Ақтауда үстел теннисі үшін алаң ашылды

5654
Фотосурет: Ақтау қаласы әкімінің аппараты

қтауда Қазақстан халқы Ассамблеясы «Кәсіпкерлер қауымдастығының» демеушілігімен 15 шағын аудандағы теңіз жағалауында екі кәсіби теннис үстелі орнатылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Теннис үстелі алғыс айту күніне орай тұрғындарға қолданысқа берілді. Аталған жоба «Саламатты қоғам» республикалық акциясының қаладағы алғашқы бастамасы ретінде жүзеге асырылды, - деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Теннис үстелінің ашылу салтанатына Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Есбергенова, ардагер спортшылар, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Кәсіпкерлер қауымдастығының» өкілдері, облыстық үстел теннис федерациясының өкілдері, жаттықтырушылар, қалалық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен тұрғындар қатысты. Шара барысында қала әкімі сөз сөйлеп, теннис үстелі тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасау мақсатында орнатылғандығын атап өтті.

-Қаламыздың дамуына үлес қосып жүрген жандарға алғыс айтамын. Мемлекет басшысы спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында бұқаралық спортты дамыту керектігін тапсырған болатын. Теңіз жағалауындағы кәсіби теннис үстелі бұқаралық спортты дамыту және қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасау мақсатында орнатылды. Бұл тек қана бастамасы деп білеміз. Алдағы уақытта да мұндай жобалар жүзеге асырылады, - деді Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев.

Биіктігі 76 сантиметрді құрайтын кәсіби теннис үстелі мәрмәрден жасалған. Үстелдің ені 152 см, ал ұзындығы 247 см. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Кәсіпкерлер қауымдастығының» вице-президенті Джамбулат Тангиев бұл жоба демеушілердің Ақтауға жасаған сыйлығы екендігін жеткізді. Оның айтуынша, қалған екі кәсіби теннис үстелі алдағы уақытта «Достық үйі» маңына қойылады.

-Аталған жоба бұқаралық спортты дамытуға өз үлесін қосады деп ойлаймын. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясы «Кәсіпкерлер қауымдастығының» Ақтауға жасаған сыйлығы. Бүгін екі теннис үстелін теңіз жағасына орнатсақ, алдағы уақытта тағы екеуі «Достық үйі» маңына қойылады. Жалпы «Кәсіпкерлер қауымдастығының» өңірлік филиалы қаладағы шағын аудандарда да теннис үстелін орнатуды жоспарлап отыр. Теннис үстелі отандық өнімдерден жасалған, - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы «Кәсіпкерлер қауымдастығының» вице-президенті Джамбулат Тангиев.

Шараға арнайы қатысқан ардагер спортшылар да өз алғысын жеткізді.

-Бұл өте маңызды шара. Спортты дамытуға жасалған үлкен қадам дер едім. Маңғыстаудағы үстел теннисін дамытып келе жатырмыз. Үстел теннисінен 10 жылдың ішінде үлкен жетістіктеріміз бар. Мұнда кез-келген адам келіп үстел теннисін ойнап, жаттыға алады. Осы жобаны жүзеге асырған адамдарға алғыс айтамын, - деді ардагер спортшы Мақатай Рамазанұлы.

Шарада 80 жастағы ардагер спортшы Людмила Замига теннистен шеберлік сағатын көрсетіп, жастарды спортпен шұғылдануға шақырды.

-Өте қуаныштымын. Мұнда кез-келген адам келіп жаттыға алады. Өмір бойы үстел теннисі, шахмет ойнап спортпен шұғылданып келемін. Жастарға да спортты жанына серік ету керек деп ойлаймын, - деді ардагер спортшы Людмила Замига.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -