Осы жылдың 31 қаңтарында Шымкент шаһарында орналасқан Ұлттық ұлан 6698 әскери бөлімінің жауынгерлерімен ерекше кездесу кеші өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шарадағы басты қонақ - Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ұстазы, Шымкент қаласындағы «Сейітжан Қари Есжанұлы» мешітінің бас имамы Ерсін Әміре Бекайдарұлы болды.
Қасиетті жұма күніне сай келген кездесудегі басты мақсат – әскери қызметшілер арасында басқа діни ағымдармен адасуға жол бермеу, сонымен қатар жат ағымдардың қоғамға, еліміздің тұрақтылығына қаупі туралы тереңірек түсіндіру болатын.
Қазіргі жастар арасында саналы үгіт-насихат жүргізіп жүрген ұстаз Ерсін Әміре Бекайдарұлы айтылған тақырыпқа ғана тоқтамай, қоғамдағы ер азаматтың орны, жауынгерлеріміздің Отан алдында атқарып жүрген қызметке адалдығы туралы сүбелі сұхбатымен бөлісті. Сонымен қатар жастарды оқуға, білім алуға, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге шақырды.
Салихалы сұхбат болған кездесу соңында бөлім командирі подполковник Нұрлан Сакибеков ұстазға жауынгерлеріміздің діни танымы мен санасын жетілдіруге, олардың бойында адам жанының ізгі қасиеттерін қалыптастыруға, рухани дамуына қосқан салмақты үлесі үшін алғыс білдіріп, ел үшін атқарып жүрген игі істеріне табыс пен береке тіледі.