7 мамырда Егемен Қазақстанның Қарулы Күштеріне 30 жыл толады, оның бастауында Қазақстан армиясының қалыптасуы мен дамуына қомақты үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткерлері мен әскери тұлғалар тұрды.
ҚР Қарулы күштері жоғары қолбасшылығының жарқын өкілдерінің бірі генерал-лейтенант Болат Жанасаев болып табылады. Әскери қайраткердің өмірлік жолы генералдар мен офицерлердің қазіргі буынына үлгі.
Генерал Б. Жанасаев ҚР ІІМ Ішкі әскері, бүгіндері Ұлттық ұлан басшылылығының үнемі аузында жүретін есім. Барлық командирлер өздерін оның шәкірті санайды. Үлкенді–кішілі жиналыста жеке құрамға атақты генералдың сөздері мысалға келтіріліп, басқару әдісі мен айтқан ой-пікірлері қанатты сөздерге айналған. Және тәжірибелі офицерлер генерал-лейтенант Болат Жанасаевтың тұсында қызмет атқарғанын мақтан тұтады. Мұның сыры неде десеңіз, айтып өтерлік жайттар көп. Генерал Б.Жанасаев феноменін түсіну үшін оның ғұмырына там-тұмдап үңілгеніміз жөн.
Болат Бақытжанұлы 1952 жылдың 29 сәуірінде Ақтөбе облысы, Темір қаласында дүниеге келген. Адам есімі мен туған ортасы азаматтың тағдырына, жалпы тұлға болып қалыптасуына тікелей ықпал етеді емес пе? Есімі Болат, туған қаласы Темір қаласы болғандықтан ба, кейіпкеріміз тегеурінді мамандықты яғни, әскери саланы таңдауы пешенесіне жазылған еді. .Оның әскери адам болу туралы шешімін, ең алдымен, ата-анасы, мұғалімдері мақұлдады.
- Әкем-Бақытжан Бейсенбіұлы және анам-Үрзия Сәрсенбайқызы балаларға барлық жақсылықты үйретті, өмірге қажетті жоғары адамгершілік қасиеттерді үйретті. Осының арқасында біз лайықты адамдар болып өстік,-деп кейіпкеріміз өмірлік таңдауы туралы естелігімен бөлісті.
Мектепті аяқтағаннан кейін, Кеңес Одағының маршалы Конев атындағы Алматы жалпыәскери командалық училищесіне оқуға түседі. Офицерлер шеберханасы атанған әскери оқу орнында ол болаттай шыңдалып, алмас қылыштай қалыптасады. Саптық және дене дайындығы, қару қолдану тәсілдері, әскери киім кию үлгілері мен өмір сүрлеуінен өткен ұлағатты ұстаздарының берген білімі курсанттық өмірдің ажырамас бөлігіндей болды. «Жігіт жанған от болсын» дейді халық даналығы. Болашақ генерал курсанттық кезінен бастап үлкен үміт ақтайтынын көрсетті. Оның спорттық, мәдени жан-жақты дамуы әскери саладағы болашақ жеңістерінің іргетасы еді. Көп арасында көзге түспеу оның өмірлік ұстанымы емес еді. Керісінше, айналасын түгел қамтып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Тіпті, қазақ халқының ұлы перзенті Дінмұхаммед Қонаев аталған әскери оқу орнына келген кезде курсанттар арасынан үшінші курс курсанты Болат Жанасаевты қазақ басшысымен тілдесу мүмкіндігіне ие болған. Жалындаған өрен кеңестік генералитет пен ел ағаларының арасында еш қысылмастан өз ойын еркін білдіріп, Дінмұхаммед Қонаевпен сұхбаттасыпты. Жас курсанттың өзін-өзі ұстауына, айтқан сөздеріне қазақ басшысы тәнті болғанын көз көргендер жыр қылып айтып отырады. Босқа өткен уақыт аспанға ұшқан бумен тең. Осыны түсінген болашақ офицердің әр уақытын ұтымды пайдалана білуі - жетістікке жетуінің бір қыры.
Білім жинауға берілген курсанттық кезең аяқталып, жас лейтенант өз өмірінің жаңа сатысына ауысты. Кеңес өкіметі салтанат құрған кезде Отан ұғымының аясы да, алып жатқан аумағы да кең болғаны түсінікті. Жас лейтенантқа бірден туған жерінен алшақтағы Еуропаның төрі саналатын Германияға жолдама берілді. Бұйрықтың аты бұйрық! Отан Ана қайда жіберсе, сонда жол тартасың. Туған шаңырағынан алшақтық жас офицерді жасқандырған жоқ. Керісінше, оның бойындағы жаңашылдыққа деген қызығушылығын арттыра түсті. Атақты тарихшы Лев Гумилев өз еңбектерінде көшпенділердің жаңа аумақтарды бағындыру құбылысын «пассианарий», ал адамдарды алға тартатын көшбасшыларды «пассианар» деп атаған. Көшпенді жұртының мәдениеті, өмір салты және ғасырлық білімі қанында бар қазақ баласы үшін ел аумағынан алшақта, жаңа белестерді бағындыру таптырмас мүмкіндік. Алғашқы қызмет жолын Германиядағы Кеңес әскерлері тобында взвод, рота командирі, батальон командирінің орынбасарынан бастап, кейінде Сібір әскери округында батальон командирінің орынбасары, батальон командирі болып жалғастырады. Киев әскери округында өзін жақсы қырынан көрсеткен сардарды жолдамамен Мәскеу қаласындағы М.В.Фрунзе атындағы әскери академиясына жібереді.
Көп ұзамай оның мансабында күтпеген өзгеріс болады. Ол бұл туралы былай дейді:"тағдырдың қалауымен Кеңес заманында мен Ішкі әскерлерге түстім". Әскерлерде ұлтаралық жанжалдар шиеленіскен Одақтың әртүрлі өңірлерінде қоғамдық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті қолдау жөніндегі қызметтік-жауынгерлік міндеттердің кеңеюіне байланысты осы өңірлерде жедел мақсаттағы бригадалар құру туралы шешім қабылданады. КСРО ІІМ Ішкі әскерлер Қолбасшысының бұйрығымен ол жедел мақсаттағы 100-ші дивизияның 47-ші жедел полкін құруға жауапты болып тағайындалады (Ростов облысы Новочеркасск қаласы).
Подполковник Болат Жанасаевтың КСРО ІІМ ІӘ Қолбасшысы генерал-полковник Шаталиннің кандидатурасын таңдауы кездейсоқ болған жоқ.
Бір қызығы, бұл уақытта армия генералдары КСРО Ішкі әскерлерінің басында тұрды. Армия офицерлері де жеке құрамалар мен бөлімдерге сәтті басшылық етті.
Сексенінші жылдар аяғында Орта Азия елдерінде тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесі өткір қойылды. Кіндік Азия ұлттарының іштей дербестікке ұмтылуы, тарихи сахнадан өз орнын іздеуі, алып елдердің мүдделерінің тоғысуы осы аймақта саяси-әлеуметтік қиындықтардың пайда болуына себеп болды. Оның үстіне, қызыл империяның құлдырау кезеңі еді. Қара халық былай тұрсын, «орталық» тарапынан алып мемлекетті сақтап қалу, тіпті болмаса ыдырау процесін бейбіт түрде, қансыз, адам шығынынсыз жүзеге асыру мақсаты қойылды. Сол жылдары ұлтаралық қақтығыстар орын алып, ортақ үйіміздің әр түкпірінде қақтығыс ошақтары болды. Дәл осы қиын-қыстау уақытта КСРО Ішкі әскерінің Орта Азия мен Қазақстан бойынша жаттығу полкінің командирі лауазымына Болат Бақытжанұлын мол тәжірибесіне сеніп тағайындайды. Қасиетті Құранда «Бір адамды өлтіру – бүкіл адамзатты өлтірумен тең» деген ұлағатты сөзді кездестіреміз. Ал ежелгі Тауратта «Бір адамның өмірін құтқару – бүкіл әлемді құтқару» деп айтылған. Іргесі шайқалған империяның жан-жағын алауыздық оты шарпыған кездері Ішкі әскердің жауынгерлері барынша арағайындық танытып, бейбітшілік миссиясымен қарсыласқан тараптарды ажыратты. ( Бүгінгі Ұлттық ұлан әскері де сол жауынгерлік дүстүрден ажыраған емес -авт.). «Ферғана», «Баку», «Таулы Карабах» және тағы басқа оқиғалар кезінде құқықтық тәртіп әскерлерінің арқасында қаншама бейбіт тұрғынның өмірі сақталды. Қаншама азаматтар отбасыларына аман оралып, шаңырақтары шайқалмай аман қалды. Осы аумақта бейбіт өмір қалыптастыруға КСРО, Германия армиясындағы далалық оқу-жаттығуларда тәжірибесін шындаған Болат Бақытжанұлы бір адамдай атсалысты. Сардардың осындай атан түйені қайыстырар ерлігін біріміз білсек, енді біріміз білмейміз. Десе де, сол кездегі ерен ерлікті ақ бас тарих әлі де айшықтап береді. Уақыт өте әр жердегі көтерілістердің себебімен алып мемлекет КСРО-ның шаңырағы ыдырап, бірнеше мемлекетке бөлінді. Осылайша, біздің де елде Тәуелсіздік таңы арайлап атты. Әрине егемендік алып, қуаныш сезімі көкірегімізді кернегенмен, еліміздің қоғамдық өмірінде қордаланған көп мәселелер шешімін күтіп тұрған болатын. Соның ішінде еліміздің Қарулы Күштерін қалыптастыру еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылы Болат Бақытжанұлының өмірінде де тағы бір жаңа кезең басталды. Ел сенім артып Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданынан Жоғарғы кеңестің 12-шақырылымының депутаты атанады. Жауапкершілігі мол депутат бола жүріп, егеменді елдің Армиясының іргетасын қалауға бар ынтасымен кіріседі. Себебі, әскери өмірдің қиын да қызықты сүрлеуінен өткен, тісқаққан офицер болатын. Әскерге қатысты мәселелерді ат үсті қарамай, оңтайлы шешілуін тікелей қадағалап отырды. «Қазақстан Респуликасы Қарулы Күштері туралы», «ҚР ІІМ Ішкі әскерлері туралы», «ҚР ҰҚК Шекара қызметі туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» Заңдары және тағы да басқа заңдардың жобасын жасап, қабылдануына үлесін қосқан болатын. Әскерге қатысты кез-келген мәселенің басы-қасында жүрді. Қоғамдық мәселелерге белсене араласып, өзінің пікірін батыл білдірді. Қандай да бір шешімі шиырланған проблеманың шешімін таба білу аздық етеді, оны үлкен мінберден жетесін жеткізе өткір айта білді. Осы тұрғыдан келгенде де кейіпкеріміздің қайраткерлік қырлары айқын көрініп тұр.
Әскеріміздің құжаттамалық негізі қаланғанымен әлі де іске асыру жағы ақсап тұрған болатын. Жалпы, халықтық жағдаймен бірге әскерилердің де жағдайы көңіл көншітпейтін деңгейде еді. Сөзден іске кірісу уақыт талабы. Болат Бақытжанұлы қай салада болмасын өзінің іскерлігімен дараланған тұлға. Қатарынан озық шыққан дара тұлғаға 1994 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі әскердің тізгінін сеніп тапсырады. Ол туралы кейіпкеріміз былай есіне түсіреді.
- 1994 жылы Парламент отырысына Елбасы келді. Әлі есімде мені өзінің қасына шақырып алып, қолында ұстап амандасты. Мені терезеге жақын жаққа жеке өзімді апарды және өзінің сеніп айта келе «Мен саған Ішкі әскердің Қолбасшысы болуды ұсынамын. Келісесін бе?»,-деп көзі тура қарап сұрақ қойды. Мен «Әрине, иә»,-деп нық сеніммен жауап бердім. Содан кейін «қайда боласын?»,-сұрақ қойды мен «өз кабинетімде болмын» деп жауап берді. Түстен кейін Үкіметтік байланыс арқылы Елбасы маған телефон соғып, мені тағайындауға қол қойғанын айтты,-деп өз ойымен бөлісті.
Міне, содан бергі өмірі құқықтық тәртіп әскерімен етене байланысты болды. Елбасы Н.Назарбаев жаңа тағайындалған ведомства басшысының алдына нақты тапсырмалар қойды. Елдегі экономикалық қиындықтарға қарамастан жауынгерлердің рухын көтеру соның негізгісі болды. Мемлекеттің қорғаныс әлеуетінің жағдайы Ішкі әскермен тікелей байланысты болғандықтан, ең алдымен жауынгерлік даярлыққа үлкен көңіл бөлінді. Әскери қызметшілердің жалақылары кешіктіріліп, материалдық-техникалық базасының әлжуастығы, кадр тапшылығы барлығына қарамастан жауынгерлік-даярлықты жоғары деңгейге көтеру талабы қойылды. Бұл сөз жүзінде айтылғанда оңай көрінгенімен, іс жүзінде жүзеге асыру оңайға соқпасы анық болатын. Ерекше тоқталатын бір жайт, сол кезде адамдардың үмітін ояту, болашаққа деген сенім ұялату қиынның-қиыны еді. Кейде жылы сөзімен, кейде қатаң тәртіппен қойылған тапсырманың үдесінен шығу керек болды. Сондай-ақ, ол офицерлерден жаңа заманның ағымынан қалмауды қатал талап ете білді. Әскердің бір орында тұрақтап қалуын қаламады. Офицерлердің білімін жетілдіруге, тәжірибе жинақтауына ерекше көңіл бөлді. Командир жылы кабинетте отырып, бұйрық беруші тұлға емес, жеке құрамның ыстық-суығына бірге тоңып, қиын жағдайдан қиыстыра жол тауып кетуі қажеттігін үнемі айтып жүрді. Өзі де осы ұстанымнан шықпады. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі барлық әскери бөлімдер мен жеке роталарды, әскери қалашықтарды өз көзімен көріп аралап шықты. Сондай сапарларында қарамағындағы әр командирдің уәжі мен ұсыныстарын мұқият тыңдай білді. Осындай сабырлылықтың арқасында Ішкі әскердің қалыптасып, аяғынан тік тұрып кетуіне ұшан – теңіз үлесін айтып жеткізу мүмкін емес. Жауынгерлердің тамақтануы мен жаңа ғимараттарды салу секілді үлкенді-кішілі мәселелердің шешілуіне атсалысты. Қандай істі қолға алмасын соңына дейін жеткізуге бар ынтасымен кірісті. «Мүмкін емес» деген сөз тіркесі генерал-лейтенант Б.Жанасаевтың сөздігінде болмайтын. Сондықтан болар, «Жанасаев келеді» дегенді естіген кез-келген әскери бөлім алдына жарты жыл уақыт салып, Қолбасшыларының сапарын күтетін. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, шешіле кіріскен кез-келген істі нәтижемен аяқтауы қол астындағылардың да сенімін арттыра түсті. Жеке құрамның жүректеріне жалын отын тұтату қасиеті нағыз сардарға бұйырған. Американың әйгілі ғалымы, ізденімпаз Д. Карнеги «Егер адам осыны істесе, барлығына қол жеткізеді, істемесе, ештеңеде жасай алмайды» – деп айтқан болатын. Ол не десеңіздер? Ол - «Сенімділік, өзгелерге өзіне сенім ұялата білу» деп жауап берген. Біздің кейіпкеріміз өзіне сенімді, өзгені де сендіре алатын тұлға. Әрине, экономика бірегей сала, әйтсе де негізгісі емес. Қаражаттың күшімен ақымақтың да қолы айға жетер. Ал біздің кейіпкеріміз сол кезде ел қазынасынан бөлінген қаржыны оңды-солды шашпай, орнықты жұмсап, заманауи әскери бөлімдердің қалыптасуына ықпал етті.
Ең бастысы - әскердегі жеңімпаз рухты қалыптастыру. Рухы мығым әскердің алдында алынбайтын қамал болмайды. Ішкі әскердің қызметі күрделі кездерде оны қолына алып, биік деңгейге көтеру тек іскер, еңбекқор, батыл, елжанды және темір мінезді тұлғалардың қолынан келер.
2000 жылы генерал-лейтенант Болат Жанасаев басқа да лауазымды қызметтерге ауысып, абыройлы қызметін жалғастырды. Десе де, Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұланның тарихында өшпес із қалдырды. Өміріндегі жеңісі мен жетістігінің бір парасында болды.
Бұған дейін ҚР Президенті оған мемлекеттік маңызы бар шұғыл міндет – Республикалық ұланды құруды жүктеді. 1992 жылғы наурызда Жарлықтан кейін Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовпен бірге ішкі әскерлердің жедел бригадасы базасында Республикалық ұлан құруға кірісті.
Құрылғаннан кейін сегіз жыл өткен соң генерал Болат Жанасаев – салтанатты рәсімдерді орындауға қатысуға, Мемлекет басшысының және өзге де күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, аса маңызды мемлекеттік объектілерді күзетуге арналған, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын құрылған арнайы әскери құралымды білдіретін Республикалық ұланның Қолбасшысы болды.
Содан кейін – "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалуына байланысты ҚР Қарулы Күштеріне көшу (2003 ж.қыркүйек) және қызмет орнын кезекті ауыстыру-төтенше жағдайлар министрлігінің Вице-министрі болды.
Кейіннен оған Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрінің орынбасары лауазымында қажырлы жұмыс күтіп тұрды. Қорғаныс министрлігінде ол өзінің парламенттік заң шығару қызметінің нәтижелері Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру мен қалыптастыруда баға жетпес рөл атқарғанын іс жүзінде сезінді.
Бүгіндері дарабоз тұлға еліміздің маңдай алды компанияларының бірінде ел игілігі үшін еңбегін әрі қарай жалғастырып келеді.
Иә, өмір шыдамдыларды ұнатады. Батыстың пірәдар ғалымдары қанша жерден «армандай білу» туралы айтса да, жетістікке жетудің бір жолы – ұзақ уақыт бойы халыққа қалтқысыз қызмет ету екені өмір дәлелдеген аксиома. Сондықтан, қазіргі өскелең ұрпаққа теңіздің арғы бетінен «данагөйлерді» іздемей, өз арамызда жүрген нар тұлғалы ерлерден үлгі алса болғаны. Ал, генерал-лейтенант Болат Жанасаевтың ғибратты ғұмыры осыны дәлелдеп тұр.
Құрметті демалысқа шыққаннан кейін генерал Қарулы Күштермен, Ұлттық ұланмен, Мемлекеттік күзет қызметімен және өзінің туған білім ошағына айналған С. Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтымен, бұрынғы АВОКУ-мен, сондай-ақ ардагерлермен және қуралас достарымен байланысын үзбеді. Керісінше, қолы босағанда барлығымен етене араласып, бауырындай болып кетті.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»,-демекші, Болат Бақытжанұлының балалары да лайықты азаматтар болып өсті. Әр қайсысы қоғамда өздерінің орнын тапты.
Жүрегінің қалауы бойынша Отан қорғаушы мамандығын таңдаған Болат Бақытжанұлы Жансаевтың өмір жолына қарасаң, лейтенанттан - генерал-лейтенантқа, звод командирінен – ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің Қолбасшысы, Қорғаныс министрінің орынбасырына дейін өткен талайға толы қызмет жолын байқауға болады. Ол қазақстандық әскердің, еліміздің басқа да әскерлері мен әскер түрлерінің қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосты. Жетпістің биігіне жеткен кейіпкеріміздің замандастары мен әріптестерінен еліне елеулі еңбек еткен азаматқа деген құрметті байқау қиын емес. Әскери ортада беделі үлкен. Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданы, Ақтөбе облысы Қандағаш қаласының құрметті азаматы атанған Болат Бақытжанұлы Жанасаевты 70 жылдық мерейтойымен біз де шын жүректен құттықтаймыз
ҚР Ұлттық ұланы Бас қлолбасшысының орынбасары генерал-майор Әлібек Серәлиев