Иордания Королі II Абдалла Al-Farabi орденінің алғашқы иегері атанды. 5 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі марапатты Қазақстан мен Иордания арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін табыстады, деп хабарлады Ақорда. Салтанатты рәсімде екі елдің басшылары бір-бірін жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Al-Farabi орденінің алғашқы иегері
Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королінің Қазақстанға сапарын екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестіктің тереңдей түскенінің айқын көрінісі деп бағалады. Президенттің айтуынша, жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар ортақ басымдықтарды жүзеге асыруға және екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Король II Абдалланы Қазақстанның жақын досы санайтынын атап өтіп, оған жаңа орденді табыстаудың тарихи маңызына тоқталды.
«Қазақстан мен Иорданияның арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан елеулі үлесіңіз үшін Сізге Al-Farabi орденін табыстау – мен үшін зор мәртебе. Бұл жоғары награданың атауы Шығыстың ұлы ойшылының құрметіне қойылды. Әл-Фарабидің мұрасы қаншама буынды қанаттандырып, адамгершілік шамшырағы болып келеді. Ол саяси ой-сананың, ғылым мен әдебиеттің қалыптасуында баға жетпес тарихи рөл атқарды. Әл-Фараби күллі араб әлемінің жүрегіне жол тапқан ақылдың кені іспеттес. Оның ешқашан өзектілігін жоймайтын даналық, үйлесім және бірлік туралы ұлағатты ойлары – мәдениеттеріміздің ортақ қазынасы. Біз Сіздің осынау ізгі құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Аталған мәртебелі марапаттың алғашқы иегері болып отырсыз. Мұны тарихи уақиға деп санаймыз. Осы жоғары награданы Қазақстанның Сізге деген риясыз құрметінің белгісі ретінде қабыл алыңыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Астанада «Ақаба процесінің» саммиті өтеді
Марапаттау рәсімінде Президент Қазақстан мен Иордания арасындағы қарым-қатынастың халықаралық қауіпсіздік пен өңірлік тұрақтылық үшін де маңызды екенін айтты.
«Біз Иорданиямен сан қырлы байланыстарды жоғары бағалаймыз. Еліміз Сізді бүкіл әлемде беделі биік көрнекті әрі көреген көшбасшы ретінде біледі. Сіздің тегеурінді, байыпты басшылығыңызбен Иордания бейбітшілік пен тұрақтылықтың, абырой мен әділеттің мекені, сондай-ақ қарқынды даму үстіндегі инновация мен орнықты өсім орталығы ретінде танылды. Әлемдік қоғамдастық Сіздің ой-пікіріңізге құлақ асады, жаһандық диалогты өрбітуге елеулі түрде ықпал етіп келесіз. «Ақаба процесі» бастамасы Сіздің халықаралық қауіпсіздікті күшейтуге әрдайым бейіл екеніңізді анық көрсетеді. Ертең Астанада Иорданиямен бірлесіп осы бастама аясындағы кезекті саммитті өткіземіз. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе», – деді Мемлекет басшысы.
Осылайша, 6 қарашаға жоспарланған саммит Қазақстан мен Иорданияның халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастығын жалғастыратын маңызды алаң болмақ.

Қазақстан мен Иордания серіктестігі жаңа бағыттарда дамып келеді
Президент Король II Абдалланың тұрақты қолдауы екіжақты ынтымақтастықтың нақты нәтижелерге жетуіне ықпал еткенін атап өтті. Әсіресе, 2025 жылы ұйымдастырылған өзара сапарлар мемлекетаралық байланыстарға жаңа серпін берген.
«Бүгінде серіктестігіміз екі мемлекеттің де зор әлеуетін аша отырып, жаңа, перспективті бағыттарда белсенді түрде дамып келеді. Былтыр ұйымдастырылған өзара сапарлар бұған тың серпін берді. Осы оң қарқынды сақтап, ықпалдастықты бұдан да жоғары деңгейге жеткізуге ниеттімін», – деді Президент.
Иордания Королі Тоқаевқа жоғары мемлекеттік орден табыстады
Салтанатты рәсімде Иордания Королі II Абдалла да Қазақстан Президентін марапаттады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары мемлекеттік наградасы – al-Hussain ibn Ali ордені табысталды.
Президент бұл марапатты екі халық арасындағы берік достық пен өзара құрметтің белгісі ретінде қабылдайтынын айтты.
«Мен үшін Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары наградасына ие болу – зор мәртебе. Бұл орден Сіздің текті әулетіңіздің абыройын асырған тұлғаның есімімен аталады. Оның ар-ожданы, сенімі мен нанымы, туған еліне адал қызметі ұрпаққа үлгі болып келеді. Осы жоғары награданы еңбегімнің бағалануы ғана емес, ең алдымен, халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметтің белгісі деп санаймын. Бұл Қазақстан мен Иордания арасындағы байланыстардың тығыз әрі дәйекті түрде нығайып келе жатқанын айғақтайды. Сіздің екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету ниетіңізді жоғары бағалаймын», – деді Мемлекет басшысы.
Al-Hussain ibn Ali орденінің тарихы
Иорданияның жоғары мемлекеттік наградасы 1949 жылы тағайындалған. Оны Король I Абдалла бен әл-Хусейн әкесі, Мекке шарифі Хусейн бен Әлидің (1853–1931) құрметіне бекіткен.
Хусейн бен Әли Хашимиттер әулетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі болған. Бұл орденді табыстау Иордания Королі тарапынан көрсетілген айрықша құрметтің және жоғары деңгейдегі саяси сенімнің белгісі саналады.
Екі мемлекет басшысының өзара марапат алмасуы Қазақстан мен Иордания арасындағы дипломатиялық қатынастардың ерекше сипатын көрсетті. Бұған дейін біз Тоқаевтың Қазақстан мен Иордания арасындағы достықтың маңызын атап өткенін жазған едік.

