Ең сұлу әйел – қазақ әйелі

46871

Кемеңгер жазушы Мұхтар Мағауин қазақ әйелдерін әлемдегі «ең сұлу әйелге» теңеген. «Ұлтты қазақ қылған қазақ әйелдері болатын, олар сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, елдің көркі» деп қазақ әйелдерінің мықтылығын, ақылдылығын айтып өткен.

Ұлттық ұлан қатарында да осындай асыл қасиеттерді бойына сіңірген әскери қызметші-әйелдер жетерлік. Солардың бірі – Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан Академиясында Әскери-ғылыми орталығының баспахана қызметінде аға маман лауазымында қызмет етіп жүрген кіші сержант Тұрсынай Керімбекова. Кейіпкеріміз көпбалалы ана, Президенттің Жарлығымен 2019 жылы Күміс алқа, 2020 жылы Алтын алқа иегері атанған. Осы орайда, әскердегі көпбалалы ана ретінде көктем айының шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнінде Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі М. Ахметжановпен кездесуге шақырылып, жүздескен болатын.

Биылғы мереке жылдағыдан ерекше

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі М. Ахметжановпен жүздесіп, сырласу екінің бірінің маңдайына жазыла бермеген бақыт. Бірақ Тұрсынай Керімбекова сондай бақытты сезінген жанның бірі, ол 8 наурыз – Халықаралық əйелдер күні мерекесі қарсаңында Петропавл қаласынан Астанаға қонаққа келді.

– Ішкі істер министрі М. Ахметжанов мереке қарсаңында ел қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген əйел азаматшалармен кездесу ұйымдастырып жатыр, сол себепті өзіңізді Ұлттық ұлан атынан Астана қаласына шақырамыз деген шақыру келген кезде, əрине, қуаныш сезімімен қатар қорқыныштың да болғанын жасырмаймын. Себебі, лауазымды тұлғаның алдында жауапкершіліктің зор екенін сезіндім. Сондықтан əрбір сөзімнің маңызды, салмақты болуы үшін барымды салдым. Марат Мұратұлын өте қарапайым, жаны қазақ деп соғатын өз елінің патриот азаматы ретінде таныдым. Сұхбаттасу барысында полиция генерал-полковнигі М. Ахметжанов өзінің балалық шағымен бөлісті, бала күнінде анасын мерекемен қалай құттықтайтынын айтып, əдемі естеліктерімен балалық шағына саяхат жасады. Кездесуге шақырылғандар Қазақстанның əр қалаларынан 12 ару келген. Олар Отан қорғау саласында өздерінің борыштарын адал орындап, үлгілі қызметшілер қатарынан көрініп жүрген жандар. Əр түрлі санаттағы нəзік жанды арулар өздерінің қызметтері мен лауазымдары туралы айтып өтті. Қызметтің жауапкершілігін сезінген əйел-арулар отбасының да түтінін түзу түтетіп жүрген жандар екен. Мен кездесуге Ұлттық ұлан қатарындағы көпбалалы ана ретінде шақырылдым, сұхбаттасу барысында əскери қызмет пен отбасын қалай қатар алып жүргенім туралы, сонымен қатар əскери қызметтің қиындығы мен қызық тұстарын айтып өттім.

Жалпы, жыл сайын мерекеде жан-жарым мен балаларым гүл шоқтарымен, өлең, жыр-шумақтарымен қуантатын, ал бұл жылғы мейрам  мен үшін ерекше болды. Мені көпбалалы ана ретінде қадірлеп, құрметтеп, бағалаған Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы мен Ұлттық ұлан Академиясының басшыларына алғысымды айтамын. Ұлттық ұлан сапында атқарған қызметімді əрқашан мақтан етемін!

Кездесу барысындағы сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, өте жылы жүздесу болды, өзінің байыпты мінезінің арқасында елдің қамын ойлайтын осындай лауазымды тұлғаның деніне саулық, басына амандық тілеймін, – деп Тұрсынай Құдіретқызы кездесуден алған əсерімен бөлісті.
Ал мереке қарсаңында ведомство басшысы Марат Ахметжанов асыл жар, аяулы ана, іскер қызметкер кіші сержант Тұрсынай Керімбекованы «Құқық тəртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттап, гүл шоқтарын ұсынды жəне бағалы сыйлықпен қуантты.

Туған жер – мекен

Кіші сержант Тұрсынай Керімбекова 1981 жылдың 16 наурызында салт-дəстүрдің қаймағы бұзылмаған, киелі жер Түркістан облысы Шардара қаласында туып-өскен. Туған өлкеде Достық ауылында мектепті аяқтағаннан кейін Шымкент қаласындағы М. Əуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің биология-экология мамандығы бойынша оқуға түсіп,  бакалавриат, магистратураны ойдағыдай аяқтап шығады. Мамандығы бойынша биология пəнінің мұғалімі болып, ұстаздық етеді. Əкесі Құдірет Нұрхалықұлы туған өлкені түлету мақсатында Достық ауылының құрылуына тікелей атсалысып қарапайым мақта суғарушысынан бастап, бас бухгалтер болып қызмет атқарған. Сол кездегі Шымкент облысының тергеушісі болып еңбек етіп зейнетке шыққан. Анасы Роза Əпсəліқызы 40 жылдан астам туған өлкеде акушер-гинеколог болып, адал қызмет еткен жан. Өкінішке қарай, асқар таудай əкесі 2006 жылы дүниеден өтсе, анасы қазіргі таңда балаларының қызығын көріп, қиындықтары мен қуанышын бірге бөлісіп жүрген асыл ана. Тұрсынай Құдіретқызы отбасының тұңғышы жəне өзінен кейінгі сіңлісі Аяш тұрмыста, ол өз отбасымен бақытты күн кешіп жатса, кенже інісі Жанғали жолын қуып, əскери адам атану үшін Ұлттық ұлан Академиясында инженерлік байланыс мамандығындығы бойынша білім алуда. Ол отбасының тұңғышы болғандықтан, ата-анасы мен бауырларының алдындағы зор жауапкершілікті сезініп өседі. Оларға əрдайым қамқорлық танытып, өзінің ақыл-кеңесін үнемі айтып отырады. «Шешесіне қарап, қызын ал» дегендей, анасы ар-ұят пен ақылдың қыз баланың бойындағы ең ұлы қасиет екенін қызының құлағына құйып өсіреді. Осындай əдемі тəрбиенің жемісі – қазіргі уақытта көпбалалы ана атанып отырған Тұрсынай Құдіретқызы бір отбасының емес, үлкен əулеттің отанасы.

Үлгілі отбасының ибалы келіні

Тұрсынай Құдіретқызы 21 жасында өсіп-өнген, тамырын тереңге жайған үлгілі Көлбаевтардың отбасына алғашқы келін болып түседі. Ұлттық ұлан қатарында көп жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан полковник Жамбыл Көлбаевтың 2002 жылы адал жары атанып, жас келін ақ босағаны аттайды. Ол кезде Жамбыл Жамалұлы аға лейтенант шеніндегі жас офицер болатын. Тұрсынай Құдіретқызы бүгінде отбасының шырайын келтіріп отырған үлгілі келін ретінде айтуға болады. Ол жолдасымен бірге жеті баланы – төрт ер бала мен үш қызды тəрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Тұңғышы Мөлдір Алматы қаласында Абай атындағы Ұлттық Университетте II курс студенті болса, Дінмұхамед, Бекасыл, Мерей, Мұхамеджан мектеп оқушылары жəне кенже балалары Мейіржан мен Лаура балабақшада. Отбасының иесі Жамбыл Жамалұлы қазіргі сәтте Ұлттық ұланның Академиясында қызметін атқаруда.

Тұрсынай анасынан көрген өнегелі тəрбиесін өзінің əулетінде де көрсетуде. Қайыненесі Шарипа апайдың əрбір айтқан ақыл-кеңесіне құлақ түріп, өзінен кейінгі інілері мен келіндерінің ақылшысы болып отыр. Ал қайынатасы Жамал ағайдың көзі тірісінде батасын алып, алғысын иеленген қазақтың ибалы келіні. Кейіпкеріміз тектілігінің арқасында бір отбасының ғана емес, үлкен əулеттің сыйлы келіні атанып, өсіп-өніп отырған жан.

Үздік маман

Кіші сержант Тұрсынай Керімбекова Ұлттық ұлан қатарында 2010 жылдан бері қызмет атқаруда. Əскерге келген кезде ол үш баланың анасы болатын. Еңбек жолын Ақтау қаласындағы 3502 əскери бөлімінде арнайы батальонның комендатура қызметшісінен бастайды. Сонымен қатар, 6698 əскери бөлімінде тылдық қамтамасыз ету бөлімінде де жауапты маман лауазымдарын атқарған. Көпбалалы ананы əріптестері мен басшылары да өз ісінің маманы, іскер қызметкер ретінде таниды. Ұлттық ұлан Академиясының Əскери-ғылыми орталығының бастығы полковник Жомарт Атығаев кіші сержант Тұрсынай Керімбекова туралы былай деп өз ойын білдірді:

- Əріптесіміз өте жауапты үздік мамандардың қатарында десек болады. Үйде де, қызметте де барлығына үлгеріп жүреді. Ол қойылған барлық міндеттерді сапалы, уақытылы жəне мерзімінде орындайды, жауапкершілігі мол əскери қызметші ретінде білеміз. Əрдайым өзінің кішіпейілділігімен, адамгершілігімен ерекшеленіп отыратын маман, - деп айтып өтті.

Оның атқаратын қызметі – Ұлттық ұлан Академиясындағы курсанттар мен оқытушыларға арналған əдістемелік нұсқаулар басып-шығару мен баспа жұмыстарын атқарады.

Адал жар, қамқор ана

Ұлттық ұланның сапында қызмет етіп, өмірінің тең жартысын Ұлттық ұланға арнаса, отбасында да бала-шағаға көңіл аударып, үй иесінің де жағдайын жасауды ұмытпаған аяулы ана. Балаларының тəрбиесі мен білімге деген ынтасы мен қызығушылығын арттыруға уақыт бөліп, оларды үнемі қадағалауда ұстайды. Офицердің жары болғандықтан, Қазақстанның көптеген қалаларында болған. Атап айтқанда, Шымкент, Орал, Ақтау жəне Алматы мен Өскеменде жəне қазіргі уақытта Петропавл қаласында қызмет етуде. Отбасымен отағасының білімін жетілдіру мақсатында екі жыл Мəскеу қаласында да болған. Жеті баланың анасы бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен ел бейбітшілігі жолында адал қызмет етуде. Кейіпкеріміздің айтуынша, оған қызығып, таңданып қарайтындар да көп екен.

– Мен Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқарып келе жатқаныма он үш жылдан асты. «Ана ретінде бəріне қалай үлгересің?» деген сұрақтар жиі қойылады. Қызмет пен отбасындағы міндетті атқаруда маған үнемі жолдасым мен ата-анамыз жəне балаларым көмектесіп отырады. Қызым тамақ пісіріп, үйдің шаруаларын реттейді, балаларым бір-біріне қамқор. Көпбалалы отбасында өскен бала əрқашан көпшіл, бауырмал, жанашыр болып өседі. Мен олардың сабақ үлгерімдері мен үйірмелерін үнемі қадағалап, реттеп отырамын, жолдасым көбіне елдің тыныштығын қамтамасыз ету жолында қызмет атқарып, еңбек етеді. Сондықтан қызметпен қатар, отбасының да берекесін жасап отыруға тырысамын, – дейді Тұрсынай Құдіретқызы.

Отбасы мен əскери қызметті қатар алып жүрген кейіпкеріміздің жетістігі осындай. Ол отбасында үй шаруасымен, қызметте əскери міндетін абыроймен орындау арқылы көпке үлгі болған жан. Адамгершілігі мен имандылығы жүзінен көрініп тұратын Тұрсынай Құдіретқызының алдағы қызметіне сəттілік тілеп, отбасына бақыт тілейміз!

Лейтенант Құралай ҚОҢЫРАТБАЕВА

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -