12848
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Сыр өлкесінің орталығы Қызылорда қаласының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін, яғни қаланың тыныштығын күзетіп отырған әскери бөлімнің құрылғанына 15 жыл толды.

Сыр елінің тыныштығын қамтамасыз ету – бұл мемлекеттік стратегиялық міндеттердің бірі. Әуелі, тыныштық жайлы аз-кем ой толғайықшы. «Ел бірлігі ең басты байлық, тыныштық басымыздағы бақ» тыныштықсыз, ел бірлігісіз ел егемендігінің арайлы күндері санаулы, қуаныштың арты бір-ақ тұтатам болары анық. Ал күндіз-түні қалғымайтын қызу өмірі қайнап жататын Қызылорданың тыныштығын қамтамасыз ету тек айта салғанға оңай шығар.

Сырдария бойында Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарсты 5547 әскери бөлімі орналасқан. Бұл ұжым қүш-қуат ведомствосының ірі құрылымдарының бірі. Оларға шаһардағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері жүктелген. Әскери бөлім жеке құрамы ішкі істер органдарымен бірге қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша Қызылорда қаласында патрульдік-бекеттік қызмет атқарады. Көпшілік қоғамдық-саяси, спорттық және басқа іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді.

Тарих не дейді?

2009 жылдың 26 желтоқсанында мерзімді қызметтегі сарбаздардың алғашқы легі Қызылорда қаласында жаңадан ашылған 5547 әскери бөлімінің аумағына келді. Олар сол жылдың көктемінде Шымкенттегі 6506 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге келген жас жауынгерлер болатын. Сарбаздарды құрама командирі полковник Талғат Рысдәулетов бастап келді. Олардың пойыздан түскен уақыты түн мезгілі болғанына қарамастан, әскери бөлім сән-салтанатпен күтіп алған еді.

2010 жылдың 19 қаңтарында Қызылорда қаласының орталық алаңында салтанатты жиын өтіп, оған сол кездегі Ішкі істер министрінің вице-министрі генерал-майор Амантай Күреңбеков пен Ішкі әскер қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-майор Еркін Ботақанов қатысып, әскери бөлімнің  алғашқы командирі полковник Асатолла Құлахмедовке Жауынгерлік туды табыс етті.

Сол уақытты еске алған 5547 әскери бөлімінің алғашқы командирі запастағы полковник Асатолла Құлахметов былай дейді:

– 2009 жылдың 15 маусым күні Қызылорда қаласында «Жедел мақсаттағы батальон» құру туралы Үкімет қаулысына қол қойылып, әскери бөлім өз жұмысын бастаған болатын. Өйткені, бұл кездері облыс орталығы болғанымен, Ішкі әскердің (қазіргі Ұлттық ұлан) әскери бөлімі жоқ жалғыз қала осы Қызылорда ғана еді. Сөйтіп, 5547 әскери бөлімі құрылып, олқылықтың орны толды.

Елдегі саяси жағдай тұрақты әрі бірқалыпты болғанымен, сол жылдары әлемді шарпыған дағдарыс дерті біздің еліміздің экономикасына да өз ықпалын тигізген еді. Соның салдарынан мемлекеттен әскери бөлімді қалыптастыру құрылысына мақсатты қаржы бөлінбеген кез. Солай десек те, Ішкі әскер қолбасшысы генерал-майор (сол кездегі шені) Руслан Жақсылықов қиынқыстау кезеңнен жол тауып, мәселенің түйінін тарқата білді. Яғни, үнемделген қаржы есебінен материалдық қажеттіліктердің орынын толтырып, құрылыс қарқынан тоқтатпады. Сонымен қатар, әскери бөлімдегі офицерлік құрам мен сарбаздардың да  еңбегі сіңгенін тілге тиек еткен жөн. Атап айтқанда, мерзімді қызметке сарбаздарды тездетіп қабылдау үшін олардың тұрмыстық үй-жайын салумен қатар, медициналық пункт, казарма, штаб, кезекші бөлімі мен қару-жарақ қоймасы, тұмыстық заттар қоймасы, кептіру бөлмесі сынды нысандар бой көтеріп, пайдалануға берілді.

Мақсат – айқын, меже биік.

Қазақ елінің экономикасы өрістеп, қуаты артқан сайын құқық қорғау органдарының инфрақұрылымдары, оның ішінде Ұлттық ұлан тәуелсіздік жылдары лайықты даму жолынан өткеніне тарих куә. Оған ашылғанына бас-аяғы 15 жылдың жүзі болған, азаматтардың алаңсыз қызмет атқарулары үшін мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалғанына 5547 әскери бөлімі және бір дәлел бола алады.

Биыл сыр жеріндегі 5547 әскери бөлімінің құрылғанына 15 жыл толып отыр. Подполковник Ерген Бастамиев басқарып отырған әскери бөлімнің міндеттері – Қызылорда қаласының қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, түзеу мекемесін күзету және сотталған азаматтарды айдауылдау. 2009 жылдан бастап бөлімнің жеке құрамы Қызылорда қаласының көшелерінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып, барлық қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып келеді.

Бөлімнің жеке тұрған атқыштар ротасында қызмет ететін сарбаздар да өз міндеттерін адал  атқарып, қызмет барысында қырағылықтарымен жиі көзге түседі. Олар жыл басынан қаншама тыйым салынған заттардың түзеу мекемесіне өтіп кетуіне жол бермеді.

Әскери бөлімнің жеке құрамы өзіне жүктелген барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттерді абыроймен орындап келеді. Сонымен қатар апаттар мен зілзалалардың салдарын жоюға да атсалысуда. Жеке құрам осындай міндеттерді Қызылорда қаласында да, қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасының басқа елді мекендерінде де орындайды.

Айта кетер болсақ, Сыр ұландары сәуір айында еліміздің батыс өңіріндегі су басқан елді мекендерге жұмылдырылған. Жайық өзені бойындағы Зачаганск өндірістік базасы мен Перевалочная роща, Круглозерное, Желаев, Стелла елді мекендеріне бөлініп бөгет тұрғызу, қапқа құм жинау және гуманитарлық көмектерді жөнелту бойынша жұмыстарды атқарды.

Осы жылдар ішінде бөлімде жауынгерлік қызмет атқару үшін барлық жағдай жасалған, сарбаз қажеттіліктерінің барлығы дерлік оң шешімін тапқан. Мұның бәрі қызметті алаңсыз атқаруға, қаланың қауіпсіздігі мен тыныштығын қырағы күзетуге мүмкіндік береді.

– 15 маусым күні тарих пен дәстүрді ұмытпай әскери бөлімнің 15 жылдық мерейтойын салтанатпен атап өттік. Салтанатты шарада мемлекетіміздің әнұраны орындалып, ардагерлер мен әскери қызметшілер және олардың аналары марапатталды. Мерекеге әскери бөлімнің алғашқы командирлері полковник Асатолла Құлахмедов бастаған бірқатар ардагер келіп, естеліктерімен бөлісті. Қызылорда қаласының өзара ынтымақтастықта бірлесіп қызмет атқарып жүрген ішкі істер органдарынан, әкімдіктерден, жоғары оқу орындарынан және басқа да мекемелерден қызметкерлер келіп қатысты. Олар өз жүрек жарды лебіздерін жеткізді. Бұл атаулы күн болғанымен, жеке құрам әрқашан жауынгерлік қызметте екендіктерін жақсы түсінеді. Бізге белбеуді бос тастауға болмайды. Полктің жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерін әрқашан адал әрі қырағы атқарады, - дейді бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Берік Қараманов.

Қорыта келгенде, өздеріне сеніп тапсырылған жауапкершіліктің үдесінен шығып келе жатқан 5547 әскери бөліміне өздері еңсерген биіктерден аласармай, жаңа жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдіріп, Сыр елінде қызмет етіп жатқан сарбаздарға сәттілік тілейміз!

Подполковник Бақыт әліпбаев, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -