Ресей Федерациясының ТЖМ Азаматтық қорғау академиясының базасында «Төтенше жағдайлардан қорғау саласындағы ақпараттық жүйелерді жобалаудың, әзірлеудің және қолданудың өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының қызметкерлері, ғалымдар, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеушілер, сондай-ақ әртүрлі елдердің төтенше жағдайлардан қорғау саласындағы мамандар онлайн түрде қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Конференция төтенше жағдайлардың алдын алуға және жедел әрекет етуге көмектесетін заманауи технологияларды дамытуда тәжірибе мен білім алмасуға бағытталған.
Академия бастығының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі Миржан Әлменбаев өз сөзінде төтенше жағдайлардың жиілігі мен ауқымының артуы жағдайында халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Ол ғылыми және технологиялық қауымдастықтардың бірлескен күш-жігері қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және шығындарды азайтуға көмектесетінін айтты.
Бағдарламаға сәйкес Академияның ТЖҚ кафедрасының аға оқытушысы капитан Марлен Бахтияр «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу кезінде геоақпараттық жүйелерді қолдану критерийлері» тақырыбында баяндама жасады. «Табиғи апаттар, техногендік апаттар, пандемия және лаңкестік әрекеттер сияқты төтенше жағдайлар адамдардың өміріне, денсаулығына және әл-ауқатына, сондай-ақ қоғамның экономикалық дамуына үлкен қауіп төндіреді. Осыған байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу, бақылау және басқарудың тиімді әдістері мен құралдарын әзірлеу және пайдалану өзекті болып табылады», - дейді спикер.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылардың баяндамалары мен ұсыныстарын қамтитын материалдар жинағы дайындалады.