Өмірде де, қызметте де қатар жүрген жұптар шын мәнінде құрметке лайық.
Отбасылық өмірдің алғашқы кірпішін бірге қалаған күннен бастап, ортақ құндылықтарды бағалап, бір-бірінің кәсіби қабілеттерін қадірлей білген ерлі-зайыптылардың жетістігі — үлкен еңбектің жемісі. Тағдырларын бір арнада тоғыстырған осындай өнегелі жұптың бірі — Байғұлбаевтар отбасы.
Отбасының тірегі полковник Данабек Байғұлбаев пен оның өмірлік жары ефрейтор Нағима Үсенбаева – Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланында қызмет етеді. Биыл отау құрғандарына 20 жыл. Екеуі де оңтүстіктің тумасы, Қазығұртта туып-өскен. Әулеттің үлкендері таныстырған екі жас бір-бірінің жүрегіне жол тауып, таныстықтары некеге ұласты. 2004 жылы Шымкентте шаңырақ көтерген жарасымды жұп, өмір мен қызметтің ыстық-суығын бірге көріп келеді. Отағасының Отан қорғау жолындағы қызмет өтілі 30 жылға жуықтаса, жарының да әскери салада қызмет етіп жүргеніне 10 жылдан асқан.
Отбасын құрғанда Данабек Жоланбекұлы 6506 әскери бөлімінде «капитан» шенінде қызмет ететін. 1999 жылы Алматыдағы ҰҚК Шекара академиясын тәмамдаған жас офицер қызмет жолын Ішкі әскердің Шымкент құрамасынан бастап еді. Взвод, рота командирі лауазымдарын лайықты атқарып, кадр бөліміне ауысқан кезі. Ал Нағима Тәңірбердіқызы әлі студент болатын. Десек те, өмірін Отан қорғаушымен байланыстырған күннен-ақ әскери өмірдің қыр-сырына қанығып, жолдасына қолдау көрсете білді. Уақыт өте келе өзі де осы салаға келді.
– Негізгі мамандығым – математика пәнінің мұғалімі. 2005 жылы түңғышымыз дүниеге келгенде, мен төртінші курста оқып жүрдім. Ал бесінші курсты аяқтағанда екінші перзентіміз өмірге келді. Яғни, үй тіршілігі, оқу, бала күтімі бәрі қатар өрбіді. Жас отбасында ерлі-зайыптылардың өзара түсіністігі өте маңызды. Жауапты қызметте жүрсе де, азаматым қамқорлығын аяған жоқ. Тағдырыма ризамын! - дейді ефрейтор Үсенбаева.
Қол ұстасқан жас жанұя балаларын ертіп, қызмет бабымен біршама өңірде болды. 2010 жылы Байғұлбаевтар отбасы Солтүстік Қазақстанға көшеді. Данабек Жоланбекұлы Петропавлдағы әскери институт – қазіргі Ұлттық ұлан академиясының кадр қызметіне тағайындалады. Жұбайы Нағима да білім ордасының оқу бөліміне орналасып, жаңа өңірде қызмет жолдары тоғысады. Бұған дейін де жолдасының абыройлы қызмет етуіне барынша қолдау танытқан аяулы жары енді бұл саланы одан да жақынырақ тани білді. Әскери кадр маманы 2016 жылы қызмет бабымен Қарағандыдағы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына жіберіледі. Ефрейтор Үсенбаева 2017 жылы аттестацияланып, Ақтаудағы 6656 әскери бөлімі қаржы қызметінің есепші лауазымына тағайындалады. Балаларына да, өзгеге де өнеге бола білген жарасымды жұп 2021 жылы Астанаға көшіп келеді.
– Әскери қызметшілердің гарнизоннан гарнизонға қоныс аударуы қалыпты жағдай екені бәрімізге белгілі. Бір қалаға енді бейімделе бергенде, бәріне қайта үйренісу біреулерге ұнамауы мүмкін. Алайда, біз мұны – үлкен мүмкіндік ретінде қабылдадық. Бір-ақ рет берілген ғұмыр жолымызда Отанымыздың біраз аймағында тұрып көрдік. Әлбетте менталитет, ғұрыптар әр өңірде әрқалай. Климаты да, артықшылықтары да бөлек болады. Мәселен, оңтүстікте болғанда балаларымызға Көктөбе, Медеу, Көлсай, Қапшағайды, Ақтауда Каспийді, Орталыққа келгенде Бурабайды дегендей, еліміздің әсем табиғаты мен кереметтерін көрсете алдық. Үшінші баламыз Петропавлда, кенжеміз Қарағандыда туды. Олардың бойында бүгінде жан-жақтылық, көпшілдік бар. Тез тіл табысады, кез келген ортаға бейімделе алады. Отан – біреу, сондықтан қай қалада жүрсек те, жер таңдамай, елге қызмет етуіміз керек. Қазір бұл біз үшін – отбасылық мүддеге айналды, - дейді полковник Байғұлбаев.
Білікті офицер бүгінде әскердің Бас қолбасшылығында кезекшілік қызметінің ауысым бастығы лауазымында жемісті қызмет атқаруда. Ал Нағима Тәңірбердіқызының қызметі елорда іргесіндегі 5573 әскери бөлімінде жалғасып жатыр. Тұңғыштары Думан - 19 жаста. Астанадағы ІТ униерситетінің 2 курс студенті. Кәмелет жасына келген Сабина Қарағанды қаласында орналасқан жоғары оқу орнында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатыр. Ал Сая бас қаламыздағы №60 мектептің 7 сынып оқушысы. Шаңырақтың кенжесі Тауман биыл балабақшамен қоштасып, мектеп табалдырығын аттамақ.
Ерлі-зайыптылар бір-бірін бағалап, қадірлеген жағдайда, айналасына да сыйлы да құрметті болатынына Байғұлбаевтар әулеті жарқын дәлел бола алады. Елге адал қызмет етуді мақсат тұтқан қос Отан қорғаушы өз балалары үшін де үлгі аларлық адамдар. Ата-ана бойынан үлкенге құрмет, кішіге ізет, қалтқысыз қызмет, жоғары жауапкершілік, өзара сыйластық, қазақы тәрбиені көріп өскен ұрпақ та жақсы адам, еліне адал қызмет ететін маман болуға ұмтылары хақ.
Әскери форма кию, күштік құрылымда қызмет ету, тағдыр қосқан қосағыңмен бірге дамып, баянды ғұмыр кешу – әркімге беріле бермейтін бақ. Қызметте кәсіби шеберліктерімен ерекшеленген, өмірде көпбалалы, ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасымен үлгі боп жүрген Байғұлбаевтар әулетін Ұлттық ұландағы әріптестері де мақтан тұтады. Халықаралық отбасы күнінде әскери қызмет пен отбасы құндылығын дәріптеп жүрген кейіпкерлерімізге мықты денсаулық, баянды бақыт, ырыс-береке тілейміз.
Ақерке Мамырбек