Түркістан облысында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары күшейтіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл қорытындысымен барлық елді мекенді ауыз сумен қамту жоспарланған. Газдандыру, сапалы жарықпен және кәріз жүйесімен қамту бойынша жұмыстар қатаң бақылауда. Сондай-ақ кәсіпкерлік нысандардың инфрақұрылыммен қамтылуы маңызды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен жиында тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстары сараланып, алдағы жоспарлар талқыланды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарға қатысты жауапты басқарма мен коммуналдық мекемелердің басшыларына және аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді. Сын-ескертпелер айтып, жұмысты күшейтуді тапсырды. Барлық жұмыстарды тұрақты қадағалауды, коммуналдық мәселелерді дер кезінде шешуді тапсырды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жұмыстардың барысы және өзекті мәселелерді баяндады. Биыл бұл салада 160-тан астам жаңа нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Іске асырылатын жобалар бойынша нақты жоспар бекітілген.
2025 жылы бюджет есебінен 47 ауыз су нысанының құрылысы іске асырылуда. Бұдан бөлек, 30 елді мекенннің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржыландыру үшін бюджетке ұсынылды. Жыл қорытындысымен 30 мыңнан тұрғынды орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Өңірде тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жалғасады. 2025 жылы 47 газдандыру нысанының құрылысы іске асырылады. Оның ішінде 25 нысанның құрылысы биыл аяқталса, қалған 22 нысан құрылысы келесі жылы іске асады.
Электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында биыл 41 нысанның құрылысы іске асырылуда. Жыл қорытындысымен 18 елді мекендегі 22,3 мың халықты сапалы электр қуатымен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар Түркістан қаласындағы 110 кВ-тық «Солтүстік» қосалқы станциясы іске қосылды. Одан бөлек, Келес ауданындағы 220 кВ-тық «Қызыләскер» қосалқы станциясы және 110 кВ-тық «Л-6-А» электр желісіне дейінгі екі тізбекті 110 кВ электр желілерінің құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Нәтижесінде Келес, Сарыағаш, Жетісай, Мақтарал, Шардара, Қазығұрт аудандарының тұрғындары тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етілді. Оған қоса, Төлеби ауданында 110 кВ-тық «Алатау» және Жетісай ауданындағы 110 кВ-тық «Жетісай» қосалқы станцияларының құрылыс жұмыстарын аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.
Түркістан облысы бойынша жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Облыста 1 жылу энерго орталығы, 34 орталықтандырылған және 1 622 автономды қазандықтар бар. Қазіргі таңда 737 көпқабатты тұрғын үй мен 2 243 бюджеттік мекемеге жылу тұрақты берілуде. Сондай-ақ Түркістан облысы 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына қажетті көмір көлемімен кестеге сәйкес қамтылған. Одан бөлек, Кентау қаласындағы №5 жылу энерго орталығында 6 қазандыққа қайта құру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Арыс, Ленгір қалалары және Таукент, Қыземшек кенттеріндегі қазандықтар ағымдағы жөндеуден толық өткізілді. Жалпы 2024-2025 жылдарға арналған жылыту маусымы тұрақты бақылауда.
Облыс басшысы бұл саладағы проблемаларды түбегейлі шешу бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
– Тұрғындарды ауыз сумен, газбен, инфрақұрылыммен қамту – басты міндет. Облысты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты түрде қаралып тұрады. Президент тапсырған жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі – халықтың жоғары өмір сапасын қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендерді 2025 жылдың соңына дейін таза ауыз сумен қамту туралы тапсырмасын еңсеру мүмкіндігіміз бар. Арнайы жоспар құрып, жүйелі жұмыс істеуіміз керек, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» бағдарламасының тұрақты жүргізілуін қадағалауды, кәсіпкерлерлік нысандардың басшыларына бизнес ошақтарының айналасын таза ұстауға қатысты тиісті жұмыстарды жүзеге асыруды тапсырды.
Айта кетейік, 2024 жылдың қорытындысымен 807 елді мекеннің 767-сі (7 қала, 760 ауылдық елді мекен) немесе 95%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 1 833 455 тұрғыны бар 563 елді мекен (69,7 %) табиғи газға қосылуға мүмкіндік алды.