Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің төрағалығымен ҚР АШМ-де мал шаруашылығы мен ветеринарияны дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жиынға Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаментінің, облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармаларының басшылары қатысты.
Кеңестің негізгі тақырыптары өңірлердегі қыстау барысы, жем-шөп өндірісін дамыту жөніндегі Жол картасын өзектендіру, ветеринарияны цифрландыру және басқа да мәселелер болды.
«Қысқы қорада ұстау дұрыс ұйымдастырылған жағдайда мал шаруашылығының негізгі көрсеткіштерін орындау қамтамасыз етіледі. Кейбір өңірлерде табиғи-климаттық жағдай қолайсыз болып тұр. Осындай кезеңде басты міндетіміз – мал басының азаюына жол бермеу», – деді вице-министр.
Мал шаруашылығы департаментінің директоры міндетін атқарушы Бағлан Аймырзаевтың айтуынша, әкімдіктердің мәліметіне сәйкес, барлық өңірлер шөп, сүрлем, пішендеме, сабан және құрама жеммен толық қамтамасыз етілген, жем-шөп қорының қалған көлемі 65%-ды құрайды. Бұл мал басының сақталуын қамтамасыз ету үшін жеткілікті.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Қазбек Тәшімов ауыл шаруашылығы жануарларын карантиндеу, экспортқа шығаруды бақылау үшін жаңа функционалды енгізу шаралары туралы баяндады.
2024 жылы өңірлерде 220-дан астам мал қорымы, ветеринариялық және сою пункттері салынды, 8 инсинератор сатып алынды.
Қазіргі уақытта «Ветеринариялық-санитариялық сараптама» модулі барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалаларда пилоттық режимде іске асырылып жатыр, ал 2025 жылғы наурыздың соңында толық көлемде іске қосылады.
Жиын қорытындысы бойынша Аманғали Бердалин жергілікті атқарушы органдарға қыстауды ұйымдастыру және аурулардың алдын алу бойынша шаруашылықтармен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, ауа райының қолайсыздығы жағдайында жылқыларды мұз қатқан жерлерден жем-шөпке қолжетімді жайылымдарға айдауды ұйымдастыруды, сондай-ақ мал шаруашылығының индикативтік көрсеткіштерін орындауды және жалпы өнім көлемін екі есе арттыру жөніндегі Жол картасы аясында жұмыстарды қамтамасыз етуді тапсырды.