Астанада Қаржылық мониторинг агенттігі мен "AMANAT" партиясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Құжатқа ҚМА төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов пен "AMANAT" партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қол қойды.
Тараптар бірлесіп оқу материалдарын әзірлеуді, қоғамды алаяқтық схемалар туралы ақпараттандыруды және зардап шеккен азаматтарды қолдауды көздейді.
ҚМА төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов қаржылық пирамидалардың белсенділігі артып келе жатқанын атап өтті.
Өткен жылы агенттік қаржылық алаяқтық белгілері бар 327 чаттың жұмысын тоқтатқан, олардың құрамында 1,5 миллионнан астам адам болған. "Кибербақылау" жүйесінде қаржылық пирамида белгілері бар 15 мыңға жуық сайт пен аккаунт және 12 мың онлайн-казино бұғатталды.
Биылғы екі айдың ішінде 11 қаржылық пирамида анықталып, 4,5 мың сайт пен аккаунт бұғатталды, 13 мыңға жуық ықтимал салымшысы бар 6 әлеуметтік желі тобы жабылды, сондай-ақ 4 мыңнан астам онлайн-казино сайты мен аккаунтының қызметі тоқтатылды.
"АMANAT" партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек "Қарызсыз қоғам" жобасы қаржылық қиындыққа тап болған азаматтарды қолдаудың тиімді құралына айналғанын атап өтті.
Жоба іске қосылған екі жыл ішінде ел бойынша 850 мыңға жуық адам қаржылық сауаттылық бойынша оқытудан өтті, олардың 70 мыңы заңгерлік көмек алды.
"Қарызсыз қоғам" жобасы қарызға батқан және қаржылық тұрақсыздыққа ұшыраған азаматтарға қолдау көрсететін тиімді механизм ретінде өзін дәлелдеді.
Бұл келісім қаржылық қауіпсіздікті нығайтуға, алаяқтық схемаларды анықтау мен заңнаманы жетілдіруді жеделдетуге, сондай-ақ азаматтардың қаржылық қауіптер туралы ақпаратты арттыруға ықпал етеді.