Алматы қаласындағы Армия үйінде «Патриотизм және Отанға деген сүйіспеншілік – әрбір командирдің міндеті» тақырыбында III республикалық форум өтті. Сарбаз аналарының «Аналар жүрегі» комитеті мұрындық болған маңызды іс-шара әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіру, әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау, командирлердің жауапкершілігін арттыру және қоғам мен әскер арасындағы байланысты нығайту мәселелеріне арналды.
Форум өз жұмысын 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімімен бастады. Жиналған қауым ел тәуелсіздігі мен тыныштығы жолында жанын қиған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Республикалық деңгейдегі диалог алаңына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, әскери прокуратура органдарының өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.
Форумның негізгі мақсаты – командирлердің жеке құрамның моральдық-психологиялық ахуалы үшін жауапкершілігін арттыру, Отанға деген сүйіспеншілік пен әскери борышқа адалдықты нығайту болды.
Іс-шара барысында қатысушылар әскери ұжымдардағы тәрбие жұмысын жетілдіру, әскери бөлімдердегі моральдық-психологиялық климатты күшейту, қоғамның әскерге деген сенімін арттыру, сондай-ақ болашақ Отан қорғаушы тұлғасын қалыптастырудағы отбасының рөлі жөніндегі өзекті мәселелерді талқылады. Командирдің жеке үлгісі, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне қамқорлық көрсету, әскери дәстүрлерді сақтау және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қоғамдық диалогқа қатысқан Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков мұндай кездесулер мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы тәжірибе алмасуға, өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін қалыптастыруға және әскери-патриоттық тәрбиені одан әрі дамытуға ықпал ететінін атап өтті.
Форумға Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-
майор Сәкентай Шекарбеков қатысып, әскери бөлімдер мен атааналар арасындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталды.
– Бұл форумның маңызы ерекше. Өйткені әскери қызметтің сапасын арттыруда, сарбаздардың құқықтары мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуда, сондай-ақ әскери бөлімдер мен ата-аналар арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуда мұндай кездесулердің орны бөлек. Сарбаз аналары комитеті әскери қызметшілердің ата-аналарымен тығыз байланыс орнатып, қоғам мен әскер арасындағы өзара түсіністікті дамытуға, әскери қызметтің оң имиджін қалыптастыруға және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге елеулі үлес қосып келеді, – деді өңірлік қолбасшылық басшысы.
Сонымен қатар генерал-майор Сәкентай Шекарбеков ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, әскери қызметтің сапасын арттыруға қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді. Оның айтуынша, Ұлттық ұланда әскери қызметшілердің лайықты жағдайда қызмет атқаруы үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде:
– Біз әскери қызметтің жауынгерлік міндеттерді сапалы орындауға ғана емес, нағыз патриоттарды тәрбиелеуге де ықпал ететін қолайлы жағдайда өтуіне мүдделіміз. ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабековтің бастамасымен және жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Алматы және Түркістан қалаларында әскери қалашықтардың құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ Алматыдағы 5571 әскери бөлімі мен Қызылордадағы 5547 әскери бөлімінің батальондарына арналған жаңа казармалардың құрылысы аяқталуға жақын. Көптеген мәселені шешуде Сарбаз аналары комитеті баға жетпес көмек көрсетіп келеді. Біз бұл жұмысты жоғары бағалаймыз және комитетті маңызды әлеуметтік серіктес ретінде қарастырамыз, – деді ол.
Қолбасшы форумның «Қолбасшылық – Қоғамдық ұйымдар – Мемлекеттік органдар» арасындағы өзара ықпалдастықты күшейтуге, пікір алмасуға және ортақ мәселелердің тиімді шешімдерін табуға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.
Форум барысында Сарбаз аналарының «Аналар жүрегі» комитетінің төрайымы Лилия Хайруллина биыл мерзімді әскери қызметшілер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде сарбаздар ерекше құрметтейтін және сенім артатын командирлер анықталғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл рейтинг үздік офицерлердің тізімі ғана емес, жеке құрамның сенімі мен командирлердің күнделікті еңбегінің нақты көрсеткіші болып табылады.
Осыған байланысты сарбаздарға көрсеткен қамқорлығы, қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға қосқан үлесі және жеке құрам арасындағы жоғары беделі үшін бірқатар үздік офицер марапатталды.
Ұлттық ұлан қатарынан 5571 әскери бөлімі рота командирінің орынбасары аға лейтенант Мырзаәділ Қанатұлы, 3660 әскери бөлімінің атқыштар ротасының командирі аға лейтенант Самғар Көпжасар және 5514 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Нұрсұлтан Төлеген Алғыс хаттармен марапатталды.
Форумның ең әсерлі сәттерінің бірі сахна төрінде ұйымдастырылған тосын сый болды. Ұлттық ұланның үш сарбазы өз аналарымен күтпеген жерден қауышып, 10 күндік демалысқа жіберілді. Атап айтқанда, 5571 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы жауынгер Аңсар Сағибеков, 3660 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы жауынгер Ербосын Нұрмұхамбет және 5514 әскери бөлімінің сарбазы қатардағы жауынгер Мадияр Досболұлы аналарының құшағына бөленіп, ерекше қуанышқа кенелді.
Форум қорытындысы бойынша әскери-патриоттық тәрбиені одан әрі жетілдіруге бағытталған практикалық ұсыныстарды қамтыған арнайы қарар қабылданды. Құжатта командирлер мен тәрбие құрылымдарының қызметін жетілдіру, әскери ортадағы патриоттық құндылықтарды нығайту және әскери қызметшілердің әлеуметтік мәселелерін шешу бағытындағы нақты ұсыныстар көрініс тапты.
Республикалық форум шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасымен аяқталды.
Алматыда өткен бұл маңызды жиын қоғам мен әскердің өзара байланысын нығайтуға, қазақстандық патриотизм құндылықтарын дәріптеуге және командирдің тәрбиеші, тәлімгер әрі көшбасшы ретіндегі рөлін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Запастағы подполковник Данара Баймағамбетова