Қазақстанның жетекші музейлеріне ұлттық мәртебе берілді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер музейі» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық музейі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарына «Ұлттық» мәртебе беру туралы» Жарлыққа қол қойды.
Бұл шешім елдің мәдениет саласы үшін маңызды оқиға болып, өнер, ғылым және музей ісі өкілдерінің кең қолдауына ие болды.
Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлайым Жұмабекова музейге «Ұлттық» мәртебе берілуінің оның 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуін ерекше атап өтіп, Мемлекет басшысына алғыс білдірді:
«Өнерді қадірлейтін барша жанның, бейнелеу өнері мен музей ісінің дамуына үлес қосқан мәдениет қайраткерлерінің атынан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа осы тарихи шешімі үшін шынайы алғыс білдіреміз».
Орталық мемлекеттік музей директорының міндетін атқарушы Ғалия Теміртон жаңа мәртебенің музейдің тарихи-мәдени мұраны сақтау мен дәріптеудегі ұзақ жылғы еңбегінің лайықты бағалануы екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының Жарлығын ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов те қуанышпен қабылдап, музей қызметкерлерін құттықтады:
«Орталық мемлекеттік музей өзінің жоғары кәсібилігімен бұрыннан-ақ «Ұлттық» деп аталуға лайық еді. Осы маңызды оқиғамен барлық қызметкерлерді құттықтаймын және музей ісі мен ғылыми қызметте жаңа жетістіктер тілеймін!»
Этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Қартаева елдің жетекші музейлеріне ұлттық мәртебе берілуінің маңыздылығын ерекше атап өтті:
«Бұл музейлер – жай ғана артефактілер жинақталған орын емес, Қазақстанның аумақтық тұтастығы мен мәдени мұрасының байлығын дәлелдейтін негізгі орталықтар. Оларға ұлттық мәртебе беру – музей ісінің дамуы жолындағы маңызды қадам. Біз археология, этнология, антропология, музей ісін бірге дамытып келеміз. Осы мәртебе біздің ғылыми зерттеулеріміз бен практикалық жұмысымыздың музейлер қызметінде көрініс тапқанын көрсетеді. Бұл мекемелер – нағыз ғылыми орталықтар», – деп түйіндеді ол.