«Астана медицина университетінің» 43 студенті келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдіріп отыр, деп хабарлайды DKnews.kz.
ҚР ҚК Бас әскери-медициналық басқармасының бастығы медицина қызметінің полковнигі Ержан Смайыл өз тағдырын армиямен байланыстыруды жоспарлап отырған жастармен кездесті.
Оған Қарулы күштер түрлері мен әскер тектері медицина қызметтерінің бастықтары және кадр органдарының офицерлері қатысты. Әскери дәрігерлер студенттерге әскери-медициналық лауазымдарда қызмет өткеру ерекшеліктерін, нормативтік құқықтық актілерге әскери дәрігерлердің әлеуметтік пакетін жақсарту мақсатында енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды жеткізді.
Бас әскери-медициналық басқарма мамандары жыл сайын мектептер мен медициналық колледждердің түлектерімен, мерзімді қызмет сарбаздарымен және келісімшарт бойынша әскери қызметшілермен, сондай-ақ әскери кафедралардың толық курсынан өткен медициналық жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесіп тұруды әдетке айналдырған. Ондағы мақсат азаматтарды келісімшарт бойынша әскери қызметке тарту және Әуе қорғанысы күштері әскери институтының интернатурасына қабылдауды жүзеге асыру болып табылады.
Бүгінде «Астана медицина университеті», С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, «Қазақстан-Ресей медициналық университеті» және «Семей медицина университетінің» студенттері арасынан 24 адам биылғы жылы әскери институт интернатурасына түсуге ниет білдіргенін айта кету керек. Ал «Астана медицина университетінің» 43 студенті келісімшарт бойынша әскери қызметті таңдаған.