Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің (ШИК) энергетика, экология және мұнай-газ саласы мәселелері жөніндегі бірлескен жұмыс тобының отырысы өтті. Жиынға ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев және шетелдік тараптан жұмыс тобының тең төрағасы, «ЭкссонМобил Қазақстан Инк» компаниясының басқарушы директоры Сесиль Ролин ханым төрағалық етті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесу барысында 2024 жылғы жұмыстың қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңнің басымдықтары айқындалды. Тараптар 2024-2025 жылдарға арналған жоспарды іске асыруға қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Бұл жоспар инвестициялық ахуалды жақсартуға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және энергетика мен мұнай-газ секторларына озық технологияларды енгізуге бағытталған. Әсіресе, Қазақстан экономикасын декарбонизациялау, оның ішінде метан шығарындыларын азайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Экологиялық мәселелермен қатар, отырысқа қатысушылар Қазақстанда мұнай өндірудің оңтайлы көлемін айқындау параметрлерін жан-жақты қарастырды. Бұл ретте мемлекеттің және инвесторлардың мүдделері, сондай-ақ әлемдік нарық конъюнктурасы ескерілді.
«Шетелдік инвесторлар кеңесімен өзара іс-қимыл жасау – біз үшін стратегиялық маңызды. Біз ашық диалог пен конструктивті серіктестікті жоғары бағалаймыз. Бұл күрделі міндеттерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Бүгінгі кездесу екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге және белгіленген жоспарларды іске асыруға деген ортақ мүддені растайды», – деп атап өтті ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Отырыста Қазақстанның ілеспе газды жағу көлемін азайту бойынша қол жеткізген маңызды жетістіктері ерекше аталды. Мемлекеттің жүйелі саясаты мен жер қойнауын пайдаланушылардың жауапты ұстанымының арқасында алау қондырғыларында жағылатын газ көлемі 2006 жылғы 3,1 млрд м³-ден 2024 жылы 0,3 млрд м³-ге дейін қысқарды.
«Қазақстан тұрақты даму қағидаттарына және қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық міндеттемелерді орындауға берік бейілділік танытуда. Біз заңнаманы жаңғырту, “жасыл” технологияларды енгізу және экологиялық таза жобаларға инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау бағытында белсенді жұмыс жүргізудеміз», – деді министр.
Сонымен қатар, қатысушылар ҚР жаңа Су кодексін әзірлеу мәселелерін және жобалық-сметалық құжаттамаға қойылатын нормативтік талаптарды халықаралық стандарттарға сәйкес жетілдіру мәселелерін қарастырды.
Алдағы кезеңде шетелдік әріптестермен және салалық министрліктермен бірлесіп, бірқатар маңызды міндеттерді шешу көзделген. Атап айтқанда, технологиялық тұрғыда орын алатын шикі газды жағуды реттеуді оңтайландыру, кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу және қолжетімді үздік технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жалғасады. Сондай-ақ, Жайық және Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі мәселесіне қатысты кешенді стратегия әзірлеу, көміртек салығын (CBAM) қолдану жөніндегі халықаралық тәжірибені зерттеу және құбырлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәуекел факторларын ескере отырып, техникалық куәландыру әдістерін белсенді енгізу шараларына ерекше көңіл бөлінеді.
2024-2025 жылдарға арналған жоспар аясында белгіленген барлық бағыттар бойынша жұмыстар мүдделі тараптармен тығыз ынтымақтастықта жалғасады. Бірлескен күш-жігер аталған міндеттерді тиімді шешуге және Қазақстанның энергетика мен экология салаларының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.