SITA компаниясы алдын ала тексерілген жолаушыларға шекаралық бақылаудан турникетке немесе қызметкердің алдына тоқтамай өтуге мүмкіндік беретін Border Flow Lane жүйесін таныстырды. Компанияның мәліметінше, жаңа технология бақылаудан өтуді дәстүрлі eGate автоматты қақпаларымен салыстырғанда сегіз есеге дейін жеделдетуі мүмкін, деп хабарлайды DKNews.kz.
SITA бұл туралы 9 қыркүйекте хабарлады. Жүйе жолаушы туралы деректерді талдауды, ұшуға дейінгі тексеруді және межелі жерге келген соң бақылау аймағынан өтіп бара жатқанда оның жеке басын растауды біріктіреді.

Тексеру ұшаққа отырмай тұрып басталады
Қалыпты жағдайда жолаушы шекара қызметкеріне паспортын көрсетеді немесе автоматты қақпаға тоқтап, тексеруден өтеді. Border Flow Lane осы рәсімдердің бір бөлігін сапардың ертерек кезеңінде орындауға арналған.
SITA бағалауынша, жолаушылардың 75 пайыздан астамын ұшуға дейін алдын ала тексеруге болады. Сонда шекара қызметкерлері қосымша тексеруді қажет ететін адамдарға көбірек көңіл бөле алады.
Ал «сегіз есеге дейін жылдам» деген көрсеткішті әзірлеушінің өзі келтіріп отыр. Релизде салыстырудың қандай жағдайда жүргізілгені және нақты әуежайлардағы сынақ нәтижелері көрсетілмеген.

Әуежайды кеңейтпей, көбірек жолаушы өткізу
Компания жаңа жүйе қолданыстағы шекаралық бақылау залдарының өткізу қабілетін арттырады деп есептейді. Алдын ала тексерілген жолаушылар кідірмей өтсе, сол аумақта көбірек адамға қызмет көрсетуге болады.
SITA компаниясының шекаралық бақылау шешімдері жөніндегі аға вице-президенті Педро Алвес бұл тәсілді былай түсіндірді:
«Авиация саласы өткізу қабілетін арттыруға қатысты барлық мәселені инфрақұрылымды кеңейту арқылы шеше алмайды. Жолаушылар тарапынан болатын сұраныс үнемі өзгеріп отырады, ал әуежай инфрақұрылымы бұрынғы қалпында қалады. Мүмкіндік — жолаушылар келгенге дейін-ақ неғұрлым негізделген шешімдер қабылдап, тексеруден өткен жолаушыларға қозғалысын жалғастыруға мүмкіндік беру және сонымен қатар қолданыстағы инфрақұрылымның өткізу қабілетін арттыру. Тоқтау ереже емес, ерекшелік болуы тиіс».
Биометриялық деректерді пайдалануға жолаушы келісім береді
SITA сипаттамасына сәйкес, жүйені пайдалану-пайдаланбауды жолаушы өзі таңдайды. Биометриялық деректерін қолдануға да өзі рұқсат береді.
Шекара қызметінің өкілеттігі сақталады: адамның жеке басын тексеру мен шекарадан өткізу туралы шешім сол қызметтің бақылауында қалады. Қызметкерлер қажет болса, кез келген жолаушыны тексерудің кез келген кезеңінде тоқтата алады.
Хабарламада Border Flow Lane іске қосылған әуежайлар мен оны енгізу мерзімдері аталмаған. Компания бұл жүйенің Қазақстанда қолданыла бастайтыны туралы да мәлімдеген жоқ.
SITA-ның Қазақстандағы әуежайлармен жұмысы және жолаушыларға қызмет көрсетуде биометрияны қолдану мүмкіндіктері туралы компания өкілімен сұхбатымыздан оқуға болады.