік миссия қорытындысында 4 үкіметаралық меморандумға және Қазақстан, Гонконг пен материктік Қытай компаниялары арасында 42 келісім мен ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойылды.
Құжаттар авиация, қаржы, сауда, инновация, технология, цифрлық экономика және жасыл даму бағыттарын қамтиды.
Бұл келісімдер Қазақстанның Азиядағы қаржы және технологиялық орталықтармен байланысын күшейтіп қана қоймай, жаңа инвестициялар мен экспорттық мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды қадам ретінде бағалануда.
