Пенальтимен жеңгендер: «Намыс» мини-футболшылары чемпион атағын жеңіп алды

5302
Фотосурет: Gov

Қорғаныс министрлігінің командасы шағын футболдан елордалық турнирдің чемпионы атанды, деп хабарлайды DKnews.kz.

ҚР Қорғаныс министрлігі «Намыс» құрамасының футболшылары елорданың әуесқой командалары арасында өткен Astana Futbol Ligasy турнирінде қысқы маусымның жеңімпазы атанды.

Әскери қызметшілерден құралған ұжым осыған дейін де лиганың әр түрлі деңгейлерінде өнер көрсетіп, айтарлықтай жеңістерге қол жеткізіп жүр. Өткен жылы Қорғаныс ведомствосының командасы екінші лигада жеңіске жетті, ал осы маусымда бірінші лигада бағын сынады. 

Іріктеу кезеңінен сәтті өткен «Намыс» ойыншылары үш ай бойы негізгі кезеңде 11 командамен жарысып, турнир кестесіндегі үздіктер арасынан орын алу үшін барын салды.

Жартылай финалда «Намыс» ойыншылары BI Group командасымен кездесіп, екі матчтың қорытындысы бойынша 8:1 есебімен сенімді жеңіске жетіп, финалға шықты. 

Ақтық бәсекеде олар тәжірибелі, жақсы дайындалған Кәсіподақтар федерациясының командасымен кездесті. Ойынның негізгі уақыты 3:3 есебімен аяқталды. Жеңімпаз команда пенальти сериясында анықталды. Финалдық матчтың қорытындысы бойынша Қорғаныс министрлігінің футболшылары бас жүлдеге ие болды. Келесі маусымда олар жоғары лигада өнер көрсетеді.  

 «Намыстың» бас бапкері подполковник Ғани Нүсіпов қорғаныс ведомствосының әскери ұжымдары арасында спортты дамытуға көп көңіл бөлінетінін атап өтті.

"Командамыздың турнирдегі жеңісіне шын жүректен қуаныштымыз. Футбол – бұл түсіністікті қажет ететін командалық ойын. Алаңда әскери қызметшілердің спорттық шеберлігі шыңдалып қана қоймай, команданың бірлігі де артады" Подполковник Ғани Нүсіпов

Жеңімпаз командалар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар мен дипломдар табыс етілді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -