Мәжіліс бітімгерлік қызмет мәселесі жөніндегі меморандумды ратификациялады

2761
Фотосурет: Gov

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев депутаттарға Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы халықаралық шарттарды ратификациялаудың мақсаты мен маңызы туралы айтып берді, деп хабарлайды DKnews.kz. 

«2024 жылғы 14 ақпандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлуді бақылау жөніндегі күштеріне (UNDOF) ресурс ұсынатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға хаттар алмасу нысанындағы келісімге қол қою туралы» ҚР Заңының жобасы қазақстандық әскери қызметшілердің бітімгерлік миссиясына қатысуына байланысты әзірленді. 

Қорғаныс ведомствосының өкілі оны ратификациялау UNDOF миссиясында Қазақстан Республикасының бітімгерлік контингентін ашу жөніндегі қаржылық мәселелерді реттеуге мүмкіндік беретінін түсіндірді.

– Ұлттық бітімгерлік контингенті 139 әскери қызметші мен 26 бірлік әскери техника 2024 жылғы наурыздан бастап миссия атқару үшін Голан жоталарына орналастырылды. Миссияның мақсаты – Израиль мен Сирия арасындағы бітімгерлікті қолдау, сондай-ақ Израиль мен Сирия әскерлерінің ажыраған аумағын қадағалау және бақылау, – деді генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев. 

Ол сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының бітімгерлік қызметі туралы» Заңның 23-бабының 2-тармағына сәйкес БҰҰ-ға мемлекеттің бітімгерлік операцияға жұмсаған шығындарын толық немесе ішінара өтеу тәртібімен бөлінетін қаражат республикалық бюджеттің кірісіне түсетінін еске салды.

– Қазақстанның БҰҰ-ның аталған миссиясына қатысқаны үшін жылына шамамен 5 млн АҚШ доллары мөлшерінде төлейді, оның ішінде жеке құрамға шамамен 2,4 млн АҚШ доллары. Бұл ретте әрбір әскери қызметші-бітімгер үшін айына 1 448 АҚШ доллары мөлшерлемесі бекітілді, – деп түсіндірді министрдің орынбасары.

Әскери қызметшілерді ынталандыру үшін БҰҰ төлемдері оларға тікелей төленеді. Сондықтан келісімде: Қорғаныс министрлігі – персоналға төлемдер үшін және Қаржы министрлігі – техниканы, қару-жарақ пен мүлікті жалға алғаны үшін екі банктік шот көзделеді.  

Генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев халықаралық шарттарды ратификациялау Қазақстан Республикасының мүдделеріне сай келетінін атап өтті. Оларды қабылдау мемлекетіміздің беделін арттыруға және ұлттық контингенттің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға тиімді қатысуын қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

Заң жобаларын талқылау қорытындысы бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттары оны ратификациялауды қолдады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -