Қазақстан Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қарулы күштердің реформалаудың басым міндеттерін нақтылады. Олар әскерлердің жауынгерлік қабілеті мен жауынгерлік дайындығын, әскери қызметтің беделін арттыруға және әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдауға бағытталып отыр, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Бүгінде Қазақстанда Арнайы операциялар күштері құрылып, жетілдірілу үстінде. Күштік құрылымдардың өзара іс-қимылы және түрлі ведомстволық әскерлер топтамасын бірыңғай қолбасшылықпен қолдану мәселелері пысықталуда. Мемлекеттік органдардың іс-қимылдарының бірыңғай алгоритмі әзірленді. Қарулы күштерді қолдану ерекшеліктері айқындалды.
– Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарды талдау, оперативтік өнер мен тактика саласындағы жаңа көзқарастар негізінде әскерлерді қолдану нысандары мен тәсілдеріне жаңа элементтер енгізіліп жатыр. Бұлар түрлі оқу-жаттығулар барысында сыналуда, – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.
Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп аумақтық әскерлерді қалыптастыру тәсілдері қайта қаралуда. Резервте қызметті енгізуге қатысты заңнамаға өзгерістер дайындалуда.
Армия қызметінің барлық салаларына цифрлық технологияларды енгізу жалғасуда. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алу цифрлық форматқа ауыстырылды. Бұл жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік беріп отыр.
Әскерлерді қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи және жоғары технологиялық үлгілерімен техникалық жарақтандыру жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Министр орынбасарының айтуынша, басым бағыттар бойынша әскери өнімдер атауларының тізбесі анықталды. Оған майдандық және әскери-көлік авиациясының ұшақтары, зымыран-артиллериялық қару-жарақ, броньды танк техникасы, ұшқышсыз басқарылатын аппараттар және басқа да робот техникасы, оқ-дәрілер кіреді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қару мен оқ-дәрілерді сақтау объектілерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында заманауи қоймалар мен әскери қоймалар салу, сондай-ақ қолда бар сақтау нысандарын жетілдіру көзделіп отыр.
Қазақстан бітімгершілік әлеуетін нығайтуға және БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына қатысу ауқымын кеңейтуге мүдделі.
Кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында әскери білім беру жүйесін дамыту және кадр саясатын жетілдіру шаралары қабылдануда. Бұл тұрғыда Қарулы күштердегі кадр саясатының 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін мерзімді әскери қызметтің беделін арттыруға қатысты бірқатар бастамалар пысықталу үстінде. «Тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасын іске асыру шеңберінде Қорғаныс министрлігі бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие 16 мамандық негізінде мерзімді қызметтегі сарбаздарды даярлауды жүргізеді.
Әскери қызметшілер мен Арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің әлеуметтік пакеті жетілдірілуде, бұрын олқылықтар мен қайшылықтар болған әскери қызмет өткеру мәселелері регламенттелді. Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды.
Биыл еліміз Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығын атап өтеді.
– Жыл бойы соғыс ардагерлерін құрметтеу, қаза болғандарды мәңгі есте сақтау шаралары, әскери-патриоттық акциялар, мәдени ойын-сауық және спорттық-бұқаралық іс-шаралар жоспарланған. Аталған шаралар елдің бүкіл өңірінде жастарды кеңінен қамти отырып ұйымдастырылатын болады, – деді Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев.
Соғыс ардагерлеріне көрсетілетін көмек те ерекше назарға алынып отыр.
Жыл басынан бері Қорғаныс министрлігінің кешенді ақпараттық-түсіндіру тобы үлкен жұмыс атқарды. «Күшіміз бірлікте» акциясы барысында еліміздің батысы, оңтүстігі мен солтүстігіндегі гарнизондарда әскери қызметшілермен кездесулер өтті. Колледж студенттерімен және орта мектеп оқушыларымен әскери-патриоттық жұмыс жаңа пішінде ұйымдастырылды. Қазақстандықтардың 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына және Ұлы Жеңіске қосқан үлесіне арналған Мемлекеттік әскери-тарихи музейі көшпелі көрмесі азаматтардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында елорданың «Қазақстан» орталық концерт залында мерекелік концерт өтеді. Елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қалалық саябақтың амфитеатрында Қарулы күштердің құрылғанына 30 жыл толуына арналған концерттік бағдарлама дайындалуда.
Мереке күндері еліміздің әр өңіріндегі әскери шығармашылық ұжымдар қарттар үйлерінде, соғыс ардагерлері тұратын үйлердің аулаларында, сауда ойын-сауық орталықтарында өнер көрсетеді.
Қазақстанның барлық өңіріндегі Даңқ мемориалдарына, әскери борышын атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алуға арналған монументтерге, Ұлы Отан соғысының жауынгерлерінің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдері ұйымдастырылады.
9 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтары қойылатын болады.