ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи мұражайының "Көне заман-ХІХ ғасыр" залында жауынгерлік қару түрлері туралы "Бес қару" атты дәріс-көрме өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Дәрісті елордадағы техникалық колледж студенттері мен Ақмол кентіндегі 44813 әскери бөлімінің мерзімді қызмет сарбаздары үшін эксперименталды археолог блогер Нұрқожа Ерсайын өткізді.
Жас тарихшы Н. Ерсайын XV-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы жауынгерлерінің түрлі қару түрлері туралы егжей-тегжейлі айтты. Ол қазақ батырларының "Бес қару" қару-жарақ кешеніне кеңірек тоқталды.
– Қазақта "Ер қаруы – бес қару" деген сөз бар. Жауынгер оған ие болуы керек. Бұл – найза, садақ, қылыш, шоқпар, айбалта.
Бұрынғы кезде қарудың бір түрін пайдалануды өте шебер меңгерген жауынгерлерді бір топқа біріктіріп, арнаулы садақшылар, найзагерлер, семсершілер қосындары бөлек-бөлек құрылып, оларды қажетіне қарай қолдану әдісі соғыс тактикасын анықтаған, – деді Н. Ерсайын.
Бес қару қасиетті саналған. Оған байланысты көптеген дәстүрлер бар.
- Батырлар тек әскери істермен айналысқан. Ұрыста өлу - олар үшін мәртебе. Жауынгер отбасында дүниеге келген бала әкесінің ісін жалғастыруға міндетті болған. Батырлар өз жерін сыртқы жаудан қорғап, ішкі тәртіпті сақтаған, – деп қорытындылады дәріскер.
Нұрқожа Ерсайын Қазақ батырлары қолданған атыс қаруының алғашқы түрлері туралы да қысқаша айтып берді. Іс-шараны әскери мұражайда өткізудің арқасында тыңдаушыларға өткен ғасырлардағы жауынгерлердің қарулары туралы біліп қана қоймай, олардың ежелгі үлгілерін көруге де мүмкіндік берілді.