Фестиваль жеңімпаздары анықталды

1253
Фотосурет: Ұлттық ұлан

1 маусым күні Астана қаласында жыл сайын өткізілетін «Әскери керней» әскери оркестрлер сайысы ұйымдастырылды.

Аталмыш сайыста еліміздің өңірліктерінен келген оркестрлер өз өнерін паш етті.

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кеңесшісі генерал-майор Альберт Маткаримов сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, іс-шараның шымылдығын ашып берді.

Байқауға Ұлттық ұлан Академиясының оркестрі, «Оңтүстік», «Орталық», «Батыс» және «Шығыс» өңірлік қолбасшылықтарының құрама әскери оркестрлері, сонымен қоса Ұлттық ұлан Үлгілі-көрсетімді оркестрлері өз бақтарын сынады.

Өнер додасы екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде өнерпаздар сахнада жеке өздерінің өнерлерін көрсетсе, келесі кезеңде әскерилер плац-концерт көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді. Сайыста әскерилер «Қырманға кел, қалқатай», «Атамекен»,  «Адай» күйі,  «Жаса, Қазақстан!»,  «Егемен елім» сынды қазақ тарихындағы танымал ән-күйлерді түрлі аспаптармен сүйемелдеп, сайыстың көркін қыздырды.  Қазақ эстрадасындағы жастар талабына сай әуендер де орындалып, жас сарбаздарға керемет көніл-күй сыйлады. Оған қоса, әлемге танымал шетелдік әндер де орындалды. Бұл әскерилердің жан-жақты, ізденімпаздығының тағы бір қырын көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша әділқазылар мен көрермендердің ыстық қошеметіне бөленіп, дүйім жұртты тәнті еткен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жиынтық оркестрі Гран-при жүлдесін жеңіп алды. «Қуанышым менің», «Аспанға қараймын», «Ақ тілек», «Қызыл раушан», «Чемпиондар әні» және т.б әндерді жоғары деңгейде
шырқап, лайықты түрде үздіктердің үздігі атанды. Жүлделі I орынды  «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жиынтық оркестрі иемденді. Оркестрдің басты ерекшелігі шығармаларының барлығы дерлік қазақ тіліндегі әндер болды. Ал II орынды «Орталық» және «Шығыс» өңірінің өнерпаздары өзара бөліп алды. Қола жүлде Ұлттық ұлан Академиясының оркестріне бұйырды.

«Біріншіден баршаңызға аталмыш додаға атсалысқандарыңызға және шараны ұйымдастыруға көмек қолын созған ардагерлерге, әскерилерге алғыс білдіремін. Оркестрлердің деңгейі алдыңғы жылдан қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл бізді қуантады. Сайыста жастар талабына сай әндер де, тарихи шығармалар да орын алды. Ескі әуендерді естігенде көз алдымызға тарих елестеді. Жаңа киім үлгілеріңіз де үйлесімді. Осындай аз уақыт ішінде сайысты жоғары дәрежеде өткізу үлкен шеберлік, үлкен табыс. Қатысушыларға және ұйымдастырушыларға зор денсаулық тілеймін, Отанымыздың гүлденуі жолындағы қызмметтеріңізге табыс тілеймін» деп  Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кеңесшісі генерал-майор Альберт Полатұлы сайысқа қатысушыларға алғысын білдіріп, өнерлеріне тәнті екенін жеткізді.

Дәстүрге айналған «Әскери керней» фестивалі биыл да жоғары деңгейде өтті.

Әдетте, әскерилер дегенде дүйім жұрттың көз алдына ел тыныштығын күзететін азаматтар ғана елестейді. Әрине, Отанды қорғау – олардың басты міндеті. Алайда, олардың арасында жеті қырлы, бір сырлы азаматтар да бар екенін ұмытпаған жөн. Әскери керней байқауы өз өнерін көрсеткісі келетін әрбір Отан қорғаушыға зор мүмкіндік. Мүмкіндігін мүлт жібермей, әрбір салада өзін шыңдап жүрген азаматқа тамсанасың. Қолына қалқан ұсынсаң ел қорғайтын, аспап ұсынсаң көсіліп ән шырқайтын азаматтарымыз көп болғай.

  Диас Қойшыбай,                      

ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің студенті

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -