671
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Әскери қызмет – тек мамандық емес, ол Отан алдындағы жауапкершілік пен адалдықтың көрінісі. Бұл жолды таңдаған жастардың әрқайсысы тәртіп пен табандылықты өмірлік ұстанымына айналдырады. Солардың бірі – Ұлттық ұлан академиясының түлегі, Президенттің қолынан алғашқылардың бірі болып аға лейтенант шенін алған Арыстан Маултов.

Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында дүниеге келген Арыстан, бала кезінен спортпен шұғылданып, белсенді өмір салтын ұстанды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ  дзюдомен айналысып, түрлі жарыстарға қатысып, өз бойындағы табандылық пен қайсарлық қасиеттерді қалыптастырды. Кейін бұл қасиеттер оның әскери жолды таңдауына да ықпалын тигізді.

2020 жылы Қарулы Күштер қатарында мерзімді әскери қызметін өтеген жас сарбаз әскери өмірдің жауапкершілігі мен маңызын терең түсінді. Қызмет барысында тәртіптілік, төзімділік және жауапкершілік сынды қасиеттерді шыңдап, болашақ тағдырын әскери саламен байланыстыруға шешім қабылдады.

Бүгінде Ұлттық ұлан академиясын тәмамдап, Мемлекет басшысының қолынан аға лейтенант шенін алған жас офицер кәсіби білімін жетілдіріп, ел қауіпсіздігі жолында қызмет етуге дайын.

Біз жас офицермен сұхбаттасып, алдағы мақсаттары туралы әңгімелескен едік.

– Әскери мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

- Мен бала кезімнен әскери қызметке қызығып өстім. Әскери адамдардың тәртібі, жауапкершілігі және Отанға деген адалдығы мені әрдайым тәнті ететін. Сондықтан өз өмірімді ел қауіпсіздігіне қызмет етуге арнауды мақсат етіп, әскери мамандықты таңдадым.

- Ұлттық ұлан академиясына түсу туралы шешімді қашан және қалай қабылдадыңыз?

 - Ұлттық ұлан академиясына түсу туралы шешімді жоғары сыныптарда оқып жүрген кезімде қабылдадым. Академияның еліміздің білікті офицерлерін даярлайтын беделді оқу орны екенін білген соң, болашағымды осы саламен байланыстыруға бел будым.

- Академиядағы оқу жылдары сізге қандай өмірлік және кәсіби сабақ берді?

- Академиядағы оқу жылдары маған тек әскери білім ғана емес, өмірлік маңызды қасиеттерді де үйретті. Тәртіп, табандылық, жауапкершілік және көшбасшылық қабілеттерім осы оқу орнында қалыптасты. Аталған қабілеттерді жеке өмірде ұтымды пайдалануды үйретті.

- Курсант кезіңізде ерекше есте қалған оқиға немесе жетістік бар ма?

- Курсанттық кезеңде көптеген есте қаларлық сәттер болды. Соның ішінде оқу мен әскери дайындықта жоғары нәтижелер көрсетіп, командирлердің сеніміне ие болған кездерім ерекше есте қалды. Курсант кезімде қанша бауыр, дос таптым. Курстастарыммен өткізген әр күнім ерекше және есімде мәңгі қалады. Ал ең басты жетістігім сол достарым десем артық айтқаным емес.

– Президеттің қолынан алғашқы офицерлік шен – аға лейтенант атағын алу сіз үшін нені білдіреді?

Президенттің қолынан алғашқы офицерлік шен алу – өмірімдегі ең маңызды әрі толқынысты сәттердің бірі. Бұл мен үшін үлкен мәртебе, зор сенім және жоғары жауапкершіліктің белгісі.

– Мемлекет басшысымен кездесер алдындағы және кездесу кезіндегі әсеріңіз қандай болды?

Мемлекет басшысымен кездесер алдында ерекше толқу сезімі болды. Ал кездесу барысында мақтаныш пен қуаныш сезімі бойымды биледі. Бұл сәт өмірімде мәңгі сақталады деп ойлаймын.

- Сол сәтте ең алдымен кімдерді есіңізге алдыңыз?

Сол сәтте ең алдымен ата-анамды, отбасымды және маған тәлім-тәрбие берген ұстаздарымды есіме алдым. Өйткені олардың қолдауы мен сенімі мені осы жетістікке жеткізді.

– Академияда білім алғысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Жастарға айтарым – мақсаттарыңызға адал болыңыздар, білім алудан жалықпаңыздар және өздеріңізді үнемі дамытыңыздар. Әскери қызмет – абыройлы әрі жауапты мамандық.

– Бүгінгі жас ұрпақтың әскери қызметке деген қызығушылығын қалай арттыруға болады деп ойлайсыз?

- Жастардың әскери қызметке қызығушылығын арттыру үшін патроиоттық тәрбиені күшейтіп, әскери мамандықтың маңыздылығы мен мүмкіндіктерін кеңінен насихаттау қажет. Қазір жастарға әскерде барлық жағдай жасалған. Барлығы заманауи үлгіге сай. Жастар әскерге баруға тиіс.

– Отан қорғаушы офицер ретінде өз миссияңызды қалай түсінесіз?

Офицер ретінде менің басты миссиям – Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Халқымыздың тыныштығын қорғау және әскери антқа әрдайым адал болу.

– Алдағы бес-он жылда өзіңізді қай деңгейде көресіз?

Алдағы бес-он жылда өзімді тәжірибелі, кесіби деңгейі жоғары, жауапты командир әрі өз ісінің шебері ретінде көргім келеді. Ол үшін қазірден бастап тынбай еңбек етуім керек. Өз мақсаттарымды жүзеге асыру өз қолымда. Мен мақсаттарыма жету жолын дұрыс таңдадым деп есептеймін.

Президент қолынан офицерлік шен алу – кез келген әскери қызметші үшін ұмытылмас сәт. Ал Арыстан Маултов үшін бұл – жаңа белестің басталуы. Ел қауіпсіздігі жолындағы жауапты қызметте жас офицердің алар асуы әлі алда. Оның табандылығы мен кәсібіне деген адалдығы болашақта да биік жетістіктерге жетелейтініне сенім мол.

Диас Қойшыбай

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -