Әлем чемпионатының жүлдегері Ұлттық ұланда қызмет етеді

1969
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Біздің әскерде өз қабілеті мен дарыны арқылы ел мерейін асырып жүрген ерлер аз емес. Бірі білімнің, енді бірі білектің күшімен өзгелерден дараланып тұрады.

Сондай беткеұстар әскери қызметшілердің бірі – қатардағы Әділ Оспанов Теміртау қаласындағы 5516 әскери бөлімінде қызмет етіп жүр. Жас та болса, жаһандық жарыстарда еркін күрестен ептілік көрсетіп жүрген спортшыны оқырман қауымға таныстырғымыз келеді.

- Әділ Виталийұлы біз сіздің жетістіктеріңіз жайлы ғана білеміз. Ал өзіңізбен танысудың сәті енді келді...

- Мен 1999 жылдың 24 қыркүйегінде Қарағанды қаласында дүниеге келдім. Өзгелер секілді ойын баласы болдық, мектепте оқыдық. Кейін жоғары білім алдым. Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдадым. Кейінгі өмірім өз арнасымен жалғасып келеді.

- Спорттың түрі көп. Бірақ таңдауыңыз еркін күреске түскен екен. Себебін түсіндіре аласыз ба?

- Еркін күрес жаттығуларын үйрететін клуб менің үйіме жақын жерде болды, сондықтан осы спортты байқап көргім келді. Алғашқыда тек өзімді қорғауды үйреніп алсам да жетеді деп санаған едім. Кейін қызығушылығым ұлғайған үстіне ұлғая берді. 14 жылдан бері осы спортпен айналысып келе жатырмын.

- Сіз үшін спорттағы ең үлкен жетістік қайсысы?

- Мен барлық жас ерекшеліктері бойынша Қазақстан чемпионымын. Азия чемпионаттарының екі дүркін жүлдегерімін. Әлем чемпионатында қола жүлде иелендім. Ал бұл нәтижелерді үлкен-кіші деп бөлгім келмейді. Өйткені, боз кілемге шыққан әр сәтім – жетістік.

- Өмірлік ұстазыңыз кім? Бапкеріңіз ше? Біреуді үлгі тұтасыз ба?

- Менің өмірлік ұстазым – әкем. Ол менің өмірімде маңызды рөл атқарады. Қиын сәттерде үнемі әкемнен ақыл-кеңес сұраймын, өйткені оның өмірлік тәжірибесі мол, әрі көп нәрсеге өзі жеткен адам.

Спортта менің екі бапкерім бар, ол кісілер маған әкемдей болып кеткен. Бала кезімнен бастап алғашқы бапкерім Чукрухидзе Леван Гивиевичпен 18 жасқа дейін жұмыс істедім. Ал қазір Момцелидзе Иосиф Шотаевичтің қол астында жаттығып жүрмін. Оларды қатты құрметтеймін әрі жақсы көремін.

- Нағыз азамат деген қандай болады?

- Азамат болу – өз қолың өз аузыңа жеткен сәттен басталатын болар. Ер жігіттің нағыз азамат болып қалыптасуына әсер ететін факторлар көп. Солардың ең бастысы – отбасын қорғау. Отбасын қорғай алған жігіт елі мен жерін де қорғай алады. Сондықтан нағыз азамат ретінде елжанды адамдарды атар едім. Осы ретте өзім де ел қорғау мақсатында әскери қызметші болуды қаладым. Өз мақсатыма жеттім де...

- Ұлттық ұлан қатарына қалай және қашан қосылдыңыз?

- 2021 жылы 5451 әскери бөлімінде ант қабылдадым. Сол жерде «Динамо» жүйесі бойынша қызмет етіп, жаттығуларымды жалғастырдым. Қызметімді аяқтағаннан кейін келісімшарт негізінде қызметімді жалғастыруға шешім қабылдадым. Қазір 5516 бөлімінде жұмыс істеймін, онда мен жедел саперлік топтың әскери қамтамасыз ету сарбазы болып қызмет атқарамын. Өз қызметімді мақтан етемін. Біздің бөлім командирі подполковник Данияр Усербаев әрдайым мені қолдап, кез келген жағдайда көмек көрсетеді. Сол үшін де командиріме алғысым шексіз.

- Сананы тұрмыс билеген заманда шығармашылық пен спортқа уақыт табатын адамдар аз. Бірақ олардың көбінде құлшыныс бар. Сондай ынталы жандарға қандай кеңес бересіз? Нені ескеру қажет?

- Бұл қиын сұрақ. Менің ойымша, белгілі бір жетістіктерге жету үшін мотивация табу керек. Бірақ мотивация тек ақшаға бағытталса, бұл алысқа апармайды. Спортта патриотизм өте үлкен рөл ойнайды. Мәселен, мені ең мықты спортшылардың қатарынан табылсам және елімнің туын көкке көтерсем деген ой қатты ынталандырады.

- Отбасылық өміріңіз жайлы білсек бола ма?

- 2019 жылы Ая есімді арумен отбасы құрдым. Қазір екі қызымыз бар. Тұңғышымыз Ада 2 жаста, екінші қызым Эканың өмір есігін ашқанына 6 айдан асты.

- Алдағы жоспарыңыз қандай?

- Жоспарым мен мақсатым бір-бірімен үндес – алға қарай ұмтылу және спорттағы ең жоғары жетістіктерге жету. Биыл қыркүйек айында әлем чемпионаты өтеді, сол жерде өз елім үшін алтын медаль алуды мақсат етіп отырмын.

- Мақсатыңызға жетуге тілекшіміз. Көк туымызды көкке желбіретіп жүре беріңіз! Қызметіңізге табыс тілеймін.

Әңгімелескен қатардағы

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -