29 қаңтардан бастап құқықтық тәртіп әскерлерінде өткенді еске алуға және патриотизмді тәрбиелеуге бағытталған «Жеңіске 100 күн қалғанда» ауқымды акциясы өтуде, деп хабарлайды DKnews.kz.
20 наурызда, жарты жол еңсерілді - 9 мамырға дейін 50 күн қалды, ұландықтар белсенді жұмысты жалғастырып, оған оқушыларды, ардагерлер мен азаматтық қоғамды тартуда.
Ұлттық ұланның әскери қызметшілері оқушылармен кездесулер өткізіп, батырлардың ерлігі мен әскери қызметтің маңыздылығы туралы баяндады. Мысалы, 37-ші мектепте олар оқушылармен кездесіп, батырларымыздың ерлік үлгілері туралы әңгімелерімен бөлісті және балалардың сұрақтарына жауап берді. Бұл кездесулер өскелең ұрпаққа патриотизм мен әскери борыштың маңыздылығын түсінуге көмектеседі.
Ардагерлерге ерекше көңіл бөлінді. Ұландықтар майдангерлерге үнемі барып, оларға көмек көрсетті, олардың ерлігі мен батырлығы үшін алғыс білдірді. Бұдан бөлек республика бойынша салтанатты гүл қою рәсімдері, естелік акциялар және батырлармен жеке кездесулер өтуде. Атап айтқанда, әскери қызметшілердің Әлия Молдағұлованың ерлігіне арналған «Әлия» театрландырылған спектакліне қатысуы жарқын оқиға болды.
Сонымен қатар, Жеңіс шеруіне белсенді дайындық жүріп жатыр. Әскери қызметшілер Ұлттық ұланды жылдың басты оқиғаларының бірінде лайықты көрсету үшін саптық машықтарын жетілдіруде. Сондай-ақ, ҚР күш құрылымдарының құрама оркестрі құрамындағы әскери қызметшілер Астанадағы Жеңіс шеруін музыкалық сүйемелдейтін болады.
Бұдан басқа әскери-патриоттық акция азаматтық қоғамды да қамтиды. Қоғамдық орындар мен сауда орталықтарында концерттер, көрмелер мен интерактивті іс-шаралар өтіп жатыр, азаматтар тарихтан сусындап, қазақстандықтардың батырлығы мен халық бірлігінің күші туралы көбірек біле алады.
«Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясының әрбір күні бізді ұлы күнге жақындатып, тарихи ерлікті еске түсіреді. Ұландықтар осы маңызды міндетті жалғастырып, жастарға және қоғамға батырларды еске алуға мүмкіндік сыйлайды.