6698 әскери бөлімінде жас жауынгерлерге арналған оқу пункті өз жұмысын бастады

10868
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Қарулы күштеріміздің әдеттегідей жыл сайын науқанмен өтіп тұратын әскерге шақырту кезеңдері аяқталысымен жас сарбаздарды әскери қызметке бейімдеп, алғашқы дайындықтан өткізу үшін әрбір әскери бөлімдерде 2 ай көлемінде оқу пункттері өз жұмыстарын бастайды. Соның бірі Ұлттық ұланның 6698 әскери бөліміне қарасты Ленгер қаласында орналасқан 4 атқыштар ротасының базасында ашылды.

Осы жылдың 26 маусымында  жаңа толықтырымды қабылдауды бастаған оқу пунктінде бүгінде 160-тан аса жас жауынгер әскери қызметтің  алғашқы дайындығынан өтіп жатыр. Жаздың аптап ыстығы онша біліне бермейтін тау бөктерінде орналасқан оқу базасына біз де ат басын тіреп, олардың тыныс-тіршілігімен таныс болдық.

Бізді күтіп алған оқу пункті бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Касымбеков Рустам Болатбекович:

«Жас жауынгерлерді әскери қызметке бейімдеуге жасақталған оқу пунктіне тек қана білікті сержанттар мен білімді офицерлер тағайындалған және олар арнайы дайындықтан өткен, сондай-ақ жоғары қолбасшылықтан бекітілген «Жас сарбаз» бағдарламасы негізінде іс-шаралар кезең-кезеңімен өткізіледі. Сарбазды терең зерделеу,  олардың моральдық-психологиялық жағдайын анықтау, рухани қолдау көрсету мақсатында әскери бөлімнің психолог-маманы күндіз-түні жұмыс істейді»,- дейді.

Мұнтаздай таза казарма іші тып-тыныш, тек қана өзінің жұмыс құжаттарын толтырып отырған кезекші сержант бізді сыпайы қарсы алып, сарбаздардың оқу сыныптарында сабақта отырғанын айтып, барар жолдың бағытын көрсетті.

Қатар-қатар орналасқан сыныптардың бірінде, жас жауынгерлерге әскери киім үлгісінің айыру белгілерін, жағасын тігуді үйретіп жатса, бірінде жарғы бойынша әскери шендердің айырмашылығын үйретіп жатқаны ашық тұрған есіктерден анық естіліп тұрды. Алғашқы  оқу сыныбында взвод командирі аға лейтенант Оралбай Ерқанат сабақ өтіп жатыр екен. Сабақты өтуге кедергі келтірмеу мақсатында біз де шеттегі партаға отыра кеттік. Әскери шендерді ажыратып, олардың атауларын түсіндіріп жатқанда жаңа ғана әскердің есігін ашқан жауынгерлеріміздің біразы әскери шен атауларын жақсы білетінін көрсетіп мүдірмей жауап беріп отырды.

Жауынгерлеріміздің оқуға, білуге құштарлығы, әскерге дейін алып келген білімі, әскери бұйрықтарды сыпайы орындауы, талпынысы жанды жылытады. Қатар отырған жас отан қорғаушылардың арасында взвод командирі бар ынтасымен түсіндіріп жатқан сабақты үнсіз ғана тыңдап, жазып отырған бет-әлпеті бір-біріне қатты ұқсаған екі жауынгерді үзіліс кезінде ақырын әңгімеге тарттық. Екеуінің жас айырмашылығын бір-екі минут қана бөлген бұл қаракөз ұландар бір үйдің егіз ұлдары Ерсұлтан мен Нұрсұлтан екен. Алматы қаласының Талғар ауданынан шақырылған егіз жауынгердің бірі Нұрсұлтан өздерінің 3 сыныптан 7 сыныпқа дейін мектеп-интернатта білім алғанын және ондағы тәртіптің де әскери тәртіпке ұқсастығын, тілге тиек етті. «Біз интернаттағы тәртіпке үйренгенбіз, отбасылық жағдайға байланысты жақын жандарымыздан жырақта жүргенде бір-бірімізге ғана арқа сүйедік.

Мұндағы әскердің қатал сынынан сүрінбей өтіп, Отанға адал қызмет етеміз деген ойдамыз, өйткені әкемізге берген уәдеміз бар»,- дейді Ерсұлтан. Бір қызығы Нұрсұлтан мен Ерсұлтанның таңдаған мамандықтар мүлде бөлек. Нұрсұлтан өмірін ел қорғауға арнаған офицер болғысы келсе, Ерсұлтан атақты аспаз болуды мақсат етіпті. Орта арнайы кәсіптік білімді аяқтап, алайда диплом алуға үлгермей әскерге аттанған жас жауынгерлердің армандары асқақ, мұраты биік екен.

Сабақ аяқталып түскі асқа шыққанда біраз жауынгерлермен жадырап отырып жаймашуақ әңгіме дүкен құрдық. Бірі - спорт шебері, бірі мәдени жұмыстарды ұйымдастырумен айналысқан үздік жүргізуші болса, бірі білікті заңгер екен. Жанарларынан жалын атқан жігерлі жастарды бір ортаға біріктірген – Отанға, туған жерге, отбасына деген шексіз махаббат екені көрініп тұрды. Оқу пунктінің жұмысы жауынгерлердің салтанатты түрде ант қабылдау рәсімімен аяқталады. Әрине одан кейін оларды Ұлттық ұлан қатарындағы 10 айға созылатын жауынгерлік қызмет күтіп тұр. Алдағы уақыттан үлкен үміт күткен  сарбаздардың сағы сынбасына сенімдіміз.

6698 әскери бөлімі

аға лейтенант  Шынжігітова Малика

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -