Қазақстан мен Камбоджа цифрлық технологиялар, сауда және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтеді. 17 қазанда кеңейтілген құрамда өткен келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет Бірлескен мәлімдеме қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Екі ел басшыларының қатысуымен алты меморандум алмасу рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ортақ ниетті нақты іске айналдыру
Мемлекет басшысы Хун Манеттің Қазақстанға алғашқы сапары екіжақты қарым-қатынасты жандандырып, ортақ уағдаластықтарды нақты іске ұластыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Биыл екі ел арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 32 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде мемлекеттеріміз сындарлы саяси диалог жүргізіп, өзара тиімді ынтымақтастықты дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Біздің алдағы қадамдарымыз бүгін қабылдайтын Бірлескен мәлімдемеде көрініс тапқан. Сондай-ақ бірқатар құжатқа қол қоямыз. Қазақстан Камбоджаны Оңтүстік-Шығыс Азиядағы сенімді серіктесі және АСЕАН ұйымымен ықпалдастықты кеңейтудегі маңызды елдердің бірі ретінде қарастырады», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Камбоджаның халықаралық аренада, соның ішінде БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдіктері арқылы белсенді байланыс орнатқанын айтты. Президент БҰҰ Бас ассамблеясының күн тәртібіндегі бірқатар мәселе бойынша Қазақстан бастамаларына Камбоджаның қолдау көрсеткенін жоғары бағалады.
Мемлекет басшысы Хун Манеттің басшылығымен Камбоджа қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге де тоқталды. Қазақстан Камбоджа Үкіметінің Cambodia Vision 2050 және Pentagonal Strategy бағдарламаларында белгіленген ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру бағытындағы күш-жігерін қолдайды.

Камбоджа Қазақстанның жасанды интеллект тәжірибесіне қызығушылық танытты
Келіссөздердегі маңызды бағыттардың бірі жоғары технологиялар болды. Президент бұл саладағы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі мүмкіндік бар екенін атап өтті. Камбоджа делегациясының сапар бағдарламасына Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына бару енгізілген.
«Сіздің және делегацияңыздың елімізде жасанды интеллектіні дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға қызығушылық танытып отырғандарыңызды білемін. Бүгін Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Қазақстанның осы салада қол жеткізген табыстарымен және негізгі әзірлемелерімен таныса аласыз. Еліміз БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексіне сәйкес, барлық бағытта оң динамика көрсетіп келеді. Ортақ ниет пен берік саяси ерік-жігер болса, өзара мүддемізге сай келетін көптеген бағыт бойынша ынтымақтастық аясын кеңейте алатынымызға сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Цифрлық әріптестік алмасқан құжаттарда да көрініс тапты. Екі меморандум осы бағытқа арналған: біріншісі екі елдің бейінді министрліктері арасындағы байланысты қамтыса, екіншісі цифрлық үкімет, GovTech және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты.
Қазақстанда білім алған камбоджалықтар жауапты қызметтер атқарып жүр
Хун Манет екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың айрықша сипатына назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстанда білім алған камбоджалық мамандар бүгінде өз елінің мемлекеттік басқару жүйесінде еңбек етіп жүр.

«Камбоджаның 120-дан аса студенті Қазақстанда білім алды. Бүгінде олардың көбі провинцияларда губернатор, мемлекеттік хатшы лауазымдарында еңбек етуде. Сонымен қатар мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарып жүр. Бұл елдерімізді ортақ тарих пен халықтарымыз арасындағы тығыз қарым-қатынас байланыстыратынын аңғартады», – деді Премьер-министр.
Хун Манет Камбоджаның азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты жандандыруға ниетті екенін жеткізді.
Тараптар жоғары деңгейдегі келіссөздер өзара сауда көлемін ұлғайтып, іскерлік байланысты нығайтуға және серіктестіктің жаңа бағыттарын дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Қандай алты меморандум алмасылды?
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манет Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Қазақстан Президенті мен Камбоджа Премьер-министрінің қатысуымен мынадай үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттар алмасу рәсімі өтті:
- Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Камбоджа Корольдігі Пошта және телекоммуникациялар министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
- Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы мен Камбоджа Корольдігі Ішкі істер министрлігі арасында цифрлық үкімет, GovTech және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
- Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Камбоджа Корольдігі Сауда министрлігі арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
- Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Камбоджа Корольдігі Мәдениет және көркем өнер министрлігі арасында мәдениет пен өнер салалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
- Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Камбоджа Корольдігі Туризм министрлігі арасындағы туризм саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.
- Астана мен Пномпень қалалары арасында бауырластық байланыс орнату туралы меморандум.

Бұған дейін Тоқаев пен Бельгия Короліне Alem.ai орталығында жасанды интеллект жобалары таныстырылғаны туралы жазған едік.