Халқымыздың тарихы жазылған кітап беттерін артқа парақтасақ, батыр ұлдарының ержүректігі, өжеттігі, ару қыздарының сұлулығы, даналығы мен қатар ерлермен бірге ел қорғаған батырлығы көптеп жазылған. Дана халқымыз қырмызы қызын қонаққа теңеп, төрден орын беріп құрметтеген. Еркелігін көтеріп қана қоймай, оны батырлыққа, қайсарлыққа тәрбиелеген. Ата-бабамыздан қалған бұл дәстүр ешқашан ұрпақ тәрбиесінде шет қалмаған. Жаугершілік заманда да, ел басына күн туғанда қолына қылышын алып, атқа мінген батыл қыздарымыздың барлығы баршаға аян.
Қазірде Қарулы Күштеріміз қатарында елдің аманатын ерлермен бірдей арқалап, Отанның да, отбасының ошағын түтеткен ару қыздарымыз жетерлік. Сондай арулар Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде қызмет етеді.
Олардың қызметі қарапайым ғана қағаз жазу емес, олар күнделікті қаруланған қарауыл құрамында жауынгерлік қызмет атқарады.
Ұлттық ұланның жауынгерлерінің басты міндетінің бірі қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерін күзету, ондағы сотталғандарды бақылау мен қадағалау. Ал сотталған азаматтарға келушілерді, олардың әкелген заттарын, сәлемдемелерін тексеріп кіргізу, ішкі аймаққа тыйым салынған заттардың берілуіне жол бермеу бұл – бақылап-өткізу пунктінде жауынгерлік қызмет атқаратын қыздардың міндеті. Атының өзі құлаққа түрпідей естілетін аймақта қаншама адамдармен жұмыс істеудің қиындығынан бөлек жауапкершілігі де ауыр.
6698 әскери бөлімі 1 атқыштар ротасының бақылаушылар взводында қызмет атқаратын сержант Махамбетова Манат әскери қызметін 2006 жылдан бастаған. Бұл қызметке жанына жақын тартып, өзі қаламаса кез-келген әйел адамның бара беруі екі талай. Бала күнінен әскери киімге қызыққан Манаттың арманы Ақтау қаласында орындалды. Жақын туысының қолдауымен Ақтау қаласындағы 3502 әскери бөлімінде алғаш әскери қызметін бастады. Ақтау қаласында 2 жыл қызмет атқарып, 2009 жылы Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөліміне ауысып келеді. 2013 жылы бөлек полк болып құрылған 6698 әскери бөлімінің бақылаушылар взводында қызметін жалғастырады. Содан бері тек қана қарауыл құрамында жауынгерлік қызмет атақарып келеді.
Отбасында бірге өскен ағасы Махамбетов Марат осы 6698 әскери бөлімінде көп жылдар еңбек етіп зейнетке шықты. Артынан ерген сіңлісі Айгерім де ішкі істер органында қызмет етті. Өкінішке орай өмірден ерте озды. Ата-анасының қазасынан кейін бұл сынақ та Манатқа ауыр болды. Алайда қайсар мінезді Манат қайыспады. Жалғыз сіңлісінің артында қалған ұл-қыздарынан да аналық мейірімін аямай, өсіріп жетілдірді. Барлық ауыртпашылықты жеңе білді. Әскери қызметінде үнемі қолдау көрсететін жары - Әзімхан жеке кәсіпкер болғанымен, жауынгерлік қызметтің жауапкершілігін жақсы түсінді. Бүгінде отбасында Манат үш ұл тәрбиелеп отыр. Жұмыста да, үйде де ерлердің арасында жүретін Манат: «8-наурыз әскери қызметте жүрген әйелдерге ең керемет мерекенің бірі. Осы күні мен өзімнің әйел-ана екенімді ерекше сезініп еркелеп қалатыным бар. Ал басқа күндері саптағы ер азаматтардан еш айырмашылығымыз жоқ, жауапкершілік бірдей жүктеледі. Ал мереке күні әріптес жігіттерден, ұлдарымнан сыйлықтар алып, әдемі концертке барамыз. Сол үшін бұл мерекені ерекше күтемін» ,- дейді.
Сержант Махамбетова Манат атқаратын жауынгерлік қызметті Ленгер қаласындағы 4 жеке атқыштар ротасында кіші сержант Калиева Нұргүл де абыроймен атқарып келеді.
Арасы жер мен көктей аязы қарып тұратын солтүстіктің қызын қысы аз көктемі мен жазы басым оңтүстікке алып келген осы әскери қызмет еді. Қарапайым ғана отбасының тұңғышы Нұргүл бала кезден әскери формадағы қызметті армандады. Әскерде тек осы жауынгерлік қызметті атқарып келеді. «Бұл қызметке орналасқанда ауырлығы мен артылатын жауапкершілігін жақсы сезіндім. Басында қиын болса да мойымадым. Өйткені бұл қызмет қырағылық пен тәртіпті, қаталдықты талап етеді. Жақынының жағдайына алаңдаған қаншама адамдар келеді. Біз үшін қоғамнан оқшауланған қылмыскер болғанымен біреу үшін бауыр еті баласы, біреу үшін бауыры, біреу үшін жан-жары, біреу үшін әкесі ғой. Біреуінің пиғылы жаман болса, біреуі шындап жылап келеді. Бәрін тәртіпке, ережеге сай кіргізіп, шығаруың керек. Ешкіммен етене араласып, жақын әңгімелесуге болмайды. Сондықтан біздің қызметте қырағылық пен қатаңдық бірінші орында »,- дейді Нұргүл.
6698 әскери бөлімінде 2021 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан кіші сержант Пазыл Мейрамкүл Оразалықызының әскери қызметтегі жолы тіпті ерекше. Әскери қызметшінің жолдасы ретінде Тараз, Алматы Қызылорда, Астана сияқты еліміздің бірнеше қалаларын жүріп өтті. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің тарих факультетін аяқтаған Мейрамкүлдің армандары мүлде басқа болатын. Алайда жары Арманды жолықтырған соң, әскери қызметті таңдауға тура келді. Жолдасы қазір запастағы полковник - Айтубаев Арман әскери прокуратура саласында көптеген гарнизондарда қызмет атқарды. Күндіз-түні қызметте жүретін жарының отбасына уақыты да аз болды. Өзі де әскери қызметші, соған қарамай үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздары өздеріндей оқып, жоғары білім алды. Үлкен ұлы - Дінмұхаммет жоғары оқу орнын аяқтап, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында маман болып жұмыс істеп жүр. Ал қызы - Арайлым Еуразия университетінің 3 курс студенті. Мұхамедали 8 сынып оқыса, кенжесі - Алихан балабақшада. Ұлттық ұланда 2015 жылдан қызметін бастаған Мейрамкүл барлық саланы меңгерді, кадр саласында да, тәрбие бөлімшесінде де, тыл саласында да, жауынгерлік қызметте де үздіктер қатарында болды. 6698 әскери бөліміне келгелі әскери бөлімнің әйелдер кеңесін басқарып келеді. Ұжым ішінде беделі биік. Үлкенге құрметі, кішіге ізеті жоғалмаған кіші сержант Пазыл Мейрамкүл әскери бөлімнің барлық қоғамдық жұмыстарына белсене ат салысады. Тәрбие бөлімшесінің офицерлерімен етене жұмыс жасап, тағлымды тәжірибесімен бөлісіп тұрады. Ал ардагерлерге деген қамқоры тіпті бөлек. Үнемі мерекелер сайын оларды бір ауыз жылы сөзбен болса да құттықтап, мейірім мен қамқорлық танытуға бастамашы болады. Жас жауынгерлерден аналық жылуын аяған емес. Әскердегі қызметі туралы қызықты оқиғалармен бөліскен Мейрамкүл: «Әскери қызметтің өзі түсінген адамға үлкен өмірлік өнеге. Қаладан-қалаға көшіп қону, ұл-қыздарымның дүниеге келуі, ұжымды ауыстыру, полигондар мен әскери қалашықтарда қызмет атқару барлығы қызық та, қиын оқиғаларға толы. Бастысы түздегі ердің тілеуін тілеп, адал жар, ардақты ана мәртебесін түсірмеу. Барлық қиындықты жеңіп, отан үшін де, отбасым үшін қызмет етіп келемін. Қазақ әйелінің басты қасиеті даналығы деп, әжем айтқан сөз үнемі жадымда», - дейді.
Қаһарман қыздарымыз Әлия мен Мәншүктей қан майданда ерлік жасамаса да, қазіргі таңда қазақ қызына тән ұлтжандылықты, қайсарлықты, нәзіктікті, намысшылдықты, инабаттылық пен сыпайылықты, мейірімділік пен адалдықты бойына қалыптастырып, ел аманатын ерлермен бірдей арқалап жүрген әскери киімдегі аруларымыз қандай құрметке де лайық батыр деп білеміз.
6698 әскери бөлімі капитан Шынжігітова Малика