Бірнеше жыл бұрын Тәжікстан Республикасының Пшихавр таулы шатқалында әскерилер мен моджахедтер арасында ауыр ұрыс болды.
Сол шайқаста бауырлас елдің шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ақтық демі қалғанша күресіп, ерлікпен әскери борышын өтеген 17 жас жауынгер қаза тауып, жараланған сарбаздар да болды. Бұл қақтығыста ерлік көрсеткен батырларымыз ешқашан ұмытылмайды, әрқашан жадымызда.
Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқарған запастағы подполковник Сұлтан Нұрымбетов те осы тәжік-ауған соғысына қатысушы. Олай болса, кейіпкерімізбен таныстырып өтейік.
Туған жерім – мекенім
Сұлтан Жаңабайұлы 1958 жылы Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Тастыбұлақ елдімекенінде дүниеге келген. Әкесі Жаңабай Нұрымбетов КССРО Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, колхоз бригадирі болып қызмет атқарған, ал анасы Жүрсінкүл апай сегіз баланы дүниеге әкеліп (төрт ұл, төрт қыз), шаңырағының ұйытқысы болған асыл ана. Кейіпкеріміз бала күнінен өжет, қайсар бала болып өседі. Әкесі өте қатал болғандықтан, балаларының тәрбиесіне аса үлкен жауапкершілікпен қараған. Сұлтан ағаны жеті жасынан бастап бокс үйірмесіне беріп, күреске баулиды. Қолына орамал орап, сыртынан қойдың терісінен жасалған қолғап кигізіп, күрестің әдіс-тәсілдерін үйрететін. Кейінірек дүкеннен арнайы бокс қолғабын сатып алып берген және сол қолғапты екі иығына салып алып, «жекпе-жекке шығатын бала іздеп жүретінмін» дейді кейіпкеріміз. «Әкенің балаға беретін ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие» дегендей, Жаңабай ағай жұмысқа кетерде балаларына тапсырма беріп кетеді екен және қызметтен оралғанша берілген тапсырманы толығымен орындап қою керек екен. Осылайша, балаларын жауапкершілікке, жинақылыққа тәрбиелеген. Сонымен қатар, Сұлтан ағай да сол әдісті өзінің балаларына да қолданады екен.
- Тәрбие – отбасындағы ең басты құндылық деп санаймын. Бала кезімізде боран, суыққа қарамастан, сабақтан қалмайтынбыз. Мектептен келген бойда анама үйдің тіршілігіне кірісетінмін, «анам шаршап тұрған жоқ па екен?» деп көңіл-күйін бағатын едік. Ал қазір, керісінше, ана баласының көңіліне қарап отыратын заман болды ғой. Мейлінше, ер баланы мықтылыққа, төзімділікке тәрбиелеген дұрыс деп санаймын. Қазақта «балаңды аясаң – аяма» деген керемет қазақ мақалы бар, соны қазіргі жас ата-аналар жадында сақтаса екен деген өтінішім бар, - дейді Сұлтан аға.
Әскери борышты өтеу - парыз
Әкесінің қатал тәрбиесін көріп, көпбалалы отбасынан шыққан бала Сұлтан 19 жасында әскерге аттанады. Өздеріңізге белгілі, ол кезеңде әскерде қызмет ету мерзімі екі жылды құрайтын және елімізден тыс жерлерге жолданатын. Сол айтқандай, 1977 жылы Ресейдегі Коми АССР Архангельск облысының Плесецск ауданы Пуксоозеро елдімекеніндегі 6513 әскери бөлімінде қызмет еткен.
- Өзіңіз ойлап көріңіз, ауылдан шыққан қазақтың қара баласымын, басқа ел, өзге ұлт өкілдерінен жиналған жастар. Әрине, қиын болды. Дегенмен, бала күнімде әкемнің өмірге шыңдауы осы тұста маған көмекке келді. Әр түрлі ұлт өкілдерінен достар таптым, «қара нанды бөлісіп жеген» қарулас достарыммен өмірдің қызықты сәттерін бірге көрдім. Туған жер, елге деген патриоттық сезімім кеудемде жанып тұрғандықтан, әскери антқа адалдық танытып, елім мен ұлтымның алдындағы жоғары жауапкершілігімді сезіне білдім. Сөзім дәлелдірек болуы үшін айтып өтейін, Пуксоозеро жерінің климаты менің туған жерімнен мүлде басқаша. Туған жерімнің қысы жылы болатын болса, ал мына жердің қысы суық, қар күнде жауады, боранды күндері қызмет атқаруға шығатынбыз. 52-55 градус салқынның қандай болатынын өзіңіз ойлай беріңіз... Соған қарамастан біз өз міндетімізді қиындыққа қарамастан, атқара беретінбіз. Мен қарулас достарыммен бірге үш ауысым бойынша сотталғандарды жататын объекттен заводқа жаяу айдап апарып, қайтадан алып келетінбіз. Оның тәулік бойы қалыптасқан күзетуі бар. Оның үстіне қыста аязға, боранға карамастан үш машинамен әркайсысында жиырма бес сотталғандарды тиеп, орман ағаштарын кестіреміз, ал жазғы уақытта мотовозбен бір вагон қырық сотталғандарды жиырма шақырымға дейін апарып темір жолды жөндеу жұмыстарын жасайтын және онымен қоса, уақытша объектілер де бар болатын. Сотталушылардың талай рет шабуыл жасаған кездері де болды. Осылайша, қызметімді жауапкершілікпен атқарғаным үшін дивизия командирі генерал-майор есімі Лапаев қызметте қырағылық танытып, жауапкершілікпен атқарғаным үшін II дәрежелі «За отличие службе» төсбелгісін таққан болатын. Мен осы марапатқа ие болған қуанышты сәтім әлі күнге дейін есімде. Ата-анам мен отбасымның, туған елімнің алдындағы үмітім ақталғандай әсерде болдым. Сондықтан бұл марапат – мен үшін әлі күнге дейін ыстық, - дейді Ұлттық ұланның запастағы подполковнигі Сұлтан Нұрымбетов.
«Елім үшін қызмет еттім!»
Әскери борышты адал атқарып, азаматтық міндетін өтеп келгеннен кейін кейіпкеріміз 1979 жылы Шымкент қаласындағы Ішкі әскердің (қазіргі Ұлттық ұланның) 6506 әскери бөлімінде қызмет атқарады. Қызмет ете жүріп, 1984 жылы Ленинград қаласындағы жоғары әскери-саяси училищесін бітіріп келіп, рота командирінің саясат жөніндегі орынбасары, рота командирі қызметтерін атқарған. 1993 жылы Шымкент қаласындағы оперативтік мақсатқа арналған 5485 әскери бөлімінде рота командирінін тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, мотоатқыштар батальонының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары лауазымдарында да тәжірибе жинақтап, қызмет атқарды. Сонымен қатар, 1999 жылы Тараз қаласындағы 5513 әскери бөлімінде тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі бөлімнің бастығы, әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары болып қызмет еткен.
- Мен жоғарыда айтып өткенімдей, азаматтық міндетімді орындап, елге келген соң, қызметімді Ішкі әскер қатарында жалғастыруға бел будым. Себебі, ер адам үшін Отан алдындағы міндетін атқару нағыз қолайлы істің бірі деп санадым. Көбінесе қызметімді тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша атқардым. Жас жауынгерлер мен әскери қызметшілердің патриоттық сезімін дамыту және жауынгерлік рух пен төзімділікті қалыптастыру жолында еңбек еттік. Қызмет барысында әр түрлі ситуациялар болды, әрине, дегенмен кез-келген тығырықтан шығар жол болғандықтан, ақылмен, байыппен сол жолды таба білдік деп ойлаймын. Сол кездегі Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұланға қолымнан келгенше көмегім мен кеңесімді беріп, қызмет еттім, ел үшін қызмет еттім, - дейді подполковник Сұлтан Нұрымбетов.
Сұлтан Жаңабайұлы 2004 жылы Ұлттық ұлан сапынан зейнеткерлікке шыққан.
«Қиындықтар болды, алайда біз бәріне төздік...»
Запастағы подполковник Сұлтан Нұрымбетов тәжік-ауған шекарасында ең басты міндетіміз – моджахедтердің өтуіне, есірткі, қару-жарақ алып өтуіне тойтарыс беру және колоннамен алып өтетін жүктерді қорғау, бақылау пункттерінде елдімекенге өтетін адамдардың, көліктердің құжаттарын, заттарын тексеріп өткізу болды дейді. – Ең бастысы – Пяндж өзенінен заңсыз өткізбеу. Әрине, қызметіміз қиындау болды, себебі, біріншіден Памир тауы теңіз деңгейінен биіктігі 2500 метрден биік, Отанымыздан алыс. Бірақ, сол қиындықтарға қарамастан біздің ер-азаматтарымыз міндеттерін абыройлы орындап, қырағылық танытып, үздіктер қатарында болды. Әрине, қақтығыстың біздің жүйке жүйемізге де әсер етпей қоймағаны белгілі, өте ауыр болды. Дегенмен, біз бәріне төздік, - деп сол қиын кездерді есіне алды кейіпкеріміз.
Сұлтан Жаңабайұлы тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа үш мәрте барып, өз үлесін қосқан. Атап айтқанда, 1994 жылы рота командирі капитан Р. Ахмеджанов болса, кейіпкеріміз рота командирінің орынбасары лауазымында үш ай он күн қызмет етті, екінші рет 1995 жылы капитан А. Новиков рота командирі лауазымында болды, ал Сұлтан Жаңабайұлы рота командирінің тәрбие және әлеуметтік құқық жұмыс жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. Осы 1995 жылы барған кезінде алты ай қызметте болып, жауынгерлік борышын атқарып, елге қайтып келеді. Ал үшінші мәрте 1997 жылы қаңтар айынан бастап, сәуір айына дейін болды. Ол кезде командир батальоны майор Ю. Сколецский болды, ал оның тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары қызмет Сұлтан ағамыз атқарған. Запастағы подполковник Сұлтан Нұрымбетовтың айтуынша, қызмет ету кезінде барлық рота, батальон сарбаздар мен офицерлері өздерінің міндеттерін абыройлы орындап қайтқан. Осы тұста айта кету керек, кейіпкеріміз қақтығысқа алғаш барған кезде отыз алты жаста болған.
Отбасым – бақытым
Осылайша, бала күнінен қазақтың азаматына тән мінезді сіңіріп өскен Сұлтан Жаңабайұлы қызметте жауапты офицер болса, отбасында сүйікті жар, қамқор әке. Кейіпкеріміз аяулы жары Ақбике апаймен бір ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірген. Ұлы Ардақ әке жолын қуып, Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде қызмет етеді, ал екі қызы өздерінің бақытын тауып, бір отбасының түтінін түзу жағып отырса, кіші қызы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің III курс студенті.
Сұлтан ағамыз зейнеткерлікке шықса да, өзінен кейінгі жастарға, офицерлерге өмірден алған тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін беруде. Шымкент қаласынджағы 6506, 6698 әскери бөлімінде Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс-қимылдарының Ардагерлер одағының мүшесі ретінде әскери бөлімдерде, мектеп-колледждерде өткізілетін шараларда үнемі бой көрсетіп отырады. Жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу ісіне белсене қатысатын офицер ретінде таныдық кейіпкерімізді.
Запастағы подполковник Сұлтан Нұрымбетов бос уақытында бау-бақшаға қарап, бағбандықпен айналысқанды ұнатады екен.
Олай болса, біз де өз тарапымыздан Сұлтан ағамызға қызметі үшін рахметімізді айтып, отбасына бақыт және зор денсаулық тілейміз!
7 сәуір – Ерлік күні қанды қақтығыста батырлық пен батылдықтың үлгісін танытқан ерлердің рухына арналып, салтанатты шара өтеді. Бұл атаулы датада «тәжіктік» атанып кеткен ардагерлеріміз бас қосып, сол бір сұрапыл күнді естеріне алады. Олай болса, барлық қатысушы ардагерлерімізге зор денсаулық, отбасылық бақыт, ғибратты ғұмыр тілейміз.
Лейтенант Құралай ЖҰМАҚЫЗЫ