22407
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Осыдан екі жыл бұрын зейнеттік демалысқа шыққан Рената Болатқызы  әлі де Ұлттық ұлан сапында атқарып жүрген қызметінен қол үзбеді.  Өйткені, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына өткізген отызға жуық жылдар қаржыгердің саналы ғұмырының айнымас бір бөлшегіне айналған. Ұлттық валюта һәм қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аясында өңірлік қолбасшылық басқармасында қызмет атқаратын Рената Кабилановамен аз-кем сұхбат құрып көрдік.

Рената Болатқызы Шығыс Қазақстан  облысы Тарбағатай  ауданы Ақжар ауылының тумасы. Әскери қызметші аталмыш ауылдағы Әуезов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің түлегі. Анасы білім ордасында орыс тілі пәнінен ұстаз болса, әкесі ауылдағы спорт саласының әсіресе, баскетбол спортының қарқынды дамуына үлес қосқан жаттықтырушы. Ренатаның әкесі баптаған ауыл жастары баскетболдан облыстық, республикалық сайыстарда топ жарған екен. Жаттықтырған шәкірттері дүбірлі додадан жүлделі оралғаннан кейін бапкер есімі ел ішінде аталып, аудандағы сыйлы азаматтардың біріне айналады.  Рената болса алгебра пәніне құмар болып өседі. «Шеше көрген тон пішеді» дегендей мектепте ұстаздық еткен анасын үлгі тұтқан оқушы қыз  бойжеткен шақта мұғалім болғысы келеді. Алайда, жұмыста да, үйде де тынымсыз еңбек етіп, күнделікті  дамыл таппайтын анасының теперішті қозғалысын көріп өскен ол өсе келе бұл арманынан айниды. 

- Ардақты анам менің болашағыма үлкен жауапкершілікпен қарады. Ол қалада қандай маңдайалды оқу орындары бар екендігін сұрастырып, біліп жүретұғын. Шаһардағы таныстары анама Өскемен қаласындағы Кооперативті техникумның білімі сапалы және оқу ордасын тәмамдаған түлектер әрдайым сұранысқа ие екендігін алға тартады. Мен білім алған оқу ғимараты қазіргі уақытта экономика және қаржы колледжі деп аталады. Міне, мен осы білім нысанында бухгалтер мамандығында оқыдым. Сіңілімде менің ізімнен еріп, аталмыш оқу ордасында есепші мамандығында білім алып, қазіргі кезде қаладағы банктердің бірінде қызмет атқарып келеді. Ал жоғары білімді Өскемендегі Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінен оқыдым.

- Таңдаулы жерден білім алып шыққан  жас маман алғашқы жұмыс өтілін қай жерде өтеді?

- Менің алғашқы жұмысым Ақжар ауылдағы жинақ кассасынан басталды. Ал Ұлттық ұлан сапындағы қызметім 1996 жылы 8 сәуір күнінен бастау алады. Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Өскемен қаласындағы 3477 әскери бөлімінде аға кеңсе хатшысы ретінде еңбек етіп, әскери бөлімдегі қаржы бөліміне 2003 жылы бас сұқтым. Өңірдегі қолбасшылықта қаржы саласының сапалы түрде жүзеге асуына өзімдік үлесімді қосып, қатардағы жауынгер шенінен аға лейтенант шеніне дейін қарқынды түрде абыройлы еңбек еттім деп ойлаймын. Әскери бөлімдегі қаржы қызметінің бастығы лауазымында жұмыс істеп, 2016 жылы өңірлік қолбасшылықтағы қаржы басқармасының аға офицері лауазымында тер төгіп, ілкімді істерді атқардым. Әсіресе, бухгалтерлік есеп саласындағы заңнамалар мен қаржылық құжаттамаларды рәсімдеуді, сондай-ақ биылға арналған қаражатты тиімді игеруде ұтымды шешімдер қабылдай білдім.

- Әскери саладағы қаржы маманы болу қаншалықты қиын?

- Әрине, Ұлттық ұлан сапында сен аң алдымен жауынгерсің. Кез келген уақта дабыл қағылса, көз ілеспес уақытта сапта тұрып, жүктелген тапсырманы дереу түрде орындайсың. Отбасыда ұл мен қыздың анасы, шаңырақтың ұйытқысына айналған отана болсаң да, Отан алдында қасық қаның қалғанша қызмет етуге даярсың. Себебі, сен семсер сүйіп серт берген жауынгерсің. Мен үшін жұрты үшін қар төсеніп, мұз жастанған Әлия, Мәншік сынды аймаңдай батыр қыздар әрқашан үлгі.   

- Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

- Мен жас кезімен кітапқұмар болып өстім. Әсіресе, әлем әдебиеті қатты қызықтыратын. Француз әдебиетiнің жарқын өкілі Виктор Гюгоның шығармаларын жатпай-тұрмай оқитынмын. Қазіргі кино әлеміне еніп кеттім. Әр түрлі жанрдағы туындыларды тамашалауды ұнатамын.

- Сұрақтарыма жауап бергеніңіз үшін рахмет!

 

Лейтенант Рүстем Мұхамет-Рақым,

Өскемен қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -