ADSL өткеніде қалды: Қазақстандағы елді мекендерді интернетпен қамтамасыз етудің жаңа тәсілі

5390
Фотосурет: Gov

Елімізде сымсыз байланыс технологиясы (FWA) бойынша пилоттық жоба аясында 100-ден астам ауыл интернетпен қамтылады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бірінші болып Алматы облысындағы Сарыбай би ауылы қосылды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтудың жаңа әдісінің артықшылықтарын бағалап, Сарыбай би ауылының тұрғындарымен әңгімелесті.

Бұған дейін Сарыбай би ауылының тұрғындары ескірген ADSL технологиясы арқылы интернетке қосылып келген еді. Бұл технология жылдамдық пен қосылу сапасының шектеулігімен ерекшеленеді. Желі инфрақұрылымын құрудың жаңа тәсілі деректерді секундына 200-300 Мбит жылдамдықпен беруге, үлкен аумақтарды қамтуға және қолданушылар санының артуына қарамастан тұрақты қосылымды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

105 үй жаңа технологияға қосылып, оның артықшылықтары мен мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Қазіргі уақытта тұрғындар белсенді түрде қосылуға өтінім беріп жатыр.

«Бұл технологияның ең басты артықшылығы – қымбат оптикалық желіні жүргізудің қажеттілігінсіз тұрақты және жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізу. Бұл – қазақстандық ауылды цифрландырудың жаңа тәсілі, және біз бүгін Сарыбай би мысалында FWA технологиясының 5G негізінде қаншалықты тиімді әрі болашағы бар екенін көрдік. Енді осы ауылдың және басқа да ұқсас елді мекендердің тұрғындары қазіргі заманғы сервистер мен онлайн қызметтерді пайдалану мүмкіндігіне ие болады деп сенемін» Жаслан Мәдиев

«Қазақтелеком» компаниясы өзінің жаңа «Ауылтелеком» еншілес кәсіпорны арқылы табысты сынақтардың қорытындысы бойынша осы жобаны республикадағы басқа ауылдарда да енгізуді жоспарлап отыр.

Жаңа технология 7 ауылға енгізіліп, 200-ден астам үй шаруашылығын қамтыды. 2025 жылы 100-ден астам ауылды қосып, ауылдық елді мекендердегі 10 000-нан астам тұрғынды заманауи интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда.

«Біз еншілес ұйымдардың бірінің жұмысын ауылдық жерлерде жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге бағыттадық. Ауылтелеком қазіргі уақытта ең оңтайлы технологияларды анықтап, ауыл тұрғындарына сапалы интернетке қол жеткізу мүмкіндігін ұсыну үшін жұмыс істеуде. Сарыбай би ауылындағы тестілеу көрсеткендей, заманауи сымсыз технологиялар – FWA ауылдық жерлерде интернетке жоғары жылдамдықты қосылу мәселесін тиімді шеше алады» «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин

Цифрлық даму министрімен кездескен бірқатар тұрғындар жаңа байланыс технологиясына қатысты пікірлерін білдірді. Дәстүрлі оптикалық желілерді алыс аймақтарда жүзеге асыру қиын әрі қымбат болған жағдайда, FWA технологиясы минималды инфрақұрылым шығындарымен интернетке қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -