Ресми құжатта туылған жылы «1930 жыл» деп жазылғанымен белгілі абайтанушы, ғұлама ғалым, кемеңгер тұлға Мекемтас Мырзахметұлы 1928 жылы дүниеге келген екен. «Мекемтас аға, биыл 95 жасыңызды атап өтеміз» дегенде «97-ге толамын ғой» деп еді жарықтық жылы жымиып...
Мұсылманша жыл санау бойынша әр 30 жасқа 1 жылдан қосылатынын ескерсек, абзал да абыз ағамыз дүниеден 100-ге қараған шағында қайтыпты. Ғасыр жасаған жүрек соғуын осылай тоқтатты.
Амал нешік, ажал айтып келмейді. Әйтпесе, кемеңгерліктің кілтін ұсынған ғалым ағамыздың айтуынша, өткен ғасырдың 30-жылдарындағы Қазақ даласындағы аумалы-төкпелі кезеңде Мекемтас ағамыз анасы мен қарындасы үшеуі аштықтан жан тасалап, талғажау етер тамақ іздеп келе жатады. Ауылға шақырымға жуық жақындап қалғанда ашыққан бір топ қасқырдың қамауында қалады. Амалы қалмаған сорлы ана «Атадан еш болмаса тұяқ қалсын» деп, кеудеді сәби қызын жыртқыштарға қалдырып, ұлы Мекемтасты қолына алып, аман алып қалған екен.
Зұлмат заман, қатігез тағдыр...
Бір кем дүние...
Өмірін осындай «тағдыр тәлкегінен» бастап, ғұмыр соңына дейін биік абырой мен мұратқа жеткен – ғасыр жасаған Ғұламаның ғибратты ғұмыры бізге өнеге.
Мекемтас ағамыз өзінің өсиеті бойынша кіндік қаны тамған қасиетті де киелі Түркістан өңірінің Түркібасы топырағындағы V-VIII ғасырлардан бері келе жатқан Шілтөбе (Шөлтөбе) қорымына қойылды. Иманы саламат, рухы жұмақтың төрінде болғай.
Абзал азаматты соңғы сапарға шығарып салуға Қазақстанның түкпір-түкпірінен дүйім ел-жұрт жиналды. Бұдан былай тарихы терең Шөлтөбе қорымы «Шілтөбе – Мекемтас Биігі» деп аталады.
Қоштасу рәсіміне Мемлекет басшысынан бастап, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, есімі елге белгілі азаматтар көңіл айтып, ғалымның қазақ ғылымына қосқан орасан зор үлесін айтты.
Қоғам қайраткері, белгілі ғалым әрі Мекемтас ағамыздың шәкірті Дархан Қыдырәлі мырза қоштасу рәсімін жүргізе тұра: «Қазақ елі, оның ішінде Түркібасы өңірі, әлі де қандай Ғұламадан айырылып отырғанымызды, қандай Тұлға бізден кетіп қалғанын толыққанды сезінбей тұрмыз. Оны уақыт өте келе білеміз, сағаты келгенде сезінеміз, мезгілі келе мазалана зерттейміз. Сонда ғана толыққанды өзіндік бағасы беріліп, тарихи орны анықталар», – деген еді.
Күні бүгінге дейін әлем тарихшыларының да, қазақ тарихшыларының да мәні мен мағынасы жөнінде бір тоқтамға келе алмай жүрген сөзі – Ғайып ерен Қырық шілтен (Қожырбайұлы Мұхашбеткәрім, «Ұлт порталы», 7 тамыз, 2017 ж.).
«Ғайып ерен Қырық шілтен» – көне түркінің және парсының сөздерінен құралған тіркес. Сонымен қатар арабтың «ғайып» «жоқ болып кету», «көзден тасалану» деген мағыналарда жұмсалады. «Шілтен» парсы тілінде де «қырық тән» немесе «қырық дене» деген ұғымды білдіреді. Бұған қоса, келесідей де діни жорамалдар бар. Оның ең жоғарғысы – Құтып, екінші сатысы – Әруақұлы Мұққадас, үшінші сатысы – Ғайып Ерен Қырық шілтен болып саналады. Қырық шілтеннің құрамында Қырық әулие болады. Әулиелердің ұлықтары Ғайып ерен Қырық шілтенмен бірігіп, Жаратқанды ұлықтап намаз оқиды екен (Уикипедия). «Көне рухтардың бірі – Ғайып ерен Қырық шілтен. Көне наным бойынша «көзге көрінбейтін, шілтен» деп аталатын қырық нөкері бар, адамдарға көмектесіп жүретін рух» (Уикипедия). Расында да ілім бойынша «Ғайып ерен» «ерекше қасиеттерге қол жеткізген әулиелер» дегенді білдіреді.
Қазақ фольклорының кейіпкерлері әдетте Құдаймен қоса «Ғайып ерен, Қырық шілтен», «Ғаусып ғиас» сынды әулие-пірлерді рухани көмекке шақырған.
Мысалы, көне «Алпамыс батыр» эпосында әулиелердің кереметі:
«Сол уақытта батырға –
Атса мылтық өтпеді,
Шапса, қылыш кеспеді.
Ғайып ерен, Қырық шілтен,
Қолтықтан сүйеп, демеді», – деп жырланады.
«Шіл» парсы тілінде «чил» деп аталып, «қырық» деген ұғымды білдіреді. Осыдан қазақта: «шілдехана», «шілде айы – 40 күн» т.б. ұғымдары шыққан
«Тән, тон» болып айтылған, қазақ тілінде «дара жұмсалғанда», «тен қалпында» деп айтылады. Парсыларда «чилтон» (қырық тен) «көрінбейтін қырық қолдаушы» ретінде түсіндіріледі (З.Х. Тулашов. Чил сузининнинг кулдониши ва мағыналары. Узбек чевалары лексикасы, Тошкент , 1996).
Мекемтас ағамыздың біртуар Ғұлама Тұлға екенін келесідей амалдардан да байқауға болады. Мәселен, өзі өмірден өтсе де, жерленер жерін данышпан Мәшһүр Жүсіп сияқты анықтап, өскелең ұрпақ пен келешек жастарға ғана емес, дүйім жұртқа ежелден келе жатқан «Ғайып ерен Қырық шілтен» тақырыбын, «Шіл, шілтен» мағыналарын тереңінен зерттеп-зерделеп, ұғымын айқындады.
Абза аға көзі тірісінде Түркібас елді-мекенінде құрылысы тоқтап қалған 550 орынды жаңа мешітті қайта көтеріп, өзі тікелей басы-қасында жүріп бас-аяғы бір жарым жыл ішінде пайдалануға берілген имандылық үйіне «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген. Осы мешіт Түркібасы өңірінің тұрғындарын Алланың қалауымен қорғап жүретін Қырық қолдаушысы болсын» деп, мешітке «Қыдырбай баба» атын бергені елдің жадында. Ауылымыздағы «Қыдырбайдың қырық теңі» деген ежелден келе жатқан сөзді Мекемтас көкеміз осылайша салиқалы түрде жалғаған еді.
Мекемтас ағамыздың денесі киелі де қасиетті «Шілтөбе» (Шөлтөбе) топырағына қойылғаны еске еріксіз: «Сол тарихи замандарда осы Шілтөбеге «Қырықтың бірі Қыдыр – шілтеннің жерленуі мүмкін» деген аңызды түсіреді. Ал өңіріміздің бүгінгі күннің тарихындағы «Ғайып ерен, Қырық шілтен» әулие-пірлері қолдап өткен қас батырлары мен маңдайалды тұғырлы тұлғалары Тұрар, Бауыржан, Шерхан, Мархабат, Мекемтас сынды ағаларымыздың ғұмыр жолы өскелең ұрпаққа – үлгі-өнеге. Зиялы қауым үшін зерттеуге тұрарлық терең тақырып, құнды мұра.
Айналасы алақандай V-VIII ғасырлардан бері келе жатқан Шөлтөбе қорымына «Шілтөбе» деп дұрыс әрі тарихи атауының қайтарылуына ұйытқы болған және сонда мәңгі қоныс тепкен Мекемтас Мырзахметұлының игі ісін одан әрмен жалғастыру қажет. Бұл бағытта ағамыз бастап берген арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастырғанымыз абзал. Ағамыздың туып-өскен ауданымыз бен осы өңірдегі елді-мекендердің тарихи атауын киелі Түркібасы әулиемен ұштастырып, бұрмаланып кеткен атауларды тарихи қалпына келтіруді бастап бергені көзіқарақты қауымға белгілі. Ағаның аманатын ары қарай жалғастыру бізге басты парыз.