Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Айнұр Арғынбекова Абай облысына жұмыс сапары аясында жаңадан құрылған Жаңасемей ауданында баолды. Онда ауыл медицинасының жай-күйімен және медициналық инфрақұрылымды жақсарту жоспарымен танысты. Сенатор сапар барысында ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту қажеттігін атап өтіп, бірнеше фельдшерлік-акушерлік пункттерде болды, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Жаңасемей ауданында 14 жаңа ФАП салу жоспарланып отыр. Ол үшін инженерлік инфрақұрылым жасалған жер учаскелері дайындалды. Алайда, депутат атап өткендей, ол барған 4 денсаулық сақтау нысанының ешқайсысында өз ғимараты жоқ. Жаңа ФАП салу жобасында диагностикаға арналған зертханалар мен күндізгі стационарлар көзделген. Бұл шалғайдағы ауылдық елді мекендердің тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін едәуір арттырады.
Сенатор Курчатов қаласына сапары барысында Ұлттық ядролық орталық өкілдерімен кездесіп, аймақтың ғылыми және инновациялық әлеуетін дамытуға жаңа мүмкіндік беретін әрі ғылымды қажет ететін аумақ құру келешегін талқылады. Қаланың әлеуметтік және мәдени өмір нысандарымен таныстыру сапардың маңызды бөлігі болды. Сенатор балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы үйін ашу жоспарланып отырған ғимаратта болды. Сондай-ақ Школьная және Абай көшелеріндегі тұрғын үйлерді қалпына келтіру барысымен танысты.
Айнұр Арғынбекова сондай-ақ №2 жалпы орта білім беретін мектепте болды. Бұл мектеп жаңарту бағдарламасына қатысуға үміткер болып отыр. Сенатор мектептерді жаңарту және мәдени орталықтарды құру сияқты бастамалар Курчатов қаласының әлеуметтік және мәдени дамуындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Айнұр Арғынбекова жергілікті тұрғындармен кездесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетінде жақында берген сұхбатында көтерілген негізгі тақырыптарды талқылады. Атап айтқанда, Президент әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту және шалғай өңірлерде қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сенатор атап өткендей, медициналық нысандарды жаңғырту және әлеуметтік инфрақұрылымды қолдау сияқты жобалар Мемлекет басшысы айтқан стратегияға толық сәйкес келеді және алдағы жылдары басымдыққа ие болуы тиіс.