Заңсыз шығарылған активтерді қайтару Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің негізгі міндеттерінің бірі, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында «follow the money» қағидаты бойынша жүргізілуде және мемлекеттік институттарға деген қоғамның сенімін нығайтуға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады.
2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1,12 трлн теңгеден астам актив қайтарылды.
Қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражат пен мүлікті іздеу жұмыстары ел ішінде де, шетелде де жүргізілуде.
Бұл мақсатта Қаржы мониторингі агенттігінің қаржылық барлау бөлімшесімен, сондай-ақ халықаралық әріптестермен тығыз ынтымақтастық орнатылған. «GlobE», «CARIN», «ARIN» және басқа да бейресми байланыс арналары пайдаланылып, активтерді жедел анықтауға және қайтаруға мүмкіндік беруде.
Осыған ұқсас жұмыстар өңірлік департаменттер тарапынан да жүргізілуде.
Мысалы, Жетісу облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі білім беру саласындағы бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іске қатысты күдіктінің үйінде тінту жүргізу барысында шетелдік банктің реквизиттері көрсетілген қаржылық құжаттарды анықтады.
Қаржы мониторингі агенттігінің қаржылық барлау бөлімшесімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде ұрланған қаражаттың бір бөлігі көрсетілген шетелдік банктегі шоттарға аударылғаны туралы ақпарат алынды.
Кейіннен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің байланыс офицері «GlobE» халықаралық желісі арқылы шетелдік әріптестерімен байланыс орнатып, күдікті мен оның туысына тиесілі шоттар мен қаржылық операциялардың бар екенін растады.
Олар сондай-ақ ақша қаражатын алушы болған ҚР-ның резиденті емес тұлғаға қатысты деректерді ұсынды. Ақшалай қаражатқа тыйым салу және оларды кейін ықтимал тәркілеу мақсатында шет мемлекеттің құзыретті органдарына құқықтық көмек көрсету туралы халықаралық тергеу тапсырмасы жолданды.
Өзара іс-қимыл жалғасуда.
Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа мәліметтер жария етуге жатпайды.
Жалпы, қаржылық тергеу жүргізу кезінде күдіктілердің туыстарына, сенімді адамдарға және жиі номиналды меншік иелері ретінде пайдаланылатын басқа тұлғаларға рәсімделген активтер тексеріледі. Әдетте, олар мүлік пен оны сатып алуға жұмсалған қаражаттың заңды шығу тегін дәлелдей алмайды, ал олардың ресми табысы активтердің құнынан едәуір төмен.
Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа күдікті тұлға қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған автокөлік пен екі пәтерді жұмыссыз туысының атына рәсімдеген.
Шымкентте мемлекеттік қызметкер ұрланған ақшаға зайыбына электромобиль сатып алған.
Жетісу облысында жүргізілген қаржылық тергеу нәтижесінде жалпы сомасы 2,8 млрд теңге болатын мүлік, соның ішінде ақша қаражаты, алты автокөлік және бір пәтер анықталып, тәркіленді.
Бұл – бірегей жағдайлар емес.
Мұндай барлық активтерге тыйым салынып, олардың тәркіленуі бойынша шешімді сот үкім шығарған кезде қабылдайды.
Активтерді іздеу, тыйым салу және қайтару бойынша жұмыстарды жүргізу барысында олардың түпкілікті меншік иелерін анықтау, қажетті мәліметтер мен дәлелдерді алу бойынша Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитетімен және басқа да құқық қорғау органдарымен, соның ішінде шетелдік құқық қорғау органдарымен тығыз өзара іс-қимыл жүзеге асырылады.
Мысалы, Активтерді қайтару комитетімен бірлесіп жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен мемлекет пайдасына 5 млрд теңгеден астам қаржы, зергерлік бұйымдар және қымбат мүліктер қайтарылды.
Жүргізілген тергеу іс-шаралары мен жиналған материалдарды талдау барысында бұл активтердің сатып алыну көздерінің заңдылығына негізді күмән анықталды. Сондай-ақ олардың құны заңды табыс көлеміне немесе өзге де заңды қаржы көздеріне сәйкес келмейтіні анықталды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлардан тәркіленген барлық қаржы әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталуда.
«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы қайтарылған 153,3 млрд теңге есебінен 89 мектептің құрылысына қаржы бөлініп, нәтижесінде елдің түрлі өңірлері мен ірі қалаларында 100 мыңға жуық оқушы орны жасақталды.
Осы 89 мектептің 61-і (74,4 мың орын) салынып, пайдалануға берілді, оның 29-ы ауылдық жерлерде орналасқан.
Бұл шара 6 үш ауысымды, 2 апатты және 1 тозығы жеткен мектептің мәселесін шешуге мүмкіндік берді.
2024 жылы 25 жаңа мектеп салынды, олардың басым бөлігі Астана қаласында, сондай-ақ Маңғыстау, Алматы және Жамбыл облыстарында орналасқан. Барлық білім беру ұйымдары заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқушылар үшін қолайлы жағдай жасалған.
Ағымдағы жылы 22 мың оқушыға арналған тағы 28 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған.
Қаржыландырудың өзге көзі «Арнаулы мемлекеттік қор» болып табылады, ол мемлекет меншігіне қайтарылған мүлікті сатудан алынған түсімдер мен қаражат есебінен, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет күштерімен толықтырылады.
Ақшаның бір бөлігі ауылдық жерлердегі 7 мектепті (Атырау, Түркістан облыстарында, Жетісу және Ұлытау облыстарында), 2 спорт кешенін (Ақмола және Алматы облыстарында), 1 жатақхананы (Шымкент қаласында) және 2 балабақшаны (Ақтөбе және Петропавл қалаларында) қоса алғанда, 12 нысан салуға бағытталды.
Сонымен қатар, елордада Арнайы мемлекеттік қор қаражатына Қ. Мұнайтпасова атындағы 3598 орындық жаңа стадион салынады.
Сондай – ақ денсаулық сақтау саласындағы 105 объект (Риддер қаласындағы көпфункционалды аурухана кешені, жедел жәрдем станциялары, медициналық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, зертханалар), 162-сумен жабдықтау жүйелері (су құбыры және тарату желілері, су тарту және қысым-реттеу құрылыстары) мақұлданды.
Арнайы мемлекеттік қордан еліміздің әртүрлі өңірлерінде 223,9 млрд теңгеге 280-ге жуық әлеуметтік маңызы бар нысандарды инвестициялауға қолдау көрсетілді.
Активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасуда.