2025 жылдың 14 ақпанында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясының қабырғасында Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 36 жыл толуына орай «Ерлік пен тағзым» атты салтанатты кеш өтті. Бұл іс-шара – жауынгер-интернационалистердің батылдығы мен қайсарлығын еске алу ғана емес, болашақ ұрпаққа өнеге көрсететін, патриоттық рухты асқақтататын маңызды дәстүр.
Кешке арнайы шақырылған қонақтар қатарында Ауған соғысына қатысқан ардагерлер – жауынгер-интернационалистер болды. Бұл кездесу – олардың ерлігіне құрмет білдірумен қатар, өткен тарихты ұмытпауға үндейтін тағылымды шара.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Академиясының бастығы, полковник Тоқышев Артур Қалиақпарұлы ашып, жиналған қауымға жүрекжарды лебізін білдірді. Ол өз сөзінде Ауған соғысының тарихы, оның бүгінгі ұрпақ үшін маңызы туралы айтып, ардагерлерге алғыс білдірді.
Ұлттық ұлан Академиясының тарихында әскери борышын өтеп, осы ұжымда қызмет атқарған бірқатар жауынгер-интернационалистер бар. Олардың қатарында:
- Полковник Алтынбеков Шамиль Карабаевич,
- Полковник Досжанов Бауыржан Алайнаевич,
- Полковник Ковалёв Олег Георгиевич,
- Полковник Пердибеков Иманали Тургунович,
- Аға прапорщик Цвингер Петр Петрович,
- Полковник Воробьёв Александр Владимирович.
Бұл азаматтар өз өмірін әскери қызметке арнап, тек жауынгерлік борышын өтеп қана қоймай, еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы жолында аянбай еңбек етті.
Ауған соғысы – Кеңес Одағы үшін де, сол кезеңде майдан даласында болған әрбір сарбаз үшін де ауыр сынақ болды. Тарих еншісінде қалған бұл соғыс қаншама жас жауынгердің тағдырын өзгертіп, талай жүректерге жазылмас жара салды.
Алайда сол бір ауыр жылдарда сарбаздар нағыз батырлық пен адалдықтың үлгісін көрсетті. Олар ұлт пен ұлысқа бөлінбей, бір атаның баласындай иық тіресіп, ел алдындағы борышын өтеді. Қан майданда шыңдалған ерлік, шынайы достық пен бауырмалдық – сол кезеңнің жауынгерлеріне тән қасиеттер еді.
Іс-шара барысында сөз «Союз ветеранов Афганистана и локальных войн Республики Казахстан» Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Эрик Иланович Татыбаевқа берілді. Ол Ауған соғысының тарихи маңызы, жауынгерлердің қайсарлығы мен олардың ерлігін бағалау туралы терең ой қозғап, майдан даласында қаза тапқандарды еске алу қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, ардагерлер атынан сөз алған запастағы аға прапорщик Цвингер Петр Петрович сол кезеңдегі естеліктерімен бөлісіп, жас сарбаздарға Отан алдындағы адал қызметтің маңыздылығын жеткізді.
Салтанатты шараның рухани бөлімі де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Кеш барысында Ұлттық ұлан Академиясының әскери оркестрі өнер көрсетті. Оркестр дирижері – Азамат Бекенов. Кештің басты музыкалық нөмірлерінің бірі – «Поппури авганцев» шығармасы орындалды.
Сонымен қатар, сахна төріне Қазақстан Республикасының құрметті азаматы, Мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иегері, айтыскер ақын сержант Жұмабек Рахимов шығып, Ауған соғысы ардагерлеріне арнап жүрекжарды өлеңдерін оқыды.
Әскери оркестрдің талантты солистері де кеш қонақтарына әсерлі әндерін тарту етті. Халықаралық конкурстардың лауреаты Мұрат Ибраев «Салам бача» әнімен көрермендерді баураса, керемет дауысты әнші Нұрсұлу Ахметжанова «Туған жер» әнін шырқап, туған елге деген сүйіспеншілікті паш етті.
«Ерлік пен тағзым» кеші – тек әскери тарихты еске түсіру ғана емес, жас сарбаздарды патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызды көрінісі. Отан қорғаушылардың батылдығы, ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Ауған соғысының ардагерлері – бүгінгі бейбіт күннің батырлары. Олардың ерлігі – келер ұрпаққа үлгі, ал олардың жүріп өткен жолы – тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы айрықша кезең.
Осы секілді іс-шаралар арқылы жас ұрпақ батырлық пен отансүйгіштік қасиеттерді бойына сіңіріп, ерлікке тағзым етудің маңызын түсінеді. Бұл – тарихты ұмытпауға, өткеннің өнегесінен сабақ алуға арналған қадам.
Ұлттық ұлан Академиясы ұйымдастырған бұл шара болашақта да өз жалғасын тауып, өскелең ұрпақты патриотизмге, адалдыққа, ерлікке тәрбиелеу ісіне үлес қоса беретіні сөзсіз.
Қатардағы Талапкер Маржан Ерікқызы