ОКҚ-да Түркиядағы табиғи апат аймағында ҚР ТЖМ құтқарушыларының іздестіру-құтқару жұмыстары туралы брифинг өтті

11022

Орталық коммуникациялар қызметінде Түркиядағы табиғи апат аймағында ҚР ТЖМ құтқарушыларының іздестіру-құтқару жұмыстары туралы брифинг өтті. Спикер ретінде Төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министр И. Д. Күлшімбаев сөз сөйледі, деп хабарлайды DKNews.kz. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 7 ақпанда құтқару бөлімшелерінің күштері мен құралдары, оның ішінде Қазақстан ТЖМ құтқарушылары, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері және кинологиялық есептоптар алғашқылардың бірі болып екі эшелонмен жолға шығып, ең күрделі қираған объектілерде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге кірісті. Қазақстандық құтқарушылар тобын ТЖ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев басқарды. Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарына Астана және Алматы қалаларынан, Ақмола және Қарағанды облыстарынан құтқарушылар қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, Түркияның үш өңірінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының күшімен 7 адам құтқарылды. Қаза тапқан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесі шығарылды.

Құтқарушылар қолмен, сондай-ақ инженерлік техниканы, авариялық-құтқару жабдықтарын, шанц аспаптарын тарта отырып, 250 мың текше метрден астам үйінділерді бөлшектеді.

Сондай-ақ, Қазақстан ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері тәулік бойы зардап шеккендерге білікті медициналық және психологиялық көмек көрсетті. 200-ден астам жергілікті тұрғындар мен құтқарушыларға, оның ішінде 30-ға жуық балаға медициналық көмек көрсетілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша табиғи апат аймағына 55 тонна көлемінде гуманитарлық көмек жеткізілді. Гуманитарлық көмекті тиеумен ТЖМ әскери қызметшілері айналысты. Сонымен қатар, ТЖМ атынан ардагерлер кеңесінің көмегімен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 10 киіз үй жіберілді.

Іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстары үздіксіз, тұрақты афтершок кезінде, онсыз да тұрақты емес конструкциялардың қайта құлауының тұрақты қаупі кезінде жүргізілді. Сонымен қатар, жұмыс қаза тапқандардың көптігімен және ТЖ аймағында олардың туыстары мен жақындарының болуымен байланысты жоғары психоэмоционалды жүктеме жағдайында жүргізілді.

Барлық іздестіру-құтқару жұмыстары қолда бар барлық озық әдістемелер мен технологияларды – зардап шеккендерді техникалық іздеу аспаптарын, заманауи құтқару жабдықтары мен инженерлік техниканы қолдана отырып жүргізілді.

Қойылған міндеттер қауіпсіздік техникасын бұзбай, толық көлемде орындалды. Біздің ТЖМ құтқарушыларымыз апат аймағында кәсіби, батыл және нәтижелі әрекет етті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -