Мерзімді әскери қызметші Санжар Төлеухан Ұлттық ұлан сапына Шығыс Қазақстан облысынан шақыртылған, деп хабарлайды DKnews.kz.
Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Өскемен қаласындағы Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінен білім алған. Инженер-құрылысшы мамандығын меңгерген студент білімін әрімен қарай жетілдіріп, ғылым жолын таңдауға шешім қабылдаған. Осылайша, ол 3D модельдеу бағытында техника ғылымдарының магистрі атанған.
- Мен магистр дәрежесімен шектелмеймін. Келешекте доцент, профессор атанып, еліміздегі заманауи ғылым саласының дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Алайда, Отан алдындағы борышымды өткеруді парызым деп санаймын. Мен мемлекет үшін аса маңызды нысандарды күзететін Курчатов қаласындағы әскери бөлімде қызмет атқаруды мақтан тұтамын, - дейді қатардағы жауынгер.
"Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімде тоқсанға жуық мерзімді әскери қызметші бар. Олар өздеріне жүктелген жауынгерлік міндеттерді жоғары деңгейде орындап, бөлім басшылығының алғысына бөленуде.