ТЖМ басшысы ШҚО құтқарушыларына жаңа техника мен қызметтік тұрғын үй табыс етті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов құтқарушыларға жаңа мамандандырылған автомобильдер мен қызметтік пәтерлердің кілттерін табыс етті. Салтанатты рәсім облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен азаматтық қорғау органдарының ардагерлерінің қатысуымен Өскемен қаласының орталық алаңында өтті.
Тарихта алғаш рет ТЖ аумақтық бөлімшесі техниканың рекордтық санын алды. Автопаркке өтімділігі жоғары өрт сөндіру автомобильдері, жедел-құтқару және көмекші машиналар келіп түсті. Жаңа техника бөлімшелердің ұтқырлығын едәуір арттырып, өңірдің күрделі рельефі мен климаты жағдайында төтенше жағдайларға тиімдірек ден қоюға мүмкіндік береді.
«Қуатты, техникалық жағынан жарақтандырылған құтқарушы-бұл мемлекетке сенімді тірек, әрбір қазақстандық үшін қорғаныш. Біз автопаркті жаңартып қана қоймай, азаматтық қорғау жүйесінің әлеуетін нығайтып, тұрақты болашақтың негізін қалаймыз», — деп министр атап өтті.
Сапар аясында гарнизон қызметкерлеріне жаңа қызметтік пәтерлердің кілттері табысталды. Бұл құтқарушылардың әлеуметтік қорғалуын арттыру жөніндегі мемлекеттік саясаттың маңызды элементі. Ведомство кадрлық әлеуетті, жауынгерлік әзірлікті нығайтуға тікелей әсер ететін жеке құрамның өмір сүру және тұрмыс жағдайларын жақсарту міндеттерін жүйелі түрде іске асырады.
Сонымен қатар ТЖМ басшысы қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін ерекше көзге түскен қызметкерлерге ведомстволық наградалар, алғыс хаттар және арнаулы атақтар табыс етті.
ТЖМ азаматтық қорғау күштерінің дайындығы мен орнықтылығын қамтамасыз етуге басымдық бере отырып, техникалық базаны жаңғырту және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі ауқымды ведомстволық бағдарламаны іске асыруды жалғастыруда.
Құтқарушыларға қамқорлық жасау-бұл елдің қауіпсіздігіне стратегиялық инвестиция.