Республикалық әскери мектептердің тәрбиеленушілері Қарағандыда президенттік тесттер бойынша нормативтерді сәтті тапсырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бірнеше күн бойы жасұландықтардың командалары ату, тартылу және жүзуден жарысты. Қарағандыдан Талғат Бигелдинов атындағы "Жас ұлан" мектебінің оқушылары күміс жүлдегер атанды.
Талғат Бигелдинов атындағы "Жас ұлан" мектебінің базасында өткен әскери-спорттық жарыстарға Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларынан республикалық әскери мектептердің құрамалары және Астанадан келген әскери колледж командасы қатысты.
Президенттік сынақтар бойынша нормативтер пневматикалық мылтықтан ату, штанганы тарту, 50 метрге жүзу, 100 және 3000 метрге жүгіру,
сондай-ақ 4х100 эстафета мен шағын футболдан тұрды.
– Жарысқа мықты командалар жиналды, олар тек дене күшін, төзімділік пен спорттық дағдыларды көрсетіп қана қоймай, берік мінез, ерік-жігер, табандылық пен командалық рухты көрсетті, – деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрлігі орталық спорт комитетінің төрағасы – орталық спорт клубының бастығы подполковник Арман Әбеуов.
Жарыс қорытындысы бойынша Шымкенттен келген Сабыр Рахымов атындағы "Жас ұлан" республикалық мектебінің командасы үздік атанды, Қарағандылық Талғат Бигелдинов атындағы "Жас ұлан" республикалық мектебінің тәрбиеленушілері құрмет тұғырына екінші болып көтерілді.
– Біз шеберлікті арттырдық, тәжірибе жинадық, басқа өңірлерден келген құрдастарымызбен таныстық, – деді қарағандылық "Жас ұлан" республикалық мектебінің команда мүшесі Абылай Саханов.
Естеріңізге сала кетейік, еліміздің әскери мектептерінде президенттік тесттер 1996 жылы енгізілген. Олар жаттығулардың жиынтығын қамтиды, олардың орындалуы жалпы дене шынықтыру деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.