ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде Ұлттық ұлан факультетінің ұйымдастыруымен «Біртұтас ел – біртұтас жер» атауымен VI ведомствоаралық ғылыми-теориялық конференция өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Оған ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық қаһарманы генерал-майор Қайрат Үмбетов, Әскери ғылым Академиясының (ҚР ӘҒА) вице-президенті Қазақстан және Ресей әскери ғылым Академиясының мүшесі, Әскери ғылым докторы, профессор генерал-майор Жұмабек Ахметов, Әскери ғылыми-зерттеу орталығының инновация және ақпараттық ғылым бөлімінің аға ғылыми қызметкері генерал-майор Бахтияр Сыздықов және Ұлттық ұлан Академиясы бастығының оқу роталары жөніндегі орынбасары қауымдастырылған профессор (доцент), ҚР ӘҒА корреспондент-мүшесі полковник Александр Корнилов секілді өзге де ғалымдар қатысты.
Күн тәртібінде «Ұлттық ұлан жеке құрамының қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау барысындағы моральдық-психологиялық жай-күйі мен төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету тәжірибесі» қарастырылды.
ҚР Ұлттық ұлан факультетінің бастығы полковник Савердин Имировтың модераторлығымен өткен конференцияда алғашқы болып ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков сөз сөйледі. Ол ғылыми жиынға келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, күн тәртібіндегі тақырыптың өзектілігіне тоқталды.
Ал конференцияның маңызды бөлімінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов «Төтенше оқиғалар мен төтенше жағдайлар кезінде қызметтік-жауынгерлік міндет атқаратын Ұлттық ұлан жеке құрамын моральдық-психологиялық тұрғыда қамтамасыз ету тәжірибесі» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
"Бұл конференция құқық қорғау әскерлерін одан әрі дамыту мәселелері бойынша ғылыми-теориялық көзқарастарды бекітуге, моральдық-психологиялық қамтамасыз етудің ғылыми қадамдарын анықтауға және заман талаптарын ескере отырып, әскерлерді даярлаудың жаңа нысандары мен әдістерін қолданысқа енгізуге ықпал етеді деп үміттенемін. Тәжірибе көрсеткендей, моральдық-психологиялық қамтамасыз ету қызметінде психологиялық жұмыстардың айтарлықтай үлесі бар. Дәлірек айтсақ, тәрбие жұмысындағы екпін психологиялық қолдауға көбірек түседі. Сондықтан Өңірлік қолбасшылықтарда психологтардың штат санын бөлім деңгейіне дейін көбейту қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ олардың жоғары кәсіби-психологиялық дайындығын арттыру да маңызды" Генерал-майор Қайрат Үмбетов
Басқосуда басқа да ғалымдар мен әскери ғылым кеңесіне мүше офицерлердің баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, «Орталық Азиядағы қоғамдық қауіпсіздіктің басым бағыттары» тақырыбында «ҚР Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» акционерлік қоғамы қорғаныс департаментінің директоры полковник Ернар Акимбаев, «Ішкі істер органдарындағы курсанттар мен офицерлердің кәсіби бейімделуі» тақырыбында Қостанай қаласындағы ІІМ Академиясының Әскер және тактика - арнайы дайындық кафедрасының аға оқытушысы полиция подполковнигі Марат Әбілмәжүнов, «ҚР атом өндіріс абъектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету» турасында Ұлттық ұлан Академиясы бастығының оқу роталары жөніндегі орынбасары полковник Александр Корнилов, «Ұлттық ұлан әскери қызетшілерінің кәсібилігін көтеруге арналған «Адам қару» жобасы» аясында Қызметтік-жауынгерлік іс-қимылмен қамтамасыз ету кафедрасының оқытушысы полковник Қуанық Байбосынов, «Ақпараттық технологияларды әскери қызметшілердің тәрбие жұмысында қолдану» тақырыбында Азаматтық қорғау кафедрасының магистранты майор Әділ Сарсимов баяндама жасады.
Айта кету керек, баяндамаларды талқылау қорытындысы бойынша тиісті құжаттар қабылданып, қажетті түзетулер мен толықтырулар енгізіледі, содан кейін жинақ жарық көреді.