Қазіргі таңда Ұлттық ұланда «Ұлы Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы бастау алды. Ауқымды акция аясында Ұлттық ұланның жауынгерлерімен көптеген маңызды патриоттық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Сондай шаралардың бірі 12 ақпан күні Шымкентте орналасқан 6698 әскери бөлімінде өтті. Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай «Ұрпаққа ұран болған - Ұлы Жеңіс» атты тарихи көрме ұландық жауынгерлерге көрсетілді.
Мұндағы басты мақсат – тарихымыздың шежірелі беттерінде шегеленіп қалған Ұлы Отан соғысы, оның адамзат баласына әкелген зардаптары туралы тереңірек мағлұмат беру. Бастысы Отан үшін от кешіп, жан қиған батырларымыздың ерлігін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, үлгі ету болатын.
Көрмеде майдан басталысымен әскери комисариттарға келіп, соғысқа жіберу туралы өтініштерін толастатпаған жастардың жер-жерлерде өткізген митингтерінің, тыл еңбеккерлерінің майданға қосқан үлестері туралы фотосуреттері, құжаттары көрсетілген. Сондай-ақ соғыстың алғашқы күндері болған Брест қамалы үшін соғыста ерлік көрсеткен жерлестеріміз Қасым Жарменовтің, А. Леонтьевтің, сонымен қатар басқа Брест қамалын қорғаушылардың фотосуреттері қойылды.
Көрменің қақ ортасында орын алған ерекше тақырып Ұлы Отан соғысының батыры, Қазақстан мен Орталық Азиядан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымовқа арналған. Онда оның еңбектері мен марапатталған ордендері туралы естеліктер ілінген. Сондай батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының және Берлиндегі Рейхстагқа Ту тіккен батыр жауынгер Рахымжан Қошқарбаевтың да фотосуреттері мен құжаттары тарихи көрмеден орын алыпты.
Соғыс кезінде қолданылған тарихи жәдігер ретінде сақталған темір шлемдер, офицердің сумкасы, автомат қарулар, тарихы том-том кітапқа сыймаған Ұлы Отан соғысы туралы деректер жазылған энциклопедиялар, кітаптар, мемлекет басшысының елордадағы «Отан Ана» монументін ашу салтанатынан, ардагерлермен кездесуі кезінен фотосуреттер мен альбомдар да көрмеге жайғастырылыпты.
Жауынгерлерімізді сұрапыл жылдардың тарихымен терең таныстырған музей қызметкерлеріне алғыс білдірген бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Арман Утенов: «Ия, Ұлы Жеңіс күні бұл – жанқиярлық ерліктің, еңселі елдіктің рухы биіктеп, Жеңістің жалауы желбірегін күн. Бұл күн - елі үшін қан майданда қыршынынан қиылған жауынгерлердің айбыны асқақтаған күн. Бұл күн – батылдық пен Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің нәтижесі. Бұл күннің қадір-қасиетін, баға жетпес құндылығын жастар санасынан шығармауы тиіс»,- деді.
6698 әскери бөлімі капитан Малика Шынжігітова