Күнделікті шығын да капиталға айналуы мүмкін. Газдалған сусын, чипсы мен шоколадқа ай сайын жұмсалатын 30 мың теңгені он жыл бойы инвестицияға бағыттасаңыз, жинағыңыз 6 миллион теңгеге жуықтауы ықтимал. Ал көпшілік күн сайын сатып алатын Coca-Cola, Lay’s немесе Milka өнімдерін шығаратын компаниялардың акциялары да қор нарығында саудаланады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Freedom инвестициялық бағытының талдауында әлемге танымал азық-түлік өндірушілерінің бизнесі, олардың қаржылық көрсеткіштері және тұрақты инвестициялаудың ықтимал нәтижелері қарастырылған.
Қазақстандық инвесторлар үшін де таңдау бар. Америкалық Coca-Cola, PepsiCo және Mondelez International компанияларымен қатар, отандық «Баян Сұлу» мен «ЛОТТЕ Рахаттың» акцияларын сатып алуға болады.
Coca-Cola, Lay’s және Milka миллиардтаған доллар табысты қайдан табады?
Дүкен сөресіндегі таныс өнімдердің артында әлемнің ондаған елінде жұмыс істейтін ірі корпорациялар тұр.
Coca-Cola бренді The Coca-Cola Company компаниясына тиесілі. Lay’s чипсылары мен Doritos, Cheetos тіскебасарларын PepsiCo шығарады. Ал Milka шоколады, Oreo печеньесі, Cadbury және Toblerone брендтері Mondelez International портфеліне кіреді.
Бұл компаниялардың табысы миллиондаған тұтынушының күнделікті сатып алуына тікелей байланысты.
Grand View Research дерегінше, 2025 жылы әлемдік тіскебасар нарығының көлемі 747,6 млрд долларға жеткен. Биыл бұл көрсеткіш 778,1 млрд долларға дейін ұлғаюы мүмкін.
Нарықтың үштен біріне жуығын чипсы, жаңғақ, попкорн секілді тұзды тіскебасарлар құрайды.
Шоколад өндірісінің де ауқымы айтарлықтай. Талдауда келтірілген IndexBox бағалауы бойынша, 2025 жылы әлемде шамамен 35,8 млн тонна шоколад пен какао өнімдері өндірілген.
Осы нарықта жұмыс істейтін компаниялар тек өнім сатып табыс тауып қоймайды. Олардың акцияларын иеленген инвесторлар да бизнестің өсуінен пайда көруі мүмкін.
Қазақстанда 2,75 млрд литр сусын өндірілді, PepsiCo 368 млн доллар инвестиция құяды
Халықаралық азық-түлік өндірушілері үшін Қазақстан тек дайын өнім сататын нарық емес. Елде жаңа өндірістер ашылып, жергілікті шикізатты пайдалануға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр.
2026 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстанда минералды су, газдалған су және өзге де алкогольсіз сусындар өндірісі 2,75 млрд литрге жетті.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ға артық.
«Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар–тамыз аралығында Қазақстанда минералды және газдалған су, сондай-ақ басқа да алкогольсіз сусындардың өндірісі шамамен 2,75 млрд литрді құрады. Бұл былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 4,7%-ға көп. Бұл ретте тәттілендіргіштер мен хош иістендіргіштер қосылмаған минералды және газдалған су өндірісі 17,9%-ға өсіп, 578 млн литрге жетті. Ал басқа алкогольсіз сусындардың өндірісі 1,7%-ға артып, 2,17 млрд литр құрады», — дейді Freedom инвестиция бағытының талдаушысы Алияр Акымгалиев.
Қазақстанға инвестиция салып жатқан халықаралық компаниялардың бірі — PepsiCo.
Компания Алматы облысында тіскебасар шығаратын зауыт салып жатыр. Жобада қазақстандық фермерлер өсірген картопты пайдалану көзделген.
Бастапқыда кәсіпорынға 160 млн доллар инвестиция салу жоспарланған болатын. Кейін компания бұл соманы 368 млн долларға дейін ұлғайтты.
Жаңа өндіріс отандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұранысты арттыруға мүмкіндік береді. Жергілікті фермерлер үшін бұл ірі халықаралық өндірушімен жұмыс істеудің қосымша жолы болуы мүмкін.
«Рахат» акциялары бес жылдан астам уақытта 118,7%-ға қымбаттады
Қор нарығына қызығатын қазақстандықтарға шетелдік компаниялармен шектелудің қажеті жоқ.
Қазақстан қор биржасында отандық кондитерлік кәсіпорындардың да акциялары саудаланады. Олардың қатарында «Баян Сұлу» (BSUL) және «ЛОТТЕ Рахат» (RAHT) бар.
2025 жылдың қорытындысы бойынша «Баян Сұлудың» түсімі 51,8 млрд теңгеге жетіп, таза пайдасы 4,44 млрд теңгені құрады.
Ал «ЛОТТЕ Рахат» акцияларының бағасы соңғы жылдары айтарлықтай өзгерген.
2021 жылғы 10 қаңтарда компанияның бір акциясы 9 200 теңге тұрған. 2026 жылғы 12 қазанда оның құны 20 117 теңгеге жеткен.
Демек, осы аралықта акция бағасы шамамен 118,7%-ға өскен.
Егер инвестор 2021 жылдан бастап 2026 жылға дейін әр жылдың басында «Рахат» акцияларына 200 мың теңгеден салса, алты жылда 1,2 млн теңге инвестициялаған болар еді.
Freedom талдауында келтірілген есепке сәйкес, 2026 жылғы 12 қазанда мұндай портфельдің құны шамамен 1,72 млн теңгеге жетуі мүмкін еді.
Бұл бастапқы салымнан 519 мың теңгеге немесе 43,3%-ға жоғары.
Аталған нәтиже талдаудағы есепке негізделген. Нақты табыс акциялардың әр сатып алу күніндегі бағасына, алынған бағалы қағаздар санына және сауда шығындарына байланысты өзгереді.
Coca-Cola дивидендтерін 64 жыл қатарынан арттырып келеді
Кейбір инвесторлар акцияны бағасы өскенде сатудан пайда табуды көздейді. Басқалары компанияның акционерлерге төлейтін дивидендтеріне де назар аударады.
Бұл тұрғыда Coca-Cola-ның тарихы ерекше.

Компания 2026 жылғы ақпанда дивиденд мөлшерін қатарынан 64-ші жыл көтеретінін жариялады. Бір акцияға төленетін тоқсандық дивиденд 0,53 долларға дейін өсті.
Егер төлем мөлшері өзгермесе, жылдық дивиденд бір акцияға 2,12 долларды құрайды.
Coca-Cola бизнесінің ауқымы да үлкен. Әлемде күн сайын компания брендтерімен немесе оның лицензиясы бойынша шығарылатын сусындардың шамамен 2,2 млрд порциясы тұтынылады.
Компания барлық сусынды өзі өндіріп, бөтелкеге құймайды. Ол серіктестеріне арнайы концентраттар сатады, ал серіктестері дайын сусынды өндіріп, сауда орындарына жеткізеді.
PepsiCo бизнесі бұдан өзгеше. Компания Pepsi, Mountain Dew және Gatorade сусындарымен қатар, Lay’s, Doritos және Cheetos сияқты тіскебасар брендтеріне иелік етеді.
Mondelez International болса, негізінен шоколад, печенье және басқа да кондитерлік өнімдерге маманданған.
2025 жылдың қорытындысында осы үш корпорацияның арасында түсім көлемі бойынша PepsiCo көш бастады. Ал таза пайда жағынан Coca-Cola алға шықты.
Дегенмен компанияның миллиардтаған доллар табыс табуы оның акциялары міндетті түрде қымбаттайды деген сөз емес. Инвестор үшін бизнестің қаржылық жағдайымен бірге акцияның нарықтық бағасы да маңызды.
Ай сайынғы 30 мың теңгені он жыл инвестицияласа, қанша жиналады?
Енді қарапайым есепке назар аударайық.
Ай сайын газдалған сусын, чипсы, шоколад және басқа да ұсақ-түйек сатып алуға 30 мың теңге жұмсалады делік.
Бір жылда мұндай шығын 360 мың теңгеге жетеді. Он жылда жалпы сома 3,6 млн теңгені құрайды.
Осы 30 мың теңгені ай сайын инвестицияға салып отырсаңыз ше?
Орташа жылдық кірістілік 10% болып, алынған табыс қайта инвестицияланған жағдайда, он жыл соңында жинақ шамамен 6 млн теңгеге жетуі мүмкін.
Оның 3,6 млн теңгесі инвестордың өз қаражаты болса, қалған 2,4 млн теңгеге жуығы ықтимал инвестициялық табыстан құралады.
Мұндай нәтижеге күрделі пайыз әсер етеді. Инвестициядан түскен кіріс жұмсалмай, қайта салынған сайын келесі кезеңдерде табыс есептелетін капитал да ұлғаяды.
Алайда бұл кепілдендірілген табыс емес, шартты математикалық есеп қана. Нақты кірістілік нарықтағы жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Акциялардың құны төмендеуі де мүмкін.
Америкалық компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алған қазақстандық инвестор үшін валюта бағамының өзгеруі де маңызды. Доллармен есептелген табыс пен теңгемен есептелген нәтиже әртүрлі болуы ықтимал.
Coca-Cola, PepsiCo әлде Mondelez: инвестор нені ескеруі керек?
Танымал брендтің акциясын сатып алу үшін оның өнімін жақсы көру жеткіліксіз.

Coca-Cola дивидендтерді ұзақ жылдар бойы арттырып келе жатқан компания ретінде қызықты болуы мүмкін. PepsiCo сусындармен қатар тіскебасар нарығында жұмыс істейді. Ал Mondelez бизнесі шоколад пен кондитерлік өнімдерге көбірек бағытталған.
Олардың әрқайсысының табыс көздері, шығындары мен өсу мүмкіндіктері әртүрлі.
Сондықтан акция сатып аларда компанияның кірісі мен таза пайдасын, қарыздарын, дивидендтік саясатын және бағалы қағаздарының нарықтық құнын салыстырған жөн.
Қазақстандық компанияларға инвестиция салғанда да осы қағида сақталады.
Мысалы, «Рахат» акциясының бірнеше жыл ішінде екі еседен астам қымбаттауы бұрынғы инвесторлар үшін тиімді болғанымен, мұндай өсім алдағы уақытта қайталанады деп сенімді айтуға болмайды.
Дүкендегі кешбэк пен бонустар сатып алған заттың құнын аздап қайтаруға көмектеседі. Ал акцияға салынған ақша компанияның қаржылық нәтижесіне және қор нарығындағы жағдайға тәуелді болады.
Газдалған сусын таусылады, чипсы мен шоколад та көпке жетпейді. Бірақ оларды шығаратын компаниялар күн сайын өнім сатып, табыс табуды жалғастырады.
Сол бизнестің үлесін иелену үшін міндетті түрде миллиондаған теңге қажет емес. Ай сайынғы 30 мың теңгенің өзі он жылда 3,6 млн теңге жеке жинақ қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал инвестициядан түсетін қосымша табыс таңдалған активтер мен нарықтағы жағдайға байланысты.
Бұған дейін біз күзде инвесторлардың назарын аударуы мүмкін 15 акция туралы жазған едік.
Материал ақпараттық мақсатта дайындалған және жеке инвестициялық ұсыным болып саналмайды.