Тәрбие – тектіліктің кілті

11638
Фотосурет: ҚР Ұлттық қызметінің баспасөз

Халық Қаһарманы Қайрат Үмбетов туралы үзік сыр

Қазақ халқы «тәрбие- тал бесіктен» деп бекер айтпаған. Ұлы дала елінде іздегенге табылар ақыл, қажетті кеңес, игі дәстүр және нақылға толы аңыз-әңгімелер жетіп артылады. Десе де, осы нақыл сөздің мағынасы телегей.

Қарға тамырлы қазақ халқының шапса тұлпардың, ұшса қыранның қанаты талар жерге, оның іші мен сырты толған игілікке ие болуы рухани мықтылығы мен жеті атадан жалғасқан тектіліктен екені анық. Болашағын ойлаған қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне үлкен мән берген. Тәрбие бара-бара еңбексүйгіштікке, еңбексүйгіштік – игілікке, игілік – бақуаттылық пен рухани байлыққа, әрі қарай тектілікке алып келеді. Міне, тәрбиенің мәні осыда. Тәрбие – тектіліктің кілті. Еңбекқорлық елжандылықтың бастауы.  Барлығы бір күнде болуы мүмкін емес. Ұлттық тәрбие атаның қанымен, ананың сүтімен дариды. Және де атадан балаға мирас болып жалғасады.  Сондықтан, бізде ел бастар көсем, ел қорғар батыр көп болған. Асылдың сынығы, жақсының сарқытындай болған мәрт азаматтар Ұлттық ұлан қатарында да аз емес. Солардың бірі де бірегейі – Халық Қаһарманы, «Отан» орденінің кавалері, «Қазақстанның жүз есімі» жобасының жеңімпазы полковник  Қайрат Үмбетов.

Батырлық білекте емес, жүректе

Батыр болу үшін білек қана емес, түкті жүрек те керек. Ал біреу үшін өз өміріңді қиюға дейін бару кез келген адамның қолынан келмейді. Біздің кейіпкеріміз осындай қатерлі сағатта басын бәйгеге тігіп, жас сарбаздың өмірін қорғап қалды. Міне, оны нағыз ерлік деп айтуға болады. 2016 жылы 7 сәуірде Қарағанды облысындағы Қарабас елді мекенінде 6505 әскери бөлімінің кезекті оқу-жаттығуы өтіп жатты. Бұған әскерге он ай бұрын шақырылған жауынгерлер қатысты.  

 – Жас сарбаздар оған дейін автомат пен тапаншадан оқ атып, жауынгерге керекті машықтарды меңгерген болатын. Енді олар жарылғыш граната лақтырып үйренуге келген еді. Маған сол кезде оқу-дайындыққа жауапты маман ретінде қауіпсіздікті қадағалау міндеттелді. Сонымен жаттығу басталды. Алғашқы болып Тараздан келген қатардағы жауынгер Абзал Сұлтанқұлов РГД-5 гранатасын қолға алды. Оған пәрмен берілгеннен кейін ол гранатасын құлаштап лақтырды. Алайда гранатаның салмағы ауыр болғандықтан алысқа ұшпай, қарсы соққан желдің екпінімен окоптың жиегіне, үйілген топыраққа түсті. Содан ол домалап сарбаз екеуміз тұрған тұсқа жетті. Тәртіп бойынша граната лақтырғаннан кейін сарбаз тұрған жерінде отыра қалу керек. Абзал сол тәртіп бойынша қаруын ұстап, отыра қалды. Жауынгер өзі лақтырған гранатаның табанының астына түскенін білмеді. Енді шалт қимылдасаңыз, ол 3-4 секунд ішінде жарылады. Сол сәтте бойымды қандай сезім билегенін білмеймін, оны аман алып қалам деп соған қарай ұмтылдым,-деп естелігін бастады Ұлттық ұлан қаһарманы.

«Сондай кезде өзіңізге қауіп төнеді деген қорқыныш ой болған жоқ па?», - деген сауалымызға былай деп жауап берді.

– Жоқ, ондай ой болған емес. Бәрі қас пен көздің арасында болды. Алдымен өзіме жүктелген жауапкершілікті ойладым. Мен үшін қалай болғанда да оның өмірін сақтап қалу маңызды болды. Менің орнымда басқа әскери адам болса, ол да сондай әрекетке барады, - деп қысқа қайырды.

Өмірлік таңдау

Басқа мамандыққа қарағанда әскери саланың қыры мен сыры көп. Адам балалық шағында арманшыл болады ғой. Кейіпкерміз бала күніңде әскери маман болуды армандағанын жасырмады. Батыр офицер қиялшыл баланың бірі болғанын айтады. Жастайынан Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов секілді ержүрек адамдардың соғыс туралы жазған кітаптарын қызығып оқыды.

Бүгінде құрметті еңбек демалысында жүрген әкесі Жарылқасын Сәттібайұлы ішкі істер саласында ұзақ жыл абыройлы қызмет етті. Жұмыс бабымен сонау Ресейдегі Ленинград қаласында (қазіргі Санкт-Петербург) қызметін өтеді. Одан кейін Ташкент облысына ауысып, қызметін Шыршық қаласында жалғастырған. Міне, біздің кейіпкеріміз Қайрат Үмбетов осы қалада дүниеге келген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, бала кезінен әскери қызметкер болуды армандағаны түсінікті еді. Әкесі Жарылқасын темірдей тәртіптің адамы еді. Балаларын осы тәртіпке үйретті. Сондықтан әкесінің өмір жолы болашақ қаһарманға үлгі болды десек, артық айтқандық болмас. Айтпақшы, бауыры Азамат та әскери саланы таңдаған. Қысқасы, екеуі  де әкелері салған соқпақпен жүруді парыз санады.

Мектепті ойдағыдай аяқтаған Қайрат Жарылқасынұлы өзі дүние есігін ашқан Шыршықтағы Жоғары танк командирлерінің инженерлік училищесін тәмамдап, Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде еңбек жолын бастайды. Аталмыш әскери бөлімде батальон командиріне дейін көтеріледі. Одан кейін Щучьедегі Ұлттық қорғаныс университетіне оқуға түседі. Кейін Павлодар, Өскемен, Қарағанды қалаларында қызметін сәтті жалғастырады. 2016 жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің Бас штаб академиясы факультетіне магистратураға қабылданады. Содан кейін, кезінде лейтенанттан  қызметін  бастаған 6506 әскери бөліміне командир болып тағайындалады.

Командир – жеңістің әкесі

Өмірде әскери қызмет өткерумен кездеспегендердің арасында «командир бұйрық береді және бәрі оны орындауға жүгіреді» деген пікір бар. Әскери өмірдің өмір салты Жарғының параграфтарымен және әскери бөлімнің қоршауымен шектеледі. Бұл терең қате түсінік. Командир – шығармашылық адамы. Ол жеке құраммен жұмыс жасайды. Оны зерделеу, оқыту, жауынгерлік және қызметтік даярлықты, жауынгерлік қызметті ұйымдастыру, тұрмыстық мәселелер, өзара іс-қимылды ұйымдастыру командирге жүктелген. Командир – кең ойлы адам болуы тиіс. Өйткені ол адамдармен жұмыс істейді. Бір жауынгерлік тапсырманы орындау үшін де адамға  үлкен білім мен жігер қажет. Кейіпкеріміз 6506 әскери бөлімінің командирі болып жүргенде өзін озық қырынан таныта білді.

Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, салдарынан көрші орналасқан Қазақстанның Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бірнеше ауылын су алған болатын. Сол кезде 6506 әскери бөлімінің командирі полковник Қайрат Үмбетов бастаған әскерилер  оқиға орнына аттанды. Олар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылды. Елді мекендерге кіре берісте 8 бақылау өткізу пункттері жасақталып, ұландық жауынгерлер полиция қызметкерлерімен бірге тексеру жұмыстарын ұйымдастырды. Сондай-ақ, су басқан елдімекендерде әскери жасақтар құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шараларды ұйымдастырды. Қызмет үш ауысым бойынша жүргізіліп, бірнеше қырағылық үлгілері орын алды. Осының барлығының басы-қасында полковник Қ. Үмбетов болды. Өзі де ержүрек батыр, қол астындағыларды да ерлікке рухтандырды.

– Отанды қорғау – әрбір азаматтың міндеті, перзенттік парызы. Сондықтан оны әрбір адам білуі тиіс. Бабаларымыз «Отанды сүю – иманнан» деп бекер айтпаған. Қазіргі жастар иманды, білімді. Олар тәуелсіздіктің қадірін жақсы біледі. Бойларында отансүйгіштік рух та атойлап тұр. Оны Отан алдындағы міндетін өтеуге келген жас сарбаздардан көремін. Ең бастысы – өзіне сенімді болу және жеке құрамына сенімді болу керек. Сонда ғана, артынан сарбаздар ереді. Елжанды жеке құрам болса, алынбайтын қамал болмайды, - деп өз ойын қорытындылады. 

Ұлтымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы: «Командир – жеңістің әкесі» деп айтқан болатын. Басқа офицерлік қызмет бір төбе де, командир болу бір төбе десек қателеспейміз. Өзіңе сеніп тапсырылған жеке құрамның әр жауынгеріне жауаптысың. Өзің барлық жағынан үлгі болуға тиіссің. Командир өзі де батыр және жеке құрамды батылдыққа үндеуге тиіс. Өйткені, артыңда жауынгерге сенген ел тұрады. Кейіпкеріміз әкелік қамқорлықпен, қатал талапшылдығымен дараланады. Өзіне жүктелген міндеттерді адал орындай біледі. Сол арқылы басшылық тарапынан зор сенімге ие болып, Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы қызметіне тағайындалды. Командирлік тәжірибе оны биік жетістіктерге жетуге шыңдады.

Штаб – әскердің миы

Өңірлік қолбасшылықтың штабы қарамағындағы әскери бөлімдердің  миы іспетті болды. Мұнда уақытпен санасу болмайды. Күні-түні еліміздің түкпір-түкпірінен келіп жатқан шұғыл жедел хабарлар, шүғыл шешімді талап ететін. Өңірдің әр қаласында орналасқан әскери бөлімдерге тез әрі қысқа да нұсқа тапсырмалар берілуі керек. Қайрат Жарықасынұлы осы қызметтің қара қазанында қайнауда. Офицерлер тапшылығынан бөлек, сардар мен сарбаздардың күнделікті әскери қызмет барысы, жатын орны, киім-кешегі, қару-жарағы мен тамағы, оған қоса «штаттан тыс жағдайларды» реттеу штабқа келіп тірелетін. Бір қарағанда, кәсіби білікті сардарға өз қызметін орындауға оңай көрінер. Шынтуайтына келгенде, штаб бастығы болу үшін картаның тілін мінсіз түсінетін, тапсырмаларды нық қоя алатын, сауатты, батыл әрі өмірдің сүрлеуінен сүрінбей өткен жан-жақты офицер болуды талап етеді. Бұл міндеттің үдесінен офицер мінсіз шығуда. Өз қызметінде жоғары басшылықтың зор сеніміне ие.

- Өңірлік қолбасшылықтың Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Жаңаөзен қалаларындағы әскери бөлімдер бар. Батыстық ұландар өңірдің ішкі тыныштығы мен құқықтық тәртібін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Күн сайын жүздеген ұландық  полиция қызметкерлерімен бірге, аталған қалаларда қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайды. Тәуліктің 24 сағатында жауынгерлік қызмет атқарады. Сонымен қатар, өңірдегі қоғамдық-саяси және басқа да бұқаралық іс-шараларда тұрақтылықты қадағалайды. Сондықтан өңірдің стратегиялық маңызы зор. Әсіресе, қаралы қаңтар оқиғасында бұған көзіміз анық жетті,-  дейді полковник Қ. Үмбетов.

«Халық айтса, қалып айтпайды»

Полковник Қ. Үмбетовтың беделі биік. Оның ерлігі туралы құқықтық тәртіп әскерінің жеке құрамы  жақсы біледі. Сонда да, қаруластарының бір-екі пікіріне құлақ түре кеткеніміз абзал.

- Біз Ұлттық ұлан қатарында Халық Қаһарманы полковник Қайрат Үмбетов қызмет ететінін мақтанышпен айтамыз. Офицерлер бұл кісіден үлгі алулары қажет. Ол өз өмірін қатерге тіге отырып, сарбазды ажалдан құтқарды.  Әлі есімде 2016 жылдың сәуір айы болатын. Мен ол кезде «Орталық» өңірлік қолбасшылығында тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы болып қызмет атқарған едім, - деп естелігін бастады  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Берік Тоқтаров.

- 6505 әскери бөлімінің Қарабас елдімекенінде өтіп жатқан оқу-жаттығу кезінде полковник Қайрат Үмбетов көзсіз ерлік танытты. Ол өз өмірін қатерге тіге отырып, сарбаздың өмірін сақтады. Сол арқылы Отанға және Әскери антына  деген шексіз адалдығын танытты. Ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Қайрат Жарылқасынұлы ауруханада есін жиғанда жанында тұрғандардан «Жауынгер аман ба?» деп сұрады. Олар «аман» дегенде ғана жүрегі тынышталды. Адамгершілік деп осыны айтса болады. Ауруханада ұзақ емделді. Денесінде гранатаның біраз жарқыншағы бар еді, дәрігерлер оның жартысына жуығын алып тастады. Тек аяғы мен желке тұсындағы жарқыншақтар ағзаның күрделі тұстарында болғандықтан кейінге қалдырылды. Кейін сарбаздың әке-шешесі келіп, баласын аман алып қалғаны үшін офицерге  алғысын айтты. Әлі күнге дейін ол кісілермен жақын араласып жүр. Солай дегенмен де, офицер бұл жағдайды ерлік деп емес, әскери борышым деп санайды. Бұл оның жоғары адами қасиетінің белгісі. Мұндай қасиет  ұзақ  уақыт бойы халыққа қалтқысыз, еліне елеулі  қызмет еткенде ғана адамның бойына дариды. Күнделікті тірнектеген жанкешті еңбек, адам баласына аяулы сезімі тоқырамайтын риясыз жүрек, ізденістен жалықпас нұрлы ақыл ғана рухани өсуге, биік межеге жеткізеді. Полковник Қ. Үмбетов осындай сара жолдан өту арқылы жоғары жетістіктерге қол жеткізді, - деп Берік Серікұлы өз ойын қорытындылады.

Осы ерлігі үшін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Жарлығымен 2016 жылдың 3 мамырында Қайрат Үмбетовке Алтын жұлдыз және «Отан» орденімен бірге, «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Тағы бір қарулас досы 6654 әскери бөлімінің командирі полковник Жандос Қасымов былай деп сыр шертеді: «Полковник Қайрат Үмбетовпен бірге қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Офицерлік мансабында қызмет еткен барлық жердегі әріптестері ол туралы жақсы пікір білдіріп, құрмет көрсетеді. Қарамағындағылар арасында іскерлік беделге ие. Ал ең жоғарғы дәреже – «Халық қаһарманы» атағы оның Отанға сіңірген еңбегін айшықтап тұрғандай. Ол бүгінде Отанға жанқиярлық адалдықтың, әскери борышын адал атқарудың, өз ісінің жоғары білікті маманы болудың үлгісі», - дейді ол.

Командирдің айтуынша, әскери қызметшілер санатында алғашқы жылдардан-ақ қолбасшылық қабілетке ие буын бар. Қайрат Үмбетовті дәл осы санаттағы офицер деп атауға болады. Ол бірқатар қызметтерден өтіп, Павлодардағы айдауылдау полкін, одан кейін Өскемен қаласындағы полкті басқарды. Ал үш жарым жылдан кейін Қарағанды құрамасы командирінің орынбасары қызметін атқарды. Араға бір жыл салып, осы құрама штабының бастығы, яғни командирдің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. Бас штаб академиясында «Әскери істегі стратегиялық менеджмент» атты жаңа мамандықты игерген соң Шымкент қаласындағы құрамаға пәрменгерлік етті. Қайрат Жарылқасынұлы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы қызметінен де абыроймен өтті. Сөзсіз ерлік жасаған офицердің қарапайымдылығы мені қатты тебірентті. Міне, офицерлердің жас буыны осындай шынайы үлгілер негізінде тәрбиеленуі керек.

Отбасым – береке мекені

Отан үшін отқа түсуге даяр полковник Үмбетовтің көпке үлгі боларлықтай отбасы бар. Офицердің өмірлік жолында ыстық-суығына бірге төзіп, қуанышын бөліп келе жатқан жан жары Гүлмира Әділбекқызы тек қана үйдің берекесін кіргізуші емес, берік іргесі. Жұбайы Энергетика министрлігі Геологиялық бақылау комитеті заң басқармасының бас маманы болып еңбек етуде. Кейіпкеріміз екеуі Ұлан, Алан есімді болашақ батырларды тәрбиелеп отыр. Ұлан Орал қаласындағы физика-математикалық мектептің бірінші сынып оқушысы, «Ястреб» хоккей үйірмесіне қатысады. Алан бала-бақшада. Ең бастысы – өмірлік жары Гүлмира Әділбекқызы биыл қаһарманға көптен күткен Әнел есімді қыз сыйлады. Офицер, қаһарман, азамат – барлығы полковник  Қайрат Үмбетов туралы.

Жуырда Ішкі істер министрінің бұйрығымен полковник Қайрат Үмбетов Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Бұл Отанға деген адалдығы, ісіне деген сүйіспеншілігі, қызметке деген риясыз берілуінің және өзінің азаматтық һәм адами қасиеттерінің арқасында қол жеткізген биігі деп білеміз. Елім деген ерлер аман болғай!  

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -