Армияның орталық спорт клубында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған күштік құрылымдар арасында самбодан чемпионат өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Турнирдің құрметті қонақтары қатарында Халық қаһарманы генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, ҚР Парламентінің депутаттары, күш құрылымдарының басшылары және белгілі спортшылар болды.
Сіздерді Армияның орталық спорт клубында көргеніме қуаныштымын. Спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті ретінде біз бейінді министрлікпен бірлесіп самбоны дамыту жүйесін жетілдіру және оны өңірлерде қаржыландыруды ұлғайту үшін қадамдар жасап жатқанымызды атап өткім келеді. Спорттың осы түрімен жаппай қамту үшін балалар мен жасөспірімдерге арналған самбо секцияларын ашамыз Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов федерация қызметінің бағытын нақтылай түсіп
Чемпионатқа Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық ұланның, Шекара қызметінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, өзге де құрылымдардан 26 командадан 140-тан астам спортшы қатысты. Татами шеберлері жеті салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.
Чемпионат қорытындысы бойынша командалық есепте Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубы құрамасы Ұлттық ұлан мен Арнайы операциялар күштерінен басым түсіп, жеңіске жетті.
58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеке есепте Айбек Қалимов (Десанттық-шабуылдау әскерлері), 64 келіге дейін – Жандос Бейсенбаев (Арнайы операциялар күштері), 71 келіге дейін – Арнұр Қуатай (АОСК), 79 келіге дейін – Санжар Нұрсейіт (АОСК), 88 келіге дейін – Азат Қуанов (Ұлттық ұлан), 98 келіге дейін – Болат Сапар (Ұлттық ұлан), 98 келіден жоғары – Әділ Оразбаев (АОСК) чемпион атанды.
Жарыс алдындағы іс-шарада қатысушылар үшін шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Қазақ күресінен әлем чемпионы капитан Ғұмар Қырғызбаев, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы қатардағы жауынгер Жұмажан Қожамбеков, самбодан әлем чемпионы қатардағы жауынгер Есентай Имаханов және самбодан әлем чемпионатының жүлдегері сержант Арнұр Қуатай аудару, партерде ұстау және тепе-теңдіктен шығару элементтері бар техникалық әдістерді көрсетті.
Айта кету керек, қазақ күресінен жарыс 30 наурызда басталады. Бұл осы жылдың 12-16 тамызы аралығында Астанада әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен өтетін әлем чемпионатына Қазақстан командасын қалыптастыру үшін іріктеу кезеңдерінің бірі болмақ.