11 қыркүйекте Алматыда өтетін Central Asia Fintech Summit 2026 саммитінде жасанды интеллектінің Қазақстандағы қаржы ұйымдарына қандай экономикалық нәтиже беріп отырғаны туралы зерттеу таныстырылады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл зерттеуге қатысқан респонденттер саны екі есе артып, 160-қа жеткен. Негізгі назар еңбек өнімділігі мен технологияға салынған инвестицияның қайтарымына аударылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Саммит «Целинный» заманауи мәдениет орталығында өтеді. Оны Қазақстан Ұлттық Банкінің қолдауымен Ұлттық төлем корпорациясы мен Kazakhstan Fintech Network (KFTN) ұйымдастырады. Қатысушылар жасанды интеллектімен қатар цифрлық активтерді, банктердің, мемлекеттік органдардың және байланыс операторларының қаржы алаяқтығына бірлесіп қарсы тұруын талқылайды.

Қаржы ұйымдары жасанды интеллектінің пайдасын қалай бағалайды
«Қазақстанның қаржы нарығында жасанды интеллектіні енгізу» зерттеуін Fintech Center Ұлттық Банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен және «Астана» халықаралық қаржы орталығымен (АХҚО) бірлесіп дайындап жатыр. Зерттеу үшінші жыл қатарынан жүргізіліп келеді.
Биыл авторлар қаржы ұйымдарының ЖИ-ден түсетін экономикалық тиімділікті, еңбек өнімділігіндегі өзгерісті және жұмсалған қаражаттың қайтарымын қалай өлшейтініне басымдық берген. Зерттеу қорытындылары әлі таныстырылған жоқ. Сондықтан әзірге қаржы секторында бұл технологияға кеткен шығын қаншалықты ақталып отырғаны туралы тұжырым жасауға ерте.
Саммитте тағы екі зерттеу ұсынылады. Ұлттық Банктің қолдауымен RISE Research пен Fintech Center әзірлеген Fintech in Kazakhstan 2026 еңбегінде нарық қатысушылары, инвестициялық үрдістер және саланың өсуіне кедергі болып отырған мәселелер қамтылады.
Ал «Қазақстандағы цифрлық қаржы активтері — 2026» зерттеуі осы құралдарға сұраныс пен дәстүрлі қаржы ұйымдарының жаңа инфрақұрылыммен жұмыс істеуге дайындығына арналған. Ұйымдастырушылардың дерегінше, авторлар халықаралық тәжірибені салыстырып, зерттеліп отырған нарықтағы компаниялардың 79 пайызын қамтыған сауалнама жүргізген.
Алаяқтық тізбектерін жедел анықтау жолдары талқыланады
Саммиттің бір бөлігі Ұлттық Антифрод-орталықты дамытуға арналады. Бұл — қаржы алаяқтығына қарсы күресте банктерді, құқық қорғау органдарын және байланыс операторларын біріктіретін инфрақұрылым.
Қатысушылар алаяқтық тізбектерін нақты уақыт режимінде анықтап, бұғаттауға көмектесетін технологияларды талқылайды. Бағдарламада антифрод жүйесінің үздік қатысушыларын марапаттау да көзделген.
Kazakhstan Fintech Network негізін қалаушы әрі бас директоры Диас Саветканов саммиттің негізгі ұстанымын былай түсіндірді:
«Алгоритмдер қаржылық шешімдерді барған сайын көбірек қабылдап, ал цифрлық активтер реттелетін нарықтың бір бөлігіне айналған сайын, сенім компания миссиясында жазылған жай сөз болудан қалады. Ол технологиялық стандартқа айналады. Сондықтан CAFS 2026-да біз сенімді философиялық ұғым ретінде емес, алдағы онжылдықтағы қаржы нарығының негізгі архитектурасы ретінде қарастырамыз».

Саммитке қатысатыны жарияланған спикерлердің қатарында Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Бинур Жаленов, Ұлттық төлем корпорациясының басқарма төрағасы Жанар Самаева және АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров бар. Пікірталастарға банктердің, технологиялық компаниялардың және халықаралық қаржы ұйымдарының басшылары да қосылады.
Бес стартап инвесторлар алдында жобаларын қорғайды
CAFS 2026 аясында Fintech Stars Battle байқауының финалы өтеді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 50-ден астам команданың ішінен бес финалист іріктелген. Олар өз әзірлемелерін банктер мен инвесторларға таныстырады.
Жеңімпазға SAFE келісімі бойынша 100 мың АҚШ долларына дейін инвестиция тарту мүмкіндігі қарастырылған. Байқау шарттарында Дубайдағы акселерациялық бағдарлама мен серіктестердің арнайы сыйлықтары да көрсетілген. Мұндағы 100 мың долларға дейінгі сома — кепілдендірілген ақшалай сыйлық емес, тартылуы мүмкін инвестиция көлемі.
Саммит Алматы қаласы, Масанчи көшесі, 59 мекенжайында өтеді. Қатысушыларға арналған ақпаратқа сәйкес, кіру тегін, бірақ алдын ала тіркелу қажет. Онлайн-трансляция да жоспарланған, оның сілтемесі CAFS-тің ресми алаңдарында жарияланады.
Қаржы қызметтерінде жаңа технологияларды қолдану тақырыбы Astana Finance Days қатысушыларының ЖИ мен стейблкоиндер туралы пікірлері жинақталған материалымызда жалғасады. Ал «қорғаныш кредиті» деген желеумен жасалатын алаяқтық туралы мақалада қаскөйлердің адамдарды өз атына қарыз рәсімдеп, ақшаны аударуға қалай көндіретінін түсіндіреміз. Екі материал да орыс тілінде берілген.